Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сенбі, 20.04.2024
Басты бет » 2016 » Маусым » 18 » Ас – Тана астарында не сыр бар?
22:27
Ас – Тана астарында не сыр бар?

Жарқын ШӘКӘРІМ

Таза, мінсіз асыл сөз. Ой түбінде жатады. 

Ас-Тана жайлы тереңнен тебіреніп жазған мақаламды оқи отырыңыздар.

 

Ас – Тана астарында не сыр бар?

 

VІІІ ғасырда бой көтерген Хазар қағанатының патшасы Иосиф испан еврейі Хасдай ибн Шафрут дегенге жазған хатында: «Еділ өзенінің батысынан Қара теңізге дейінгі аралықтағы Тана деген елдің халқы (Дон өзенінің төменгі ағысы), арғысы Қырымнан солтүстіктегі Юз (Түрікше «Узу» - Днепр) елді мекендерінің жұрты маған алым-салық төлеп тұрады. Бұл өзі төрт айлық жүретін жол бойындағы құмдай ығысқан көп халық» деп жазған.

ХІV ғасырдағы арабтың саяхатшы-көпесі Ибн Баттут 1325 жылы Александрия қаласыныан шығып, Ніл өзенін бойлай жүреді. Қара теңіз арқылы Қырымға жетеді. Одан әрі Еділдің төменгі ағысына жетеді. Ибн Баттуттың күнделігінде осы сапарында 1333 жылы Алтын Орданың астанасы Сарай-Беркеде Өзбек ханның қабылдауында болғанын жазады. Саяхатшы одан әрі Тана қаласына жеткендігі жайлы қызықтай әңгімелеген. Жүріп өткен жолының із картасын түсірген.

Тана қаласы. Тана жұрты жайлы деректер біздің жыл санауымыздан бұрынғы дәуірде де кездеседі. Б.ж.с. бұрынғы ІV ғасырда Пифей деген Грек саяхатшысы Қара теңізден өтіп, қайтар жолында теңіз жағалауын жаяу аралаған. Ол өз күнделігінде Тана жұртын Танаид деп жазған.

Көне Грек саяхатшыларының атасы саналатын Геродот та Тана жұртын көзімен көрген. Ол Тана өзені жайлы жазғанда оған ис жалғаулығын қосып, Танаис деп жазған. Геродот сол еңбегінде Танаис өзенінің бергі жағын скифтер, арғы жағын сарматтар мекендейді деп атап өткен.

Сол тұстағы Гректің Пимен деген тағы бір саяхатшысы: «Халқы құмдай жылжыған татарлар (бұл жерде татарлар, деп түрік тайпаларын айтқан – Ж.Ш.)» бойымызға қорқыныш билетті. Жағада қыруар мал, қыруар адамдар бойлай көрініп отырды. Бойымызды үрей биледі. Алайда бұл қорқынышымыз бекер болып шықты. Олар бізге тиіскен жоқ. Осылайша Азау теңізіне жеттік». – дейді. Сонда Пимен Тана өзенімен жүзіп өткен еді.

Біздің жыл санауымыздың басындағы ІІ ғасырда Александрия қаласынан шыққан Грек саяхатшысы Клавдия Птоломей жазбаларында Тана жұрты мен өзеніне Геродот тәрізді ис жалғауын қосып, Танаис, деген атау жазып, бұл жұртта сарматтар тұрады деп жазған.

Сонымен, Тана жұрты жайлы алғашқы келген ой Тана өзені Азау теңізіне құятын бүгінгі Дон өзені екені, Тана қаласының орны кәзіргі Дондағы Ростов қаласы екенін байқаймыз. Бұл өңірге сапар шеккен көне грек, араб саяхатшылары жазуларына сүйенсек, таналар жұрты антикалық гректерден де, Византиялық православиялық гректерден де бөлек жұрт, елді-мекен болғанын байқаймыз.

Сарматтар Иран тілдес халықтар тобына жататыны, олардың Түрік тайпаларымен қоныстас болғаны тарихтан белгілі. Б.з.б. Дон өзенінің Азау теңізіне құяр төменгі сағасында сарматтар мен Түрік тайпалары мекендегенін орыс тарихшысы В.Мавродин өзінің «Древняя Русь» деген кітабында айшықтап жазған болатын.

