Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сәрсенбі, 24.04.2024

«САЛКҮРЕҢ АТТЫҢ ШАБЫСЫ» күйін Сапаржан Баяхметұлы Торсықбайдан үйренгенім жайлы.

Бұл күйді өткен ғасырдың 1960 жылы Қытай елінен, Қазақ еліне өтіп, алғаш әкелген көрнекті домбырашы, күйші Сапаржан Баяхметұлы Торсықбаев. Сапаржан бұрынғы Аягөз ауданына, кәзіргі Үржар ауданына қарайтын Таскескен ауылына келіп қоныстанған соң мектебімізде домбыра үйірмесін ашты. Оқушы балаларға «Салкүрең аттың шабысы», «Ақ арал», «Маңғабыл», «Арнау», «Көктем шуағы», «Көктөбел», «Шағантоғай», «Жалқы жігіт» тәрізді және басқадай да отыздан астам күйлер үйретті. Сапаржаннан үйреніп алған күйлерімді 1964 жылы Қарағанды музыкалық училищесіне барып тартып берген едім Төлеген Тоқтаров деген училище директоры таңданып, мұндай күйлер Кеңестік Қазақстанда бұрын соңды болмағанын айтып, училищеге емтихансыз қабылдап жіберді. Оны 1968 жылы бітіріп Алматыға консерваторияға келген едім Нұрғиса Тілендиев тыңдап көріп керемет күй екен деді. Ал Болат Сарыбаев болса асатаяқпен, оның ұлы Талғат Сарыбаев шаңқобызбен сүйемелдеп Сапаржан Торсықбай үйреткен «Салкүрең аттың шабысы» күйін күйтабаққа және радиоға жаздырды. Сапаржан ағамыз бұл күйді Қытай еліндегі әйгілі Тайыр деген композитордың күйі деп айтып отырушы еді.  Бұл күйді осыдан 48 жыл бұрын 1968 жылы Болат Сарыбаев асатаяқта, оның ұлы Талғат Сарыбаев шаңқобызда және мен қосбұрау домбырада  орындап күйтабаққа жаздырдық. Күйді нотаға түсірген Талғат Сарыбаев.  

 

 Жарқын Шәкәрімнің  қосбұрау домбырада орындалатын  "ҚҰРТҚА ТӘУІП"  деген  күйінің аңызы.

     ХVІІІ – ХХ ғасыр аралығында Жетісу мен Қырғыз еліне кеңінен танылған Құртқа тәуіп деген  көріпкел сәуегей,  шипагер, данагөй  болыпты. Құртқа арабша және парсыша білім алған адам екен. Бір шеті Қытаймен  екінші  шеті Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ресей өңірімен үзбей байланыста болғаны жайлы, тіпті ғылым жолын қуып Петербрға барғандығы жайлы құнды деректер сақталған. Құртқа тәуіп ежелгі Гиппократ, Ибн Сина ілімдеріндегі дәрі түрлерін жасап шипагерлік жолдарын дамытқаны, Тезек төренің баласын емдегені, Қоқандықтармен болған соғыста жаралыларды емдегені, күрделі операция жасағаны тәрізді әрекеттері бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жетті. Және өз заманының ұлттық тұлғасы болғанын дәлелдей түседі.

Бірде Құртқа тәуіп пен Саурық батыр және  Шапыраштының төбе биі Андас үшеуі Сүйінбай ақынға келіп жолығады. Сонда Сүйекең:

Бұл қазақтың бас тәуібі Құртқа болар,  

Андастың асыл сөзі нұсқа болар,    

Адамнан асып туған Саурық батыр,       

Қырғыз бенен қазаққа тұтқа болар,     -деген екен.

Міне осылар жайлы белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы «Құртқа тәуіп» деген кітап жазды.

«Құртқа тәуіптің даңқымен байланысты аңыз-әңгімелердің дені бабамыздың бүкіл саналы ғұмыры ізгілікке негізделгенін баяндайды», деп жазған екен жазушы Нағашыбек Қаплбекұлы өзінің кітабында. Одан әрі «136 жыл өмір сүрген әулие айналасына жақсылықтың нұрын шашқан, небір ауруларды емдеп жазған, шипалы дәрілерді пайдаланып, емшіліктің құпия сырларын ашқан. Сондықтан да болар, оған Құдайдан бұйырған қасиетті мойындаған ел «Құртқа тәуіп – жұртқа тәуіп» деген сөз қалдырған», деп ой қорытқан.                                                                                    

Міне осы жайлар мені қатты толғандырыды. Содан, сол заманның көне сарындары ойға оралып, кеудемнен күй боп төгілген.  Әулие, көріпкел, көреген, сәуегей, шипагер адамның,  дана адамның музыкалық болмысын   күй ырғағымен көркемдеп салмақты да салиқалы, ойлы мазмұнмен айшықтадым. Кульминациялық шарықтау биігінде, жоғарғы ноталар үндестігінде еліне жасаған жақсылығы мен қуанышын жігерлі ырғақтармен айшықтадым. «Құртқа тәуіп» күйім Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Күйдің нотасы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2012 жылғы 4 мамыр күнгі санында жарық көрді.

 

Нұрғали Кәдірбекұлының қосбұрау домбырада және шертерде орындалатын күйі   "ҚЫЗ МҰҢЫ".  (Қыз сыңсуы) /Ж.Шәкәрімнің жеке мұрағатынан/.  Орындаған Ж.Шәкәрім. Нотаға түсірген Айбол Құдайберген.

Нұрғали Кәдірбекұлының күйі «Қыз мұңы». Күйдің шығу тарихы төмендегідей.  Дәулетті қазақ байы, әйел үстiне  Бәти деген  жас  кедей  қызын  тоқал етіп  алады. Сөйтсе Бәти қыз ауылындағы жылқышы жiгiтпен сөз байласып қойған екен. Қалың мал алған ата-анасының мәжбірлеуімен қияндағы басқа елге  ұзатылып кете барады. Жат жұртқа барған соң да сүйген теңiн ойлаумен күнін өткiзген қыз, сүйегi қақсаған кәрi шалға оңайшылықпен берiле қоймайды. Күндердiң күнiнде қыстың қақаған бiр аязды кезінде бұл шалдан құтылып сүйгенімді табайын, деп қыз қашады. Сол жоғалғаннан оның өлi денесі сүйегiн көктемде бiр сайдан тауып алып төркiн елiне апарып жерлеген екен. Әйел теңсіздігіне арналған аянышты күй. Бұл күйдің сарынын 1958 жылы Таскескендегі қасапшы-домбырашы Нұрғалидың Байтөлеуінен үйрендім. Содан жылдар өте келе күй деңгейіне жеткізіп  орындап жүрмін. Қасапшы Байтөлеу қария "бұл сарын әкем Нұрғалидыкі" деуші еді. Негізінде бұл күй Нұрғали Кәдірбекұлының күйі. Күй Жарқын Шәкәрімнің  орындауында 1968 жылы теледидардан берілді. Қазақ радиосының алтын қорына жазылды. Нотасы кітап бетінде жарқ көрді.    

 Нұрғали Кәдірбекұлының күйі  "ЖОРҒА АЮ"   /Ж.Шәкәрімнің жеке мұрағатынан/. Орындаған Ж.Шәкәрім. Нотаға түсірген А.Құдайберген.

«Бұл оқиға ертеде Тарбағатай өңірінде болыпты. Аңға шыққан мерген өзімен бірге еріп жүрген баласынан көз жазып қалады. Сөйтсе, Керегетас дейтін тау жықпылындағы үңгірден ойда жоқта шыққан аюды көрген баласы шошынып айқайлайды. Мерген садақ оғы жетерліктей жерден көздеп аюды атады. Оқ тиген аю тауды бөктерлей қашады. Сондағы аттың жорғасындай былпыңдап қашқан аюды бейнелеп шығарылған, шертерде орындалатын күй. Аңыздың тағы бір варианты: Таудың тарлан тағысы аю бірде баласын ертіп етекке түседі. Етекте күркіреп ағып жатқан ақ жал толқынды өзен бар екен. Аюдың қонжығы өзен ағысын қызықтап жарқабақтан қарап тұрғанда құлап кетіпті. Арыны қатты тау суы қорбаңдаған қонжықты жаңқа құрлы көрмей, қақпақылдап ала жөнеледі. Көз алдында ақ көбікпен араласып, бір батып, бір шығып ағып бара жатқан баласын қимай аю жанталасады. Құтқаратын дәрмені жоқ, су ішінде қараңдаған баласынан көз алмай жар жағалап жүгіре береді. Бауырын бұтақ жырып, табанын тас тіледі. Бірақ, баласына деген аналық сезімі сүлдерін сүйрелеп, қонжығынан қалыспай жүгіре береді. Осы бір жағдайды көзі көрген күйші домбыра мен сыбызғығы күй етіп салған екен. Мынау сондағы аюдың жорғалай балпандап жүгіргендегісі екен дейді»  Бұл күйдің сарынын 1958 жылы Таскескендегі үш ішекті қосбұрау домбырада орындаушы,  ауыл қасапшысы Нұрғалидың Байтөлеуінен үйрендім. Күй сарынын Байтөлеу қария әкем Нұрғалидың сарыны деп отыратын. Байтөлеу қария үйреткен қысқа сарындарды жылдар бойы жетілдіре келе күй деңгейіне жеткізіп, күйші әрі аңшы Нұрғалидың сарыны "Жорға аю" деп, орындап жүрмін. Қазақ радиосының алтын қорына жаздырғамын. Менің орындауымда магниттәк таспасы сақтаулы тұр. Нотасы жарық көрді.

