Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Бейсенбі, 25.04.2024

Жарқын мен Жәнібек. 1971 жыл.  Алматы.

ЖАРҚЫН ЖӘНІБЕК ЖАЙЛЫ:

Жәнібек ойдың адамы еді. Ойланып сөйлейтін, басқаға ой салатын. Ол көптің бірі емес, жеке дара екенін Алматыға ә деп келгеннен-ақ танытты. Тыңдаушы жұртшылықтың, барша қазақ зиялыларының сүйіктісіне айналып ән салды. Солардан қолы боста бұрынғы балалық әдетпен жанына жақындасып достығымыз жарасатын.

Бір күні «жүр» - деп ерткен жеріне барсам, Ғабиден Мұстафиннің саябағы екен. Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин – үш ұлы тұлға Жәнібекті бозбала көрмей, терезесі тең сөйлесе отырып «преферанс» ойнады. Теледидарда «кадрден тыс ойналатын музыка» деген сөз бар. Мына жерде маған сол рөл  тиді. Үш сағат бойы тапжылмастан өзім білетін жүзге жуық күйлерімді тарттым да отырдым. Күйім біткенде келесісін басынан қайталаймын.  «Карташылардың» демалатын хабаршысындай бөлмеге бірді-екілі кірген шешей: «Тамақ әзір болды, қол шәйіңдер»,- дегенінде ғана Жәнібек маған көңіл бөліп:

Мына жігіт бабамызбен аттас Шәкәрімнің Жақиясының Жарқыны. Жүсіпбек ағамыздың гастрөлдік сапарда өзімен ертіп жүретін әртісі, менің жеке күйшім деп таныстырды да дастарқанға шақырды.

Мұндайда Жәнібек менімен ерекше қалжыңдасып, әзіл-қалжыңын араластыра күле сөйлейтін. Маған:               

«Тарбағатайдың Таскескенінің тасында еркелеп өскен тарлан бала ғой. Жастайынан жабайы алма жеп шыныққан. Өзі сиыр баққан, өзі сері, жүзге тарта түрлі күйлер орындайды,» - деген тәрізді сөздермен мәртебемді көтеретін. «Көкейкесті» мен «Саржайлаудан» соң «Қабанбайдың шабысына», «Сары өзеннің сарқырамасына», «Ақ аралға», «Маңқабылға» бас, - деп әсіресе көне күйлерді жиі орындататын. Бойыма сурет салу мен домбыра тарту қонғанымен, сөзге сараң екенімді Жәнібек о бастан білетін. Осыныма қарай өнерімді көтере түсіп айтқан сөздерімнің кейбірін сынайтын. «Сөзім қор болған қайран Ақтайлақ бидің ұсақталған ұрпағы-ай!»- дейтін.

Аузыма сөз түспей, ернім бүлкілдей бастаса: «Жалмаңдаған жалбағай Жарқынымай, әйел боп тумағаныңа рахымет айтсаңшы»,- деп менің аңғалақтаған түріме қарап, басу айтатын. Осылайша алпысыншы жылдардың орта тұсынан бастап Жәнібек екеуіміздің бозбала шағымыздағы етене дос болған кезеңіміз болды.

Жарқынның бұл жазған сөзі  Тұрсын Жұртбай мен Тоты Байгенқызы құрастырып жарыққа шығарған "Жәнібек" кітабынан алынды. Алматы. "Жалын" баспасы. 2001 жыл. 111 бет.

 

ЖӘНІБЕК ЖАРҚЫН ЖАЙЛЫ:

Жарқын 1947 жылы Аягөз ауданының Таскескен ауылында туған. 1964 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы он бір жылдық мектепті одан соң Қарағанды қаласының музыка училищесін 1968 жылы бітірген. Ұстазы Жәнібек Ермусиннің айтуымен Алматы консерваториясына оқуға түседі.

Тумысында талантты жас өнерге өзгеше бір арманмен келді. Тәттімбет стилімен тартатын күйшілік жолын қуды. Тынысы кең, терең сырлы күйшілердің бірі. Саржйлаудай кең – сырлы әуездің бірден-бір орындаушысы.

1971 жылы Кеңестік Қазақстан өнер шеберлерімен бірге Индияға барып өнер көрсетіп қайтты. Мұхитов, Тастанов секілді өнер қайраткерлерінен сабақ алды. Спектакльдерде ойнап образдар жасаған. Атерлік қабілеті бар. «Арбау», «Зуереш», «Қыз Жібек» спектаклінде ойнаған.

Дәулеткерей, Тәттімбет, Құрманғазы, Дина, Түркеш, Есжан, Абыл, Әшімтай күйлерін тартады.

Делиде өнер көрсеткен жастар делегациясын Қазақ ССС Жастар комитетінің председателі Аман Ақбаев басқарып барған.

Сол сапарында Жарқын,  Гоби деген жас үнді жігітінен «Гата - Рахай», «Биші қыз» деген үнді әнін үйреніп, концерттерде орындағандығын айтты және  бұл талпынысының екі елмен шексіз достығымыздың бір түйіріндей ерекше әсер еткендігін айтты.