Бұл өңірде Иран тілдес тайпалар мен Түрік тайпаларының тарихи іздері, әсіресе жер-су және елді мекен атауларында жақсы сақталған. Мысалы, Тана теңізі (Азау), Тана өзені (Дон), Тана қаласы түріктің Тана тайпасының негізгі қонысы болғандықтан, бұл өңірдегі жер, су, тау, қала, теңіз – бәрі де ортақ Тана атауымен аталған деп тұжырымдау қисынға келеді.  Ал «Дон» деген сөз Осетин тілінде «су» деген ұғымды білдіреді екен. Кәдімгі өзен суы. Осетиндер Иран тілдестер тобына жататыны және олардың ататектерінде Сарматтарға қатыстылығы бар екені белгілі.

Яғни, Тана өзенінің Дон аталынып, өзгеруіне себепкер болған гректер де. славяндар да емес, Иран тілдес Сарматтар ұрпағының қатысы болғандығы айқындалады. Сарматтардың языг, роксолан, сирак, аорс, алан тәрізді тайпалары болған. Осылардың ішінде түріктермен көршілес қоныс отырғаны да, жауласқаны да, бітімдескені де Алан атты атышулы тайпасы бар.

Рим саяхатшыларының жазуында аландар б.з. дейінгі бірінші ғасырда Сырдарияның төменгі ағысынан Арал теңізіне дейінгі, одан әрі Волга өзеніне дейін мекен еткен көшпенді әрі жауынгер халық болғандығы келтірілген. Б.з. басындағы кәзіргі Қазақстан жерінен ғұндардың жаппай өтуіне байланысты аландар батысқа ығысады да, Азау теңізінің шығысындағы тайпалар жұртын ала Кавказ жоталарына дейінгі аралықта қоныстанды. Аландардың екінші рет ауыр соққыға ұшырауы 1220 жылы болды. Бұл туралы Әбілғазының «Түрік шежіресінде»:  «Бұл кезде Дербент жолының бойында қыпшақтар мен аландар отыр еді. Сүбітай баһадүр қыпшақтарға көп сыйлық пен кісі жіберіп: «Сіздер туысымызсыздар,  ал аландар»  -  жат жұрт, сондықтан бізбен бірге болыңдар» - дейді. Қыпшақтар монғолдардың сөзіне еріп, аландардан бөлінді. Қыпшақтың көмегінен айырылған соң аландар монғолға төтеп бере алмады, монғолдар оларды талап, қырып, құл етті» деп жазғаны белгілі. Аландардан қалғанының ендігі қонысы Қазқаздың солтүстік жоталары болды. Бұл өңірде аландармен іргелес түрік тайпаларынан құрылған Косог деген ел болғаны тарихтан белгілі. Косог елінің негізі Шеркеш тайпаларынан құралды. Орыс тарихшысы Н.Карамзиннің зерттеуі бойынша, шеркештер өзін сол кездің өзінде ақ, Қазақпыз, Қазақия еліміз деп атайды екен. Ал, Таналар болса, косогтармен іргелес отырған. Хазар патшасы Иосифтің жазған хатындағы «Таналар елі» деуіне қарағанда, теңізі де, тауы да, өзені де, қаласы да Тана атымен аталған жұрт құрамында әртүрлі тайпалар болғаны дау туғызбайды.  Ал, Иран тілдес аландар болса, бұлар да таналармен іргелес отырған, сол елдің қадыр-қасиетін білген, мойындаған жұрт.

Қазақ Совет энциклопедиясында Тана қаласы тұрғындары ішінде түріктер де, аландар да бар екені жазылған. Сонда Тана қаласын  түрік тайпалары ғана емес, аландар да өз орталығымыз деп санағандығы айқындалады.

Аландардың Тана қаласында Тана тайпасымен бірлесіп қоныс тепкен замандағы атауы «Ас» екенін біз білеміз бе? Иә, Аландардың көне атауы  - Ас. Кейбір дерек көздерінде «Яс» делінгені де кездеседі.

Ал, В.В.Радловтың Санкт-Петербург баспасынан 1893 жылы жарыққа шыққан «Опыт словаря Тюркских наречий» деген кітабының І томының 535-ші бетінде,  «Аландардың ертедегі аты – «АС», деп тайға таңба басқандай жазуы бұл ойымызға тапжылтпайтын дәлел бола алады. Олай болса, біздің заманымыздың басында Тана қаласы Ас жұртының да қонысы болған.

