Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 26.04.2024

Алтынбек пен Жарқын. 1968 жыл. Алматы.

АЛТЫНБЕК  МОДНЫЙ  КИІНЕТІН

Консерваторияда студентпіз. 1968 жыл. Киім дегеннен Жапоннан жеткен «Балон-плащ» деген моды шықты. Жұп-жұқа, жеп-жеңіл, су өтпейтін не деген керемет киім десіп, таңданатынбыз. Қайдан алғаны белгісіз, осы плащты консерваторияда Алтынбек киіп жүрді. Кәдімгі Алтынбек Қоразбаев. Алтынбек келе жатса иыққа түскен жирен шашын, «Балон плащын»,  сап-сары  бидай жүзін көреміз десіп,   қыздар жағы қыр соңынан қалмайтын.  Атакент қақпасының алаңқайында, Алтынбектің үстіндегі осы «плащты» тарихта қалдырмақ ниетте 1968 жылдың қаңтар айында фотоға түсіріп алдық. Мына бір сурет сол кезден қалған естелік. Арғы жағында көрініп тұрған сол заманның троллейбусы. Әуезов көшесі.

Жарқын Шәкәрім   Алматы. 1968  жыл.

 

Жарқын ШӘКӘРІМ:
«Егемен Қазақстан» газетінің  2004 жылғы, 20  қараша күнгі санына Алтынбек жайлы жазғаным:
Алтынбекті халқының сүйіктісі еткен құдірет әуелі анасының ақ сүтімен бойна біткен таланты, одан соң жылдар бойғы өзінің жеке басының еңбекқорлығы екені даусыз. Қазақтың әуені, сазы, ырғағы күйі музыкалық ұғымның бірлігін танытса, Алтынбектің бойына біткен осылармен қоса «қоңыры». Қоңыр сазы. Оның қай әнін алмаңыз, ешқашан да айғайға салып, асып-тасығанын көрмейсіз. Қазақ болмысына тән қоңыр үнмен шындықты айту, сағынышты жеткізу, күйінуді суреттеу, мұң-зарды толғау, махаббатты қызықтау, соларды адамның ой сезімімен, нәзік иірімімен айшықтау композитор Алтынбектің басты нысаны екенін байқайсыз.
Алтынбек әуелі Алашқа аты шыққан сазгер. Оның әндерінде Кенен шығармаларына тән ойнақылық табы бар. Сонымен қатар, сағыныш сезіміне мелдектеп тұрған ноталар жиынтығы мол. Ол саусағынан бал тамған күйші, тыңдағанның таңдайын қақтырар, басқаға ұқсамайтын өзіне ғана тән ерекше қоңыр дауысты әнші. Айналасын дәстүрлі музыкаға бейімдей алатын, ұйымдастырушылық қасиеті бар қайраткер.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, Алтынбек өз ұлтының туын жоғары көтерген халық өнерпазы. Ол Кенен Әзірбаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің өнер жолдарын пір тұтқан, қазақтың сазгерлік, әншілік дәстүрлі мұрасын кейінгі ұрпаққа жалғастырушылық дәрежесіне жеткізе алған шынайы дарын иесі. Ел ішінде Алтынбек Қоразбаевтың сазгерлік, әншілік, орындаушылық дәстүрі дейтін музыкалық ағым атала бастады. Алтынбек дәстүрі – ол өнер көгіндегі, қазақ музыкасындағы Алтынбектің асуы.
Халқы, жұрты осылай бағалап отырған Алтынбек Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық тұлға.

 

«Егемен Қазақстан» газеті,  2004 жыл, 20  қараша

 

 

 


 

 

 

 

Хостинг от uCoz