Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сенбі, 20.04.2024

Болат Сарыбаев және Жарқын Шәкәрім. 1971 ж. Дели қаласы.

Әлқисса!

Музыкалық мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, біртуар тұлға, профессор  Болат Сарыбаев жайлы не білеміз? Оның қазақ музыка мәдениетіне адам таңданарлық жаңалық енгізгенін білеміз бе? Әлде біріміз біліп, біріміз білмейміз бе?     Бүгіндері, жұртшылық Б.Сарыбаевты: «ХХ ғасырдың 60–шы  жылдарынан бастап көне музыкалық аспаптарды жаңғыртушы, қанат жайған көне аспаптар ансамбльдерінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш көне аспаптар оркестрін ұйымдастырушы, алғашқы халық музыка аспаптары мұражайының шаңырағын көтеріп, уығын қадаушы, сөйтіп бір өзі бүкіл түркі дүниесінің көне көмбесін ашуға себепкер болған, еліміздің дәстүрлі музыкалық мұрасын ұлттық бағытқа бет бұрғызған, оның жаңаша жаңғыруына жол ашқан адам деседі. Сондықтан да ол кісіні «қазақтың  аспаптану ғылымының атасы», деп те атап жүргендер баршылық. Осы теңеулер ауызекі әңгімелерде айтылып жүргенмен, баспа беттерінде арнайы жазылмағанын да білеміз. Ол кісі жайлы арнайы  жазылған кітаптар, мақалалар, ғылыми еңбектер  бар ма? Рас, музыка зерттеушілерінің түрлі бас қосуларда, ғылыми конференцияларда сөйлеген сөздері, жазылған мақалалары бар екенін білеміз. Бірақ ол қазақтың қалың оқырманына жеткен жоқ қой. Б.Сарыбаевтың бүгінгі ұрпағына арнап жазып қалдырған үш кітабы  бар екенін де білеміз. Олар:

1. Болат Сарыбаев «Казахские музыкальные инструменты». На русском языка. 1*

2.  Болат Сарыбаев «Қазақтың музыкалық аспаптары», Альбом, Қазақ және орыс тілдерінде.  2* 

3.  Болат Сарыбаев «Қазақтың музыкалық аспаптары»  3*

Бұл кітаптары да күні бүгінге дейін қайталанып жарық көрген жоқ.

Алайда ол кісі жайлы айтылып жүрген ел ішіндегі аузекі әңгімелерден оның ғалым ретіндегі биік тұлғасын және ХХ ғасырда жарық жұлдыздай ағып өткенін біле түскендейміз. Ең бастысы, Б.Сарыбаевтың қазақ аспаптану ғылымының тұғыртасын өз қолымен қалаған адам екені жайлы жырдай толғап, аңыздай аңсап айтылатын орта қалыптасты. Бұл орта – Б.Сарыбаев мұрасын қабылдап алған бүгінгі жас ұрпақтың сүйіспеншілік белгісі.     

Жалпы, қазақ музыкасан зертеген Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Мәриям Ахметова, Талиға Бекхожина, Бисенғали Ғизатов, Жиенбек Рсалдин Зейнұр Қоспақов, Тмат Мерғалиев, Ғафура Бисенова, Алма Темірбекова, Зәуре Жанұзакова, Уәли Бекенов, Қайролла Жүзбасов, Бағдәулет Аманов тәрізді  музыка қайраткерерінің еңбектері баршылық. Бүгіндері арамызда жүрген алдыңғы буын ғалымдар  Сара Күзембаева, Алтын Кетегенова, Әсия Мұхамбетова, Болат Қарақұлов тәрізді зерттеушілеріміздің есімдерін де ерекше атауға болады. Осы аталғандар ХХ ғасырда танылған тұлғалар қатарынан саналады. Осы тұрғыдан алғанда, музыка зертеуші ретінде  Б.Сарыбаевтың зерттеген тақырыбы қандай еді, жазған кітаптарынан басқа елге танылған қандай еңбегі бар еді және оның алатын орны қандай еді, деген заңды сұрақ туады.