Тана  әлемге шығатын сауда жолындағы қақпа тәрізді қала болғандықтан, бұл маңнан ағыл-тегіл өткен әр елдің саудагерлері қаланы жергілікті  екі тайпа тұрғындары атауымен біріктіріп, бұл Орталықты Ас-Тана жұртының қаласы деген. Осылайша ел аузында  Астана атанған.

Ас - Тана жұртын айналып,

Байтағым деп зарланып,

деген сөз осындай орталық, көпшілік, жұрт, деген ұғымнан шықса керек.

Тана қаласы тоғыз жолдың торабында еді. Волгаға, Орта Азияға, Солтүстік Қазқазға, Қытайға,  Дербент арқылы Иран мен Араб елдеріне, жалпы айтқанда, жер әлемінің бар өңіріне бұл қаладан сауда жолдары шыққан. Алыс елдермен айырбас, сауда-саттық жасау астар мен таналар жұртының атын кең дүниеге танытуға себепкер болған.

Саяхатшылар мен ғалымдардың жазған деректеріне сүйенсек, тарихқа көз жүгіртсек, Астана аталуы қай қырынан, қай жағынан болсын осы тұжырымға жетелейді. Ас – Иран тілдес тайпа, Тана – Түрік тайпасы. Астана болып біріккенде, екі елдің этникалық екі түбірлі компонненттен тұратынын білдіреді.

Астана қаласы Иран елінде де бар. Қазақ жерінде де бар. Ақтөбе облысы Қобда ауданы, Қарасу өзені бойында Дешті-Қыпшақ заманынан жеткен Астана деген қаланың орны болған. Осының өзі ақ екі елдің Астана деген атауға бірдей қатыстылығын танытады. Ас түбірі Иран тілдес болғанымен, Тана түбірі Түркі тілдес, оның ішінде Қазаққа тән екені айқын. Мысалы, «Дон» аталған өзеннің бастапқы аты «Тана» болса, оған құятын сағалары Сал, Қара, Сасық, Жорақ-сал, Егорлық, Манаш тәрізді түркі атауларының сақталғаны қайран қалдырады.

Азау теңізінің күнгей шығысы Түркі тайпаларының қоныс мекені болған. Кейін Дешті-Қыпшаққа қараған. Олардың бірден-бірі Кубань жері мен Қазқаз жоталары аралығын мекендеген шеркештер (Косог) «Қазақия» елі болса, екінші бір шоғырланған жері – Азау теңізі жағалауындағы таналар жұрты.  М.Мавродиннің: «Көшпелі Түрік тайпалары ендігі жерде Қара теңіз жағалауының толық қожасы болды» деген ойы Әбілғазының  «Түрік шежіресіндегі»:  «Оғыз ханның заманынан Шыңғыс ханның заманына дейін  Дон, Еділ, Жайық аталатын бұл үш судың жағасында Қыпшақтан өзге ел жоқ еді», деп жазғанымен үндес.

Осы пікірлерді одан әрі өрбіткендей, «Косог» - Қазақия елінің құрамында, сөз жоқ, - деп жазды Мұхамеджан Тынышбаев, - шеркештерден басқа беріш, адай, тана, рамадан, тама, рулары болды, - дей келе – олар «Алшын», «Қазақ» деген атпен бірлескен, - деп түйіндейді. Осылайша, тарихшылардың жазғандарынан Қара теңіз бен Азау теңізі жағалауы Түркі тайпаларының ежелгі мекені болғанын және үстем болағнын тани түсеміз.

Ресей мен Украина жеріндегі Рамадан, Одоев, Черкес, Бирюч тәрізді қалалар мен Уадай, Алтын, Таман тәрізді жер-су атаулары түркі тайпаларының тарихтағы қалдырған іздері екенінде дау жоқ.

Бұл күндері Тана атымен аталатын теңіз де, тау атауы да, қала да, өзен де басқа атауларға өзгертіліп телінген. Тана жұртына әр заманда парсылар мен гректер, монғолдар мен орыстар қыр көрсеткен. Қатарлас жатқан шеркештер елі тәрізді таналар жұртының да бей берекетке түскен заманы да болған. ХІV ғасырға тән көптеген деректерде Тана теңізі мен Тана қаласы Азақ атауына өзгергені белгілі. Кейбір деректерде Өзек және Азау деп те ұшырасады.