Күй тартып отырғанда Жарқын  өзгеше толғаныста отырады. Өйткені оның жүрек қылы домбыраның қос ішегімен шертілетін өзгеше үнді сырлы жүрек.

Жәнібек Кәрменов. «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» кітабы. 2002 жыл. «Фолиант» баспасы, 93 бет.

 

 

Әшірбек пен Жарқын.  2007 жыл.  Алматы.

ӘШІРБЕК ЖАРҚЫН ЖАЙЛЫ:

« - Жарқын – келген бетте өзінің өнердегі орнын дұрыс пайымдай білген, өнердегі позициясын мұқияттап алған азамат. Ол орындаушыдық өнерімен қатар, сол студенттік жылдары –ақ фольклорлық кабинеттен шықпай, зерттеушілік жұмыстарға бет бұрды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, көне күйлер мен әндерді үйреніп, насихаттап жүретін. Отырса да, тұрса да айттатыны күй – тағдыры, күй тарихы, өнер мәртебесі. Домбыраның екі ішегін бірнеше ішекке жеткізген – осы Жарқын. Ішек таппаса, домбыра үнсіз қалмас үшін өз ішегін де тағып бергісі келіп тұрады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Мәскеуде Луначарскийдің шақыруымен ән салғандағы, ұрпағына жетпей қалған үнін естіртті. Қазақ әуезінің пірі Нұрғиса туралы Дариға Тілендікелінімен бірге кітап жазды. Бұл – қазақтың руханиятына қосылған үлес емей немене?!»

«Алматы ақшамы» газеті, 2007 жыл, 12 маусым

 

ЖАРҚЫН ӘШІРБЕК ЖАЙЛЫ:

Әшірбек екеуіміз Құрманғазы атындағы консерваторияда қатарлас оқыдық. Ол актерлік факультетте, ал мен халық аспаптары факультетінде. Факультеттеріміз екі бөлек болғанымен, екеуіміздің  басымызды күнделікті қосатын керемет бір жақындастық болды. Ол жазушылық жақындастық еді. Консерваторияның Абай даңғылындағы, 56 үйдегі жатақханасының кіреберісінде келімді-кетімді адамдар тізе бүгіп демалатын, студенттерге арналған бөлме-фое болды. Сол фоеде  сағат тілі  түн ортасынан ауып, 24 сағатты соққанда, студенттер ұйқыға кетті ау, тыныштық орнады ау деген сәтте, ол өз бөлмесінен мен өз бөлмемнен ақырын ғана  шығып, аяқтың ұшымен мысықжүрістеніп, бұқпантайлап сол фоеге келеміз. Осы жерде екеуіміздің басымыз күнделікті қосылады. Қосылғанда, екеуіміз қарама-қарсы екі бұрыштағы журнал столына отыра қалып жазысамыз. Жазғанда ол ол өзінше театр жайлы жазады. Ал мен болсам өзімше қазақ музыкасы жайлы жазамын. Мақаламызды  жазып біткенше таң да қылаң бере бастайды. Ұйқы деген жоқ. Шаршау дегенді білмейміз. Ертеңінде консерваториядағы оқуымыздың арасында,  екеуіміз екі жақтап газет-журнал редакцияларына жүгіреміз де жүреміз. Сол бір жалындаған студент кезіміздің өзінде мақалаларымыз Республикалық газеттерде бірінен соң бірі үзбей жарияланып жатты. Осылайша Әшірбек екеуіміз қылшылдаған жастық шағымызда консерваторияның жақсы мағнасындағы жазғыш студенттері атанғанбыз.

 

 

Базарәлі мен Жарқын. 2006 жыл. Санкт-Петербор қаласы.

Базарәлі  жүрегі баладай,  көңілі кең даладай,  ақжарқын жан еді.

2010 жылы Базарәлі Муптекенің «Жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілік дәстүрі» атты өнертану ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясына тілекші болып жазғаным:   