Жарқын Шәкәрімнің күйі "ТОЛҒАУ" /Ж.Шәкерімнің жеке мұрағатынан/.  Орындаған Ж.Шәкерім. Нотаға түсірген А.Құдайберген. Бұл күйді Жарқын Шәкәрім Байтөлеу Нұрғлиұлының әңгімелеп берген аңызы бойынша тебірене отырып 1968-70 жылдарда консерваторияда оқып жүрген студент кезінде шығарған.   Күй аңызын 1958 жылы Семей облысы, Аягөз ауданы, Таскескен ауылының тұрғыны, домбырашы Байтөлеу Нұрғалиұлы Ж.Шәкерімге былайша әңгiмелеген болатын: «Шыңғыстау бөктерiндегi Байтоқа би ауылындағы бiр сауық-думанда Сапар деген өнерпаз жiгiт Балғайша деген қызбен күй қағыстырады. Сол сайыста қыз бен жiгiт қырық түрлi күй тартып бірін бірі жеңе алмайды. Қырық бiрiншi күйге жеткенде қыз жiгiт тартқан күйге домбыраға қосып шаңқобыз аспабын да ырғаққа салып келтiредi. Сонда ғана жiгiт қыз тапқырлығына риза болып инабаттылығын мойындайды. Бұл қыз күйi “Толғау” деген атпен елге тарайды. Жарқын Шәкәрім бұл күйді кей кездері “Ой толғау” деген атпен де орындап жүр.    

 

Халық күйі   "КӨК ТӨБЕЛ".  /Ж.Шәкерімнің жеке мұрағатынан/. Орындаған Ж.Шәкерім. Нотаға түсірген А.Құдайбергенов. Көктөбел аттың желiсiн бейнелейді. Бұл күйдi де 1964 жылы Қазақстанға алғаш алып келiп орындап берген Сапаржан Торсықбаев болды. Күйдiң атауы айтып тұрғандай жылқы малының адмға жақындығы, адамның жануарға деген сүйiспеншiлiгiн айшықтайтын орташа екпiндегi, ойға қонымды, құлаққа жағымды күй.

 

 Нұрғали Кәдірбекұлының күйі  - "КӨК ҚАРШЫҒА"

/Ж.Шәкерімнің жеке мұрағатынан/. Авторы  Нұрғали Кәдірбекұлы. Орындаған Ж.Шәкерім. Нотаға түсірген А.Құдайберген. Бұл күйді Жарқын Шәкәрім 1958 жылы Нұрғалидің баласы Байтөлеуден үйренген.

Аңызы: Шыңғыстау жұртымен iргелес жатқан Сыбан елiнiң ХIХ ғасырда ғұмыр кешкен әнші, күйші, аңшы-саятшы, асқан құсбегі әрi темiрден де ағаштан да түйiн түйген шебер һәм сазгер – сегiз қырлы бiр сырлы халық еркесi Нұрғали Кәдірбекұлы деген серi адам өмір сүрген екен. Нұрғалидың түлкi алатын қызыл көз, сұрғылт қаршығасы болыпты. Халық iшiнде жақсы ит пен жақсы құс өлiмiн көрсетпейдi, деген сөз бар емес пе. Сол айтылғандай бiр күні Нұрғалидың көк қаршығасын түлкiге салса, ол аңға оқталып атылудың орнына көк аспанның ұшар биiгiне самғап, содан асқар биiк тауларды, шың-құздарды айналып өзiнiң иесi Нұрғалиды  орай өтiп көк аспанға ұшып ғайып болыпты. Аңдығанын алмай қоймайтын алғыр құсының «Япырмай, құсқа да кәрілік келеді екен-ау, өлiгiн көрсетпейiн дегенi екен», – деп Нұрғали қолындағы үш iшектi домбыраға қосып аңшы құсына деген зарын жеткiзген екен.

 

Жарқын Шәкәрімнің күйі  "АБЫРАЛЫДАҒЫ  АТА ЗАРЫ".  Нотаға түсірген Айбол Құдайберегнов.

80-ші жылдары Семей полигонының дәл ортасы Абыралыға барған болатынмын. Бір үйдің есік алдында қайғылы ақсақалға жолықтым. -Мына, атом дегенің бүкіл ауылды, отбасымды жалмады қарағым. Қураған ағаш болып қалдым, қарағым, деді. Жылай-жылай көз жасы ағып біткен, қуарған ағаштай қарияны ойлай-ойлай осы күйімді арқау еттім. Радионың алтын қорында сақталған. Нотасы кітапта жарық көрген.

 

Жарқын Шәкәрімнің күйі «ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ». Нотаға түсірген Айбол Құдайбергенов.  
«Қаракерей Қабанбай» күйін шығарғаным жайлы жазушы Аманжан Жақыпов өзінің «Хан батыры Қабанбай» деген кітабында төмендегідей баяндаған екен: «Қабанбай әскерлерінде жиырма екi дабылшы тоқпақпен дабыл ұрады. Бұған “Ұран” аспабының үнi қосылады, оған “Алаш… алаш…” деп жер жаңғыртқан қалың қолдың күңіренген айғай, даусы қосылып, майдан маршына айналған. Жеңiспен қайтқан Қабанбай әскері сыбызғы тартып, ән салып, күй шертiп түрлi сауық жасайтын болған. Бұл деректi Жарқын Шәкәрімге Таскескен ауылының тұрғыны, күйшi Байтөлеу Нұрғалиұлы айтқан». (Аманжан Жақыпов «Хан батыр Қабанбай» кітабы. Алматы. «Нұрлы Әлем» баспасы, 2001 жыл, 229 бет). Жарқын Шәкәрім Байтөлеу Нұрғалиұлынан «Қабанбай» күйiнiң қысқа сарынын 1958 жылы үйренген. Нұрғалидан жеткен қысқа күй сарынын жетiлдiре, орындаушылық ерекшелiктерiн шыңдай отырып Жарқын бұл сарынды күй дәрежесiне жеткiзген. Осылайша Қабанбай батырдың шертер мен үш iшектi домбырада орындалатын музыкалық көркемдiк бейнесi сомдалды". Бұл күй автордың өз оындауында «Қара керей Қабанбай» немесе «Қаптал шап» деп аталып та орындалады. Күй автордың өз орындауында Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Нотасы кітапқа еніп жарық көрген.

 

Жарқын Шәкәрімнің күйі «ТАСКЕСКЕН».
Әркімге туған ауылы ыстық. Өткен ғасырдың 1969 жылы "Леніншіл жас" газетіне туған ауылым Таскескеннің көнеден жеткен тас мұралары жайлы мақала жаздым. Әлкей Марғұлан мақаламды оқыған соң "Өз ауылыңның тұнған көне мәдениетін аштың, қалқам", деп батасын беріп, Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының 2 съезіне делегат етіп қатыстырды. Сондағы туған ауылым Таскескенге деген сүйіспеншіліктен туған күйім осы. Бұл күйімді орындағанда туған шешем еске түсе бертін болғандықтын кей сәттерде, "Таскескендегі анамның аманаты" деп те орындаймын. Күйімнің нотысын Айбол Құдайбергенов түсіріп берген. Бұл күй Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Нотасы кітапқа шыққан.

 

Жарқын Шәкәрімнің күйі «ДҮНИЕ КЕЗЕК». ХХ ғасырдың соңғы жылдарында шығарған, өткен өмір белестеріме арналған "Дүние кезек" деген күй. Бұл күй Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Нотасы кітапта басылған.

 

 

 

Хостинг от uCoz