Басқа төнген қара бұлт ел тағдырына әсер етпей қойған жоқ. Теңіз жағалауындағы қаптаған қалың Тана Азақ теңізінен де асып, Қара теңіздің аржақ-бержағына қоныс аударуғы мәжбүр болды. Осыман  түріктеріне, Ресей жеріне сіңгендері болды. Еділ, Жайық асып, Каспий маңына шоғырланғандары  Он екі ата Байұлының бірі болып қосылып, басқадай да түрік тайпалары қатарында кейінгі  ХV ғасырда «Қазақ» атанып, Қазақ хандығының құрамына еніп, атақты Жеті баулы Тана ұрпақтары ретінде қанат жайды. ХVІІ ғасырдағы атақты Есім ханның оң қолы, қолбасы болған Жиембет жырау, ХVІІІ ғасырдағы қара қылды қақ жарған шешен Қараман Малайсары би – сол таналар жұртының ұрпақтары. Азау (Тана) қаласында туып өскен Доспанбет жырау (ХV ғасыр):

Азау, Азау дегенің –

Әл-Ғұсман- паша жұрты екен,

Дін-ісләмнің кірті екен,

Азаудың ер Доспанбет ағасы –

Азаудың бір бұрышындай нарты екен!

Деп толғанса, енді бірде:

Айнала бұлақ басы тең,

Азаулының Стамбулдан несі кем.

Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның

Хан ұлына несі жоқ,

Би ұлынан несі кем!

Тәңірінің өзі берген күнінде

Хан ұлынан артық еді менің несібем!

 

деп жырау өзі жайлы сипаттай келе, Азау қаласының Стамбулдан кем түспейтінін, мұндағы жұрттың еркіндігін таныта жырлайды. Жалпы Азақ, Өзек, Азау бір қала атын білдіретін жағрапиялық атаулар болса, Қазақ сөзі Қазқаз алқабы мен Азау жағалауындағы түркі тайпаларында VІ ғасырдан бастап этнотермин  ретінде кездесетінін ғалымдар жоққа шығармайды. Сәкен Сейфуллиннің Қазақ тарихы жайлы жазғанында М.Тынышбаев пен орыс тарихшысы Карамзинге сүйеніп: «1499 жылы «Ордалық қазақтар» және «Азовтық қазақтар»  Олешие поселкесіне келіп алды» деген сөзді келтірген. Сәкен ағамыз бұл жерде қазақты екі бөлек елде барлығын айтып, этникалық термин ретінде білдіріп тұр. Яғни М.Тынышбаевтың «Алшын» деген ел қазақ атанып, Қара теңіз бен Қазқаз тауларының солтүстік жағында болған, кейін ол қазақтар көшіп, Еділдің аяғына келген» деп жазуы – тарихи шындық.

    

Ойымның тобықтай түйінін айтар болсам: «Захияның арғы жағында Панагия бар, Панагиядан ары Қазақия, Қазақияның сырты Қазқаз тауы, одан арғы жағын аландар мекендейді» деп Х ғасырда жазған Византия императоры Константин Багрянародный айтқан деректі сөзді кәзіргі қазаққа жеткізген Байұзақ Албани ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Менің бұған қосарым және өзімше алғашқы адам болып пікір айтарым, аландардың көне атауы – Ас. Мұны Радлов дәлелдегін. Ал, Ас (аландар) жұрты көне Тана қаласында қоныстанған. Бұл қазақ энциклопедиясында бар. Тана – Он екі ата құрамына енген түркі тайпасы.  Ас-Тана жұрты әлімсақтан белгілі және тарихта қоспасыз мөлдір көрінеді. Осы сөзім санаға тоқылар және замандастарыма ой салар деген ниеттемін. Бұл – Астана атауының қалай пайда болғаны жайлы менің өзімше пікірім, өзімше гипотезам. Менің жазғаныма қосып алар ойлар,  немесе жоққа шығарар пікрлер болса оған да ризамын.

Жарқын ШӘКӘРІМ

909 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz