Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сәрсенбі, 24.04.2024
Басты бет » 2017 » Қаңтар » 3 » ЕКІ ТҮРЛІ ҒАСЫР, ЕКІ ТҮРЛІ МАҚАЛА, БІР ТАҚЫРЫП. ҚҰРМАНҒАЗЫ
17:40
ЕКІ ТҮРЛІ ҒАСЫР, ЕКІ ТҮРЛІ МАҚАЛА, БІР ТАҚЫРЫП. ҚҰРМАНҒАЗЫ

Мен Құрманғазы жайлы екі мақала жаздым. Әуелгісі ХХ ғасырдағы Социалистік Кеңес заманында, екіншісі осы Тәуелсіздік заманымызда.

Әуелгісін 1965 жылы 18 жасымда Қарағанды музыкалық училищесінде оқып жүрген студенті кезімде жаздым. Өнерге қанат қаққан алғашқы талпыныспен жазған сол бір мақаламды, 1967 жылы, оқып, көріп беріңіз, деп Алматыға Ахмет Жұбановқа хат жолдадым. Ахмет Жұбанов 1968 жылы дүниеден өтті. Ал менің жазған мақалам белгісіз күйінде қалды. Бәлкім Ахаңның науқасына байланыста болған болар. Ол кісінің жеке мұрағатындағы көптеген сарғайған хаттардың бірі болып табылып қалар. Қулық, сұмдық, арамдық, алдампаздық, көрсеқызарлық, іштарлық дегенді білмейтін кіршіксіз таза,  пәк, аңғал көңілмен жазылған сол бір мақаламның өз қолыммен жазған түпнұсқасы әлі күнге өзімде сақтаулы еді. Мақала мазмұнында сол кездің үрдісіне байланысты байларды ұнатпаған кейіп танытқан, Кеңестік Социалистік жүйенің кереметтігін паш еткен жолдар баршылық. Ескі заманда жазылған мақала болса да Құрманғазының ұлылығын айшықтағаным оқырманға шек келтірмейді.

Екінші мақаланы беріректе, осы өзіміздің Тәуелсіздік тұғырында жазған едім. Бұл мақаланы жазудағы мақсатым да  Құрманғазының күйшілік шыңын әспеттеу болды. Осылайша екі түрлі ғасырда, екі түрлі заманда бір Құрманғазы жайлы екі түрлі мақаламды уақыттарыңыз болса оқи отырарсыздыр.

1965 жылы Құрманғазы жайлы алғашқы мақаламды жазған дәптер мұқабасына өз қолыммен, бозбалалық талаппен, ойымнан салған Құрманғазының суреті.

18 жасымда, Құрманғазы жайлы қаламсаппен жазған жазуларым

1965 жыл. Алғашқы мақала.

ҚҰРМАНҒАЗЫ    

Өткен заманда қазақтың хандық билігінде дүниеге шыр етіп келіпті ол. Кім біледі, сол сәтте болар, ашылған көз төрде тұрған үкілі домбыраға түсіп қолын созуға талпындарған. Анасы мен әкесі шексіз қуанды, үйткені дүниеге адам келді емес пе, оның болашағын күтті, арман етті.

Міне, қазақ халқының мақтанышы, асқан дарын иесі күйші-композитор Құрманғазы Сағырбаев бүгінгі таңда 160 жасқа толып отыр. ХІХ ғасыр Қазақстандағы тап қайшылығының өріс алған кезеңі. Билердің кедей шаруаларды қинауы, Бөкей хандығындағы тарихи Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің тууы. Осынау бір тарлау заманның қыспағында өмір сүрген Құрманғазы да басынан өмірдің сан қилы сатыларын өткізген. Жасында байдың малын баққанда жалғыз серігі, өзі қолдан жасап алған домбырасы еді. Сол домбыраның ғажайып үнін сонда ақ түсіне біліп, жанындай сүйген. Құрманғазы өмірінің ақырына дейін  домбырасын қолынан тастап көрмеген екен. Оның әрбір күйі өмірдің өтіп жатқан белестері мен адамның жан сезімін оята бейнелейтін өрнекке бай туындылар. Құрманғазының өмірінен мәлімет жинап халыққа таратушы академик Ахмет Жұбанов айтқандай «Ақбай» күйінен мысал келтіріп өтейік.  Бөкей ордасында Әубәкір Ақбаев атты старшын болған. Олар кедейлерді үзбей қанаған, Құрманғазының өзін де қуғындаушы сол болады. Яғни халыққа қара бұлт төндіруші есебінде. Міне, осындай бұқараның ауыр халын, оның бай-билерге өшпенділігін Құрманғазы күй басында салмақты бастап, қайғылы өмірді қос ішектің үнімен ғажайып бейнелейді. Енді бір сәт болашақта халық басына күн туатынын, ойындағы арманынының орындалатынына сенгендей қуаныш лебі ескендей болып, күйдің екінші бөлімінде суреттейді. Ақыры бітірер кезеңінде қайта басқы бөлімге әкеліп, зор өшпенділікпен халықтың ызасын кернейді.