«Ақырын, ақырын шегініп. Алыстап кетті-ау, құрғұрлар» деп Абай атамыз айтпақшы, жылдар ағымы толассыз жылжуда. Тіпті кейбір жақсы сөздер мен іргелі істер, атқарған еңбектер ұмытылып та барады. Осындайда Б.Сарыбаев айтқан жақсы сөз, ол ойнаған сыбызғы сарыны, ол асқақтатқан көне үндер құлаққа шалынады, бейнесі көзге елестейді.  Өткен өмір елесінен тағы да Б.Сарыбаев тұлғасын іздейміз. Анық ойға келетіні, қазақ музыка мәдениетіндегі аспаптану саласында дәл Б.Сарыбаевтай көне аспаптарды зерттеуші ғалым күні бүгінге дейін танылды деп айта алмаймыз. Алдында атап өткенімдей, жоғарыда аталған үш кітабын да қайталап басып шығару әлі күнге дейін қолға алынбай отыр. Міне, айтар әңгімемізді осыдан бастасақ деп едік.

Сондықтан Болат Сарыбаев жайлы, оның ғалым еңбегін паш ететін кітап жазуды мақсат тұттық. Кітабымызды жарыққа шығарып қолдарыңыза үкілеп ұсынып отырғандағы негізгі себебіміздің бірі де осы. Кітапта Б.Сарыбаев еңбек еткен уақыт астарына үңіле отырып, нақтылы құжаттарға  көз жүгіртеміз. Кітап мазмұнында Б.Сарыбаев зерттеуінің құндылығына тоқтала отырып, оның қазақтың музыкалық аспаптану ғылымының негізін салушы ғұлама ретіндегі қоғамдағы алатын орнын айшықтаймыз. Ол зерттеген 30–астам көне музыкалық аспаптардың бірі – үш ішекті домбыра жайлы арнайы тереңірек тоқталатын боламыз. Яғни, қолыңыздағы кітаптың мазмұны әуелі ғалым еңбектерінің ерекшеліктеріне арналады да, одан әрі ол зерттеген үш ішекті домбыра жайлы әңгімеленеді. Ал шындығына келгенде, ол зерттеген әрбір аспап жайлы жеке–жеке кітап, яғни  Б.Сарыбаевтың 30 томдық кітабын шығаруға болар еді.  Дегенмен, бұл жұмысты болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыра тұрайық.

Құрметті сайт оқушылары мен 2014 жылы "Өнер" баспасынан ғұлама ғалым Болат Сарыбаев жайлы "КӨНЕ ДҮНИЕ КҮМБІРІ - МЕЛОДИЙ ДРЕВНОСТИ" деген кітап жазып жарыққа шығардым. Сол кітабымды тауып алып оқысаңыздар көптеген мағлұматқа көздеріңіз жетеді. Болат Сарыбаевтың қазақ халқына жасаған керемет еңбегі жайлы өзім жазған сол кітаптан үзінді келтіре кетейін:

Аспаптар кестесі

Б.Сарыбаев еңбегінің тұғыры – қазақтың музыкалық аспаптарын жіктеу кестесі.

ХХ ғасырдың 1960 жылдарына дейін қолданыста қобыз, домбыра, сыбызға және дауылпаз аспаптары ғана пайдаланылып келсе, Б.Сарыбаев сол  өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап осы аталған аспаптардан басқа да қазақтың отыздан астам түрлі музыкалық аспаптары бар екенін дәлелдеп шықты.  Дәлелдеген, аспаптарын орындалу ерекшеліктеріне байланысты топқа бөліп, кестелеп, жіктеді.

Жіктеу кестесінде – аспаптарды шертіп ойнау, үрлеп ойнау, ұрып ойнау, сілкіп ойнау деген тәрізді түрлерге бөлгендегі жүйе және сол аспаптарда орындау, ойнау ерекшеліктеріне байланысты анықтама, нақтылай айтқанда, музыкалық аспаптардың классификациялық жүйесі көрсетілді.  Бұл аспаптану ғылымы саласында тұңғыш ашылған, музыка мәдениетіміздегі бұрын-соңды болмаған аса ірі таңқаларлық жаңалық еді. 

Нақтылай тұжырымдағанда, музыкалық аспаптарды жіктеу кестесі – ғалым өмірінің зерттеу нысанасы болды, әрі ғылыми жұмысының нәтижесі болды, деп түсінгеніміз орынды. Қазақтың пайдаланудан қалған, ұмытылған музыкалық аспаптарын жаңғыртқандағы еңбегінің жемісі және бүгінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, деп те негіздеуге болады.

Жіктегендегі ғылыми тұжырымын біз басында атаған 1978 жылы орыс тілінде жарыққа шыққан «Казахские музыкальные инструменты» деген кітабына және баспадан 1981 жылы жарық көрген «Қазақтың музыкалық аспаптары»  кітабына жазып, ел назрына ұсынды.

Ғалым жіктеуі – «Сарыбаев кестесі» деген атаумен елге тарады.  Тағы бір тарихи құндылық – Қазақстан аумағында кездесетін музыкалық асапатардың картасын жасады. Бұл карта Б.Сарыбаевтың пәтеріндегі музыкалық аспаптар мұражайындағы кіреберіс қабырғасында ілулі тұрды   Ол еңбегі де - «Сарыбаевтың музыкалық аспаптар картасы» деген атаумен тарихта қалды.

Болат Сарыбаевтың жіктеу кестесінде қазақтың 30-ға тарта музыкалық аспаптарыныі атауы кездеседі. Ол әрбір музыкалық аспаптың дыбыс қатарларын дәлелдеген соң ол аспаптарды жасайтын – күйдіргі от, ішек, тиек, малдың терісі, жез, мыс, балшық, ағаш, қамыс, желім тәрізді заттарды тауып, содан соң ғана аспаптарды жасатуға кірісетін. Нәтижесінде Б.Сарыбаевтың ғылыми еңбегінің арқасында ХХ ғасырда қазақ тыңдармандары бұрын–соңды естіп-көрмеген музыкалық аспаптардың түрін, түсін көруге, үнін естуге мүмкіндік алды. Бұл аспаптар халқымыздың  ата-бабадан жеткен қасиетті музыкалық жәдігеріне айналды.

Осы орайда Б.Сарыбаев өмір сүрген уақыт – ХХ ғасыр қоғамы келбетіне бір сәт көз жүгіртіп көрелікші. Ол кезде жұртшылықтың қолында домбыра мен қобыз және сирек те болса шалғай өңірлерде сыбызғы аспаптары  ғана пайдаланылып келгенін басында айттық.  Есесіне, қазақ ортасына еуропадан жеткен бөгде гитара, скрипка, фортепияно, виоленчель, труба тәрізді музыкалық аспаптар ерекше дамыды. Қазақ сахналарында опералар, симфониялар, камералық музыкалар, хор, балет өнерінің түрлері бой көрсетіп, социалистік қоғам өркендеуінің мәдени шыңына көтерілген, музыкалық білім жүйелерінің еуропалық үлгіде шабыттанған  тұсы  болатын.

1973 жылы «Музыкалық трибуна» деген ұранмен Республикамыздың астанасы Алматыда болып өткен халықаралық басқосуда Қазақтың Мемлекеттік симфониялық оркестрі Еркеғали Рахмадиевтың «Дайрабай» мен «Құдаша – думан» симфониялық күйлерін орындап, қазақ музыкасын аспандатып, әлем жұртшылығын сүйсіндіргенін мына көзіміз көрді.

Опера, симфония, хор, камералық музыка тәрізді еуропадан жеткен музыкалық жанрлар, нақтылай айтқанда, кәсіби музыкамыздың дамуы шырқау биікке көтерілгенімен, ұлттық дәстүрлі музыкамызға ден қою жетіспеді десем, артық айтқандық болмас.  Қазақтың көне музыкалық аспаптары арнайы ғылыми жолмен зерттелінбеді. Тіпті, 1960 жылдарға дейін қазақтың халық оркестрлерінің өзінде домбыра мен қобыздан және сыбызғы мен дауылпаздан басқа  бірде бір көне музыкалық апсап болмады.     

Қобыз – феодализмнен қалған өткеннің сарқыншағы, бақсылардан қалған ескілікті дүние, қоғамға жат жәдігер деп аластатыла бастаған сәтте сол кездегі консерватория ректоры, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Еркеғали Рахмадиев әйгілі қобызшылар Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевты ұстаздық жұмысқа орналастырып, қылқобызды сақтап қалудың, қайтадан жаңғыртудың жолын ашты. Жастайынан қобызшы атанып, елге еленген Сматай Үмбетбаев та консерватория есігінен аттағаны есімізде. Көне музыкалық аспаптардың атауы аталмаса, насихатталмаса, жұртшылық ондайды қайдан білсін. Қазақтың шертер, жетіген, бұғышақ, сазсырнай, үскірік, тәрізді көне музыкалық апаптарының атауын ХХ ғасырдың  қазағы 1960-шы жылдарға дейін естімеген де, білмеген де болатын. Республикалық мерзімді баспасөздерде, газеттерде көне аспаптардың атаулары аталынбаған, әлі зерттелмеген кез болатын.

Сол тұста қазақтың ауыз әдебиеті мұраларын насихаттауға  және дәстүрлі музыка мәдениетімізге де, оның ішінде халықтық және фольклорлық үлгілерге  алғаш рет  көңіл бөліне бастады.

1960 жылдардың орта шенінен бастап республикалық газет-журнал беттерінде профессор Б.Сарыбаев тауып, ғылыми дәлелдеген қазақтың музыкалық аспаптарының атаулары аталып, түрі мен түсі көрсетілген суреттері жариялана бастады. Бұл – елді елең еткізген  тосын әрі таңданарлық жаңалықтар еді. Сондағы Б.Сарыбаев атауларын атап, түрін түстеген  көне музыкалық аспаптардың дені түгелімен қазақтың көне музыкалық аспаптары болып шықты.

Олар:

Жетіген, шертер, асатаяқ, дудыға, қоңырау, үскірік, сазсырнай, қос сырнай, тастауық, қурай-ысқырғыш, үшпілдек, ысқырауық, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней, даңғыра, сылдырмақты қамшы, қоңырау тәрізді тізіле береді. Бұл сөзіміз дәлелді болуы үшін сол жылдары жарыққа шыққан «Социалистік Қазақстан» газетінің 1976 жылдың 18 желтоқсан күнгі санында жарияланған С. Армановтың мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Онда: «Осы салада көп жылдан бері зерттеу, іздестіру жұмыстарын жемісті жүргізіп келе жатқан этнограф-ғалым Болат Сарыбаев  қазақ даласында 24 түрлі аспаптың қолданылғандығын толық дәлелдеп, олардың барлығын да өмірге қайта оралтып отыр» 13* деп, Б.Сарыбаев зерттеген аспаптарды шынайы түрде атап өтті.

Сонымен ХХ ғасырдың орта тұсында қазақ музыка мәдениетінде  Б.Сарыбаев екі ғылыми жаңалық ашты.

Біріншісі: :  Қазақ халқы мен Түркі халықтары музыкалық аспаптарының санын және бітімін танытатын, орындалу ерекшеліктерін айқындайтын жіктеу (классификациялық таблица) – «БОЛАТ САРЫБАЕВ КЕСТЕСІ».      

Екіншісі:   Б.Сарыбаевтың ғылыми жобасына негізделген, көне аспаптар сақталған, аймақтық – «БОЛАТ САРЫБАЕВ КАРТАСЫ».   

Ғалым ашқан осы екі жаңалық аспаптану ғылымының бағдаршамы болып қалыптасты. Ендігі жерде қандай да бір көне аспап табылып, жаңадан жаңғырып жатса, «Болат Сарыбаев» кестесіне тіркелетін болады. Ол музыкалық аспаптың қай өңірде табылғаны «Сарыбаев картасында» белгіленетін болады.

Жарқын ШӘКӘРІМ

   

 

 

 

 

Хостинг от uCoz