Халқымыздың күйшілік дәстүрі – асыл мұрамыз. Күйшілік өнер әр өңірде әртүрлі үлгімен дамығаны белгілі. Тамыры тереңге жайылған бәйтеректей өніп өсті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Бұл орайда әр өңірдің күйшілік дәстүріне ден қойған еуропалықтарды алдымен атай кету жөн тәрізді. Мәселен Савичевтың Құрманғазыны көзімен көріп күйлерін тыңдағаны жөнінде жазғаны, Янушкевичтің Тәттәмбетті көріп есімін кітабына кіргізуі, Дәулеткерейді Ақ Патша фотографының суретке түсіруі немесе одан бергі Кеңес заманындағы А.Затаевичтің ел ішіндегі күйлерді жинап нотаға түсіруі  -  дәстүрлі күйшілік өнерімізді зерттеуге жол салды. Одан бергі уақыттарда да күйшілік өнерімізді зерттеуге және насихаттауға ат салысқан азаматтар аз болған жоқ.  Оларды жазушылар мен әдебиетшілер және музыка мамандығын игерген  зерттеушілер деп екі топқа бөлуге болады. Мәселен Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Амантай Сатаев, Төлеген Тоқбергенов, Рахманқұл Бердібаев тәрізді басқадай да жазушылардың күй және күйшілер жайлы жазған шығармалары халыққа кеңінен тарады. Күйшілер жайлы тың деректер тауып, күйлерді тізімдеп, аңыздарын жинап кітап етіп шығарған Филология ғылымдарының докторы, профессор  Ақселеу Сейдімбектің еңбектерін де осы орайда атауға болады.     Ал нақтылы музыкалық маман зерттеушілер, әрина академик Ахмет Жұбановтан бастау алады. Одан бергі уақыттарда дүниеден өткен Болат Сарыбаев, Петр Аравин, Қайролла Жүзбасов, Бағдәулет Аманов, Бисенғали Ғизатов, Уәли Бекенов тәрізді ғалымдардың еңбектері де күні бүгінге дейін ел жадында. Алайда осы аталған ғалымдардың Жетісу күйшілік дәстүрін арнайы зерттеген бірде-біреуі болған жоқ.  Ол заманда зерттеушілер назарында Байсерке, Хатшыбай, Тіленді, Шаштай тәрізді баспасөз беттерінде танылған бірді-екілі Жетісудан шыққан күйшілердің есімдері болмаса, «Жетісу күйлері», «Жетісу күйшілері» деген кең өрісті зерттеу ұғымы тіпті де туындалған емес.

Міне, алдымызда Базарәлі Жұмағұлұлы Мүптекенің  өнертану ғылымдарының кандидаты ғылыми дәржесін қорғау жөніндегі «Жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілік дәстүр» деген диссертациялық авторефераты  жатыр.

Автореферат алғашқы беттерінен ақ  жаңашылдығымен қызықтырды. Неге десеңіз жас ғалым қазақ музыкасын зерттеу саласында бұрын-соңды  кездеспеген тың сүрлеу соқпаққа түскен. Базарәлінің зерттеуі бойынша түсінгеніміз жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілік дәстүр де Алтайдан Атырауға дейінгі аралықтағы Қазақ елі кеңістігінің рухани қазынасы, музыка байлығы. Бұл өңірдің де дәстүрлі жолы Тәуелсіздігіміздің тұғырлы рухына қосылатын үлес болмақ. Олай болса неге ғылыми тұрғымен зерттемеске деген ой туғызып, оқырмандарын өзіне тартып,  жетектеп,  қанаттандырады. Базаралының еңбегіне үш түрлі қисыннан қарап, оның тер төге еңбектенгеніне  көз жеткізуге болады.

Бірінші:  Жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілердің есімдерін танытқан.

Екінші:    Күйшілердің күйлерінің аңыздарына сүйене отырып тарихи мазмұнын ашқан. Әр күйшінің күйді ойнау, орындау мәнерін талдаған.  Күйлерді нотаға түсіре отырып музыкалық, ноталық үлгіде теориялық негізбен зерттеген.  Күйлердің жанрлық сипатын айшықтаған. Жетісу күйлерінің ырғақтық желісінің және сарындық үнділігінің ерекше қасиеттерін түсіндіре алған.

Үшінші:  Рефератты оқи отырып тағы бір түсінгеніміз, жас ғалым Жетісудың оңтүстік шығысына жылдар бойы сапарлай жүріп, бұрынғы өткен күйшілер жайлы тың мәліметтер жинап, олардың ұрпақтарын көзімен көріп, домбырада ойнағандарын тыңдап, күйлерін нотаға түсіріп, қажымай, талмай еңбектенгені  байқалады.    

Мен Базарәлі Жұмағұлұлының осы диссертациялық  авторефератын мәдени өміріміздегі тыңнан түрен салған монографиялық  еңбек деп санаймын. Ұлы Хан – Тәңірінің ар жақ, бер жағының тұрмыс-тіршілігін кезінде Шоқан ғана зерттей алған. Базарәлінің де еңбегі осы асқар шыңның арғы, бергі жағындағы қалың елдің, ежелгі абыздар елінің, кешегі Мұқағали елінің, табиғат аясындағы күй құдіретінің күңгір күмбезінің күмбірі тәрізді әсер береді. Бұл сөз жоқ қазақ музыкасының ірі табысы әрі жаңалығы болмақ. Қазақтың этномузыка мәдениетіне, классикалық күйшілік өнеріне, күйшілік дәстүріне қосылған елеулі үлес, «актуальды» еңбек болып табылады. Жас ғалым кандидаттық диссертацияны қорғап қана қоймайтынына, Хан –Тәңірідей Ұлы шыңның биігіне одан әрі де өрлей беретініне,  көтеріле беретініне, беттей беретініне сенімдімін.

Алла,  нәсібін берсін деп тілек білдіремін!    Жарқын ШӘКӘРІМ    01.01.10   Алматы

 

 

Хостинг от uCoz