Құрманғазының осындай әрбір күлері өзіндік өрнектерге толы, бірі шатты қуанышты би ырғағында жырласа, бірі табиғат сырын шертеді. Қазақтың Сарыарқадай кең даласын өзіндік жігермен, асқан шабытпен кереметтей бейнелейді. Қазақ музыкасын жинаушы әйгілі этнограф А.Затаевич «Серпер» күйіне былайша баға береді.  «Құрманғазы күйлерінің ішіндегі ең күрделілерінің бірі. Құрылысы адам таңданарлық, өте заңды түрде дамыған халықтық  «скерцо», тіпті «кодасы» да бар. Екі дауысты музыканың сирек үлгісі, онда секунда интервалын батыл пайдаланған, сонымен қатар нағыз қазақ музыкасы», деп тұжырым жасаған.  Осындай суреттеуге берген құнды бағаларға қарап Құрманғазының әбден шынығып жеткен дарын иесі екенін айыру оңай.

Бүгінгі күнде Құрманғазы есімін Советтік Отанымыздың әр ауданы дерлік біледі. Құрамныда жетпіс адамы бар Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауында  оның күйлеріне талай рет тіпті шет мемлекеттерде де зор қол соғумен қошамет көрсеткен. Көрші Социалистік Мемлекеттер Монғол және Қытай Халық Республикасындағы қазақтар кәзіргі уақытта Құрманғазының есімін өте жақсы біледі. Үрімжі қаласында өткен халық өнерпаздар сайысының жүлдегері,  домбырашы Торсықбаев Сапаржанмен және Монғолдық домбырашы Кимәделмен бір әңгімелескенімде олар Құрманғазының күйлерін ұнататынын білдірді. Өз елдерінде де оның күйлерін  тартуға дағдыланып, үйренуге құштар болып отырған бірқанша әйгілі домбырашылар бар екендіктерін айтып жылы лебіз білдірген. Құрманғазының күй тарту техникасымен айналысып келген жерлесіміз, домбырашы Жәнібек Ермусиннің есімін атап өткім келеді. Ол Қарағанды музыкалық училищесінде жас талапкерлерді домбыраға тәрбиелейтін педагог те. Өзі ұшырған түлек, Жезділік Қыдырма Ғазизов және ІІ кеурс студенті Игенбеков Тұңғышбайдың алдағы уақытта ойдағы үмітті толық ақтай алатынына сенемін, деген болатын бір сөзінде, ұстаз ағай.

Осы училищеге жақында Алматы консерваториясынан келіп қайтқан бір сапарында доцент Х.Тастанов, шынында да көптеген жас үміткерлердің болашағы зор екенін көріп қуанды.  «Үйреніңдер, музыканы түсіне біліңдер», деп ұстаздық қамқорлықпен қоштасты.

Міне, «Қажымай-талмай, жалықпай жүріңдер!» – дегендегідей алдымызда домбыра мектебінің үлкен жолы сайрап тұр. Ең негізгісі, қазақтың ұлттық музыкасының қатарына қазына болып қосылған Құрманғазының өмірі мен оның күйлерін аянбай үйреніп, түсіне білу. Оның есімі біздердің Ұлы мақтанышымыз.

Шакеримов ЖАРҚЫН

1965 жыл. Қарағанды музыкалық училищесінің студенті

 

ҚҰРМАНҒАЗЫ ЖАЙЛЫ ЕКІНШІ МАҚАЛА

1823 жылы Жәңгір хан таққа отырды. Осы сәтте Қазақтың ұлы күйшісі Қүрманғазы дүнйеге келді.  Жәңгір хан билік жүргізді. Құрманғазы көптің бірі болып ержетті. Екеуінің өмір сүру ортасы бір. Орта сананы қалыптастырады. Жәңгір хан мен Құрманғазыны қалыптастырған қоғам әрі қызық, әрі қиын.

Нақтылы дерек бойынша Ресей империясының екі басты самұрық құс бейнелі мөрімен бекітілген кіші жүздегі атақты Әбілқайыр хан ұрпағы,  Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның баласы Жәңгір қазақтың құжат бойынша бекіген соңғы ханы болды. Кіші жүздің өзі үш бөлікке бөлініп, сүлтандар қолына ауысты. Империя хан етіп бекіткен Жәңгір Еділ мен Жайық арасындағы Самар дейтін аралығында хандық құрған еді. Бұл әкесі Бөкей ханнан қалған елді мекен. Ресей патшасы Павел I рүқсаты бойынша Жайықтың сыртқы бетінен ішкі бетіне 1771 жылы Қытайға үдере көшкен Еділ қалмақтарынан қалған кіші жүз қазақтарының ата мекеніне қоныс аударуы Бөкей хан тұсында болғаны тарихтан аян.

XIX ғасырдың 20 жылдарындағы санақ бойынша 1801 жылғы сол ұлы көште он мың шаңырак, қоныс аударғаны жазылған. Он екі Ата Байұлы ішіндегі Қызылғұрт руынан ғана Себе, Кетембет-Тоқсан, Ерші, Өтепберген, Елеулі, Олжашы тайпаларынан 4125 адамы бар 825 шаңырақ деп көрсетілген онда. Қүрманғазының әкесі Сағырбай құжатта жазылған Қызылғүрт тайпасының Ерші, Өтепберген буынынан тарайды. Сағырбай осы көш-керуеннің бел ортасында болып Нарын құмының Жиделі деген жеріне қоныс аударып келгені анық.

«Бұл тұста Бөкей ордасы дербес хандық ретінде саналғанмен Ресей аппараты үшін Астраханға әкімшілік жолмен бағынатын еді» — деп жазды зерттеуші Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі» деген кітабында. Астрахан әкімшілігі, Орал казачествосы, Орынбор шекара комиссиясы қазақ даласын көздеп, шеңгел салудағы Ресей назарындағы басты аймақтары еді.

Қазақтар үшін Жайықтың арғы-бергі бетіне өту хұқы жөнінде арнайы қүжат шығару, балық аулаудағы қысым және тағы да басқа мәселелер жергілікті халықтың наразылығын туғызды.

Осы ашынудың соңы Исатай мен Махамбет бастаған үлт азаттық көтерілісіне үласты. Исатай оққа үшып, қаза болған 1838 жылы Жәңгір хан 37 жасқа, күйші бала атанған Қүрманғазы 15 жасқа толған еді. Ресейлік Юсупов пен Безбородко деген помещиктердің теңіз жағасын иеленуінен қысым көріп ашынған халық толқуын, Исатай мен Махамбет ерліктерін сол ортада жүріп балауса Қүрманғазы бойына сіңірді. Халық жадында Жәңгірдің XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы өркениетке көтерілу сатыларындағы өрлеуге қосқан үлесі ерекше сақталған. Оның орыс, араб, парсы, неміс тілдерін жетік білуі, резиденция және Хан ордасын көтеріп қала салуы,  дәрігерлік орталық, мектеп ашуы, кітап шығаруы, Қазан университетінің Құрметті мүшесі болуы, Николай-I патшамен кездесуі тәрізді басқадай да көптеген дәлелдер Жәңгірдің бір басының даналығын, даралығын танытса керек. Осы күнгі белең алған «Евразия» деген үғымды Жәңгір хан сол кездің өзінде ақ оймен шешіп, Еуропа елдері мәдениетіне үңілуі, орыс, армян, татар, ноғай, қалмақ, тәрізді қол астындағы этникалық ұлт өкілдерін тең ұстауы, халықтар достығына үлес қосуы таңдандырмай қоймайды. Ханның атадан дарыған осындай қасиеті ел ішіне әсер етпей қоймаған. Оның көрегендік шырағы еліне жарық түсірді де.

«Хан-Базарда болып тұратын домбыра тартыстың қызу арасында жүретін, Бөкей хандығына аты жайылған Ұзақ атты күйші болды», — деп жазған еді академик Ахмет Жұбанов. Мұндағы Хан-Базар дегені 1832 жылы Жөңгір хан ресми түрде рұқсат алып, өз қолымен ашқан Ордадағы 12 үлкен корпустан, 316 дүкеннен тұратын аумақты жәрмеңке еді. Әр жылдың маусым айынан қырқүйектің бел ортасына дейін созылатын, толассыз сауда-айырбас жүретін бүл базарда әншілер мен күйшілер, небір шашасына шаң жұқтырмас жыраулар өнер көрсететін болған. Ал Ұзақ күйші Жайықтың ар жақ, бер жағына, арғысы Маңғыстау аймағына танылған XVII—XVIII ғасырдың күйшілік дәстүрін әбден меңгерген адам еді. Құрманғазының алғашқы ұстазы. Ел аузында сақталған әңгімеде салалы саусақтары мен айнала тыңдаушысын сүйсіндірген бозбала жігітке Үзақ та сүйсінген.

Жәңгір өзі ашқан жәрмеңке думанында Ұзақтың да, Құрманғазының да, тіпті, дәулетті Дәулеткерейдің де күйлерін тыңдап, қызықтаған. Жиналған топ ішінде сол тұста Жәңгір мектебінен тәлім алып жүрген жас шәкірттер, болашақ қазақ зиялылары Мақаш Бекмүхамбетов, Мұхамбет Салық Бабажанов та сол өңірде Құрманғазы күйлерін естіп өскен.

Есейе келе Құрманғазы күйшілер өнерін қызықтап, рухани байлықты игеруге өзі де ден қояды. Татар гармонын, кавказ барабанын, орыс балалайкасын қолына алып көреді, танысады. Сол арқылы өзге ұлттар жөнінде ой түйеді. Осы әсерді оның күйлерінің тақырыбынан да байқауға болады. Мысалы: «Лавочкин», «Перовский марш», «Машина», «Саранжап», «Не кричи, не шуми», «Итог» күйлерінің атаулары сол қоғамның әсерінен туындалса, екіншіден күйшінің композитор ретіндегі жан-жақтылығын, өз заманының жаршысы бола білгенін танытады. Және күйлерінің мазмұн ерекшелігі айқындала түседі. Мысалы, замандастары Дәулеткерей мен Арқадағы Төттімбет күйлері бірыңғай лирикаға, пәлсапалық ойларға құрылса, Құрманғазы күйлерінде мұнымен қатар адам болмысы, ана мейірімі, елге сүйіспеншілік, сайып келгенде, қазақтың рухын паш етер көңіл күйді тануға болады. Бір ғана «Адай» күйін ойға түсіріңізші. Күй атауы Адай руына арналғанымен заты еркіндікті, қайсарлықты, табандылықты жырлайды. Халықты бірлікке жетелейді. Міне, Құрманғазы күйлерінің жеткізер ойы осымен түйінделеді. Басқадай күйші композиторлармен салыстырғанда ерекшеленетін тұсы да оның осындай мазмұн ауқымдылығында деп түсінген орынды.

1845 жылы Жәңгір хан дүниеден өткен соң Ресей әкімшілігі Хан Ордасын басқару үшін «Уақытша Кеңес» дегенді құрды. Нақтырақ айтсақ, бүл әкімшілік «Хан Ордасын басқаратын Уақытша Кеңес» деп аталынды. Осыдан он жыл өткенде 1855 жылы Бөкейлік Дәулеткерей мен Арқадан шыққан Тәттімбет

Александр ІІ патша таққа отыруы құрметіне қазақ өкілдері қатарында сол тойға, Петербургке сапар шегіп, күй тартқаны белгілі. Асылдың сынығы саналатын шен-шекпенділер ұрпағынан шыққан осы екі алып күйші сол той үстінде бір-бірімен кездесті ме, жүздесті ме, сырласты ма? Бұл түрғыда зерттеушілер ойланар деген үміттеміз. Әзірге біздің білетініміз, той үстінде екі бөлек топпен түскен екі фотосурет.

Күйшілік өнерде бүл үшеуінің есімі бірдей шыққанымен Құрманғазы пешенесіне шалқып, тасып жүру жазылмаған екен. Ел ішінің қайнаған ортасында жүріп, әділдік үшін күрес жолына түсетін жылдары еді ол. Сондықтан да Құрманғазы санасында күйшілік өнер туын кіршіксіз таза ұстау, ел рухын көтеру тәрізді түйінделген ойлар қан тамырындай қалыптасты. Осы ойды өзі шығарған күйлеріне арқау етті. Сондықтан да Құрманғазы күйлері заманынан ала бөтен алда, озық еді. Әрбір күйі халық жадына сіңді. Бірақ, оны көре алмаушылар Құрманғазының өнерін де, қайсарлығын да кешіре алмады. Сондықтан да оның ізіне түсушілер мен қуғыншылар көп болды. Әзіргі дерек бойынша Тәттімбет пен Дәулеткерей қатысқан Александр ІІ -нің тойы өткен 1855 жылы ел ішінде Құрманғазының соңына түсіп, қуғыншы салу басталған еді. Ақыры оны 1857 жылы Орда абақтысына қамап тынады. Бұл Құрманғазының абақтыға тұңғыш қамалуы болса, мұнан кейін де талай рет оның дәмін татуға тура келген еді. Алайда ол өзінің еңсесін түсірмеді, рухын жоғалтпады. Содан да болар, Жайық бойында Құрманғазының домбыра ұстағанын көзімен көрген, күйлерін жанында отырып тыңдаған Никита Савичев деген орыстың зерттеуші, журналисі оны ұлы адамға теңеп жазды. Н. Савичев жазуының құндылығы Құрманғазы  шығармашылығына көзінің тірісінде баға беріп, баспасөз бетінде жариялап жазуында және бұл кейінгі ұрпаққа ғылыми дерек, нұсқа ретінде жеткендігінде деп түсінген орынды. Құрманғазы жайлы мұнан да басқа көз көргендер мен құлақ естігендерден жеткен ауыз-екі әңгімелер баршылық. Академик Ахмет Жүбанов оларды жылдар бойы жинастырып, басын құрап Құрманғазы жайлы кітап жазды. Және бүл Ахаңның нысаналы, негізгі зерттеу еңбегі болды. Ахмет Жүбанов қолы жеткен жерге дейін зерттеді. Бірақ «уақыттан озбақ жоқ» дегендей, Ахаң да дүниеден өтті. Ендігі жерде музыка зерттеушілерінен гөрі жазушы-зерттеушілер, тарихшылар бабамыздың мұрасын іздеуді жалғастырды. Осының нәтежесінде Ахаң дүниеден өткеннен бергі аралықта Құрманғазы жайлы. айтарлықтай тың деректер табылды.     

Кейінгі зерттеушілер ішінен Қ. Жұмалиевтың, М. Жолжановтың, И. Кенжалиевтің, Құрманғазы жайлы жазған деректі еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Осы қатардан орын алған семейлік тағы бір зерттеуші Төкен Ибрагимов Құрманғазы күйлерінің осы күнгі орындаушысы жайлы былай деп жазды. «Осыншама ішкі әлемнің тылсым құпия, тілсіз тілін үнмен жеткізген, тіпті тіл құдіреті жетпесті үн толқынымен жеткізген, күй толғанысымен жан түкпірінен сауған музыка өнері неткен құпия күш... Атқан оқты қайтарып, шапқан қылыш жүзін майырған Махамбет жырларының екпінімен бұрқ-сарқ етіп айдаһардай атылмақ, найзағайдай жарқылдап, дауылды қалтыратқан, долданған толқыны Құрманғазы домбырасы шанағынан шыққан «Көбік шашқанға» таңдана қарап қалғандай не ғаламат! Құрманғазы күйлеріндегі осы бір алапат сезімді, арпалысқан тіршілік тынысын айқын ашып, орынды қалпын, асқақ бітімін жанды, тірі қалпында тыңдаушының көкейіне қондырып, көкірегіне қотаруда Шәміл Әбілтаевтың күйшілік өнері тыңдаушысын тәнті етері бар. Сол сияқты Абыл күйлерінің де бағы жанар, көрінер тұсы да осы Шәміл орындауында екенін байқаймыз» деп Шәміл Әбілтай орындаушылығына баға береді. Тегінде Құрманғазы өмірі Жәңгір ханмен тұстас болса, Жәңгірдің үлкен әкесі ХVІІІ ғасырдағы атақты Нұралы хан болса, осы Нұралы ханның жақын тартқан билерінің бірі, өз заманының көреген абызы атанған, байбақты Сырым Датұлына бата берген Қараман Тана Малайсары болғаны тарихтан белгілі. Шәміл Малайсары бидің жетінші буын ұрпағы. Шәміл өнері сол аталарынан бастау алып, қазақтың шаң жүқтырмас дарабоз күйшісі болып қалыптасты. Абыл, Құрманғазы, Баламайсаң, Бапас күйлерін Шәмілдің орындауында естіген құлақтың құшыры қанатыны да осыдан болар. Құрманғазы бабасының жолын қуып, өзі де күй шығарып. халқының таңдаулысы  атанған Шәміл Әбілтай жайлы айту, жазу болашақ ұрпактың еншісінде болмақ.

Қазақ музыка медениетіне айтарлыктай үлес қосқан алғашқы зерттеушілердің бірі Адександр Затаевич Құрманғазыны қарақшы, «буньтар» ретінде жазды. Бұл, әрине, ел аузынан жеткен ауыз екі сөзден түйіндегені.  Кұрманғазының абақтыда әденеше рет қамалғаны жайлы алдында айттық. Алайда, қандай жағдайда, қалай тұтқындалғаны жайлы шындықтың  бетін ашу осы күнгі зерттеушілердің еншісіне тиеді.

Кұрманғазы феодалдық қоғам өкілі. Оны алғаш зерттеушілер А. Затаевич, А. Жұбанов, П. Аравии кеңестік социалистік реалистік тұрғыда айшықтады. Ал бүгінгі Теуелсіздік рухындағы зерттеушілер көзқарасы тіптен бөлек. Мысалы, күйші өмір сүрген тұстағы ел билеушілері мен атқамінерлері Жәңгір хан, Әубәкір Ақпаев, Төремұрат, Нарымбет, Өтен, Мақаш правительдер Кеңеске жат таптан екені ретінде суреттелсе, бүгінгі тәуелсіздік көзқараста олар елге  жанашыр, қамқоршы ретінде айшықталады.   

Сондықтан да аға буын зерттеушілер енбектеріне бүгінгі ұрпақ зертеушілерінің қайшы келетін тұстары бар. Бұл тұрғыдан алғанда Құрманғазының туған және қайтыс болған жылын, күйлерінің шығу тарихын жаңа деректермен дәлелдеп жазған зерттеуші Мақсат Жолжановтың, аталарына, ата мекеніне байланысты құнды деректер тапқан Исатай Кенжалиев зерттеулері кұндылығын ерекше атаған жөн. Ресей жеріндегі Құрманғазы кесенесін ашу жұмыстарында күйшінің туған және қайтыс болған жылдарын нақтылы көрсетіп жазуда, басқадай да ізгі істерде Халықаралық Құрманғазы қорының атқарған жұмыстары мол болғанын айту парыз.

Құрманғазы өмірі бір қоғамның екі саяси кұрылымдық формациясында өтті. Ол хандьқ және екіншісі сұлтандық басқару жүйе құрылысында өмір сүрді. Бала күнінде Исатай, Махамбет қозғалысын, халық толқуын көзімен көріп сезініп өсті, ой түйді. Өзге халық өкілдерінен өзіне дос тапты. Ешкімді ұлтына, дініне қарамай, идея бірлестігінде түсінуін бугінгі көзқараспен зер салар болсак, Құрманғазының пәлсапалык ойшылдығын, ұлылығын  тани  түсеміз. Соны күй үніне түсіргеніне қайран қаласың.

Құрманғазының өмірі мен шығармашылығын зерттеу  үш қоғамдық тұрғы арнасында жіктелгенін айту орынды деп санаймыз. Әуелгісі өзі өмір сүрген хандық және сұлтандар заманындағы кезең, екіншісі өмірі мен шығармашылығы зерттелген кеңестік дәуір. Үшінші бүгінгі тәуелсіз  көзқарастағы тың еңбектерді атауға болады.

Қалай болғанда да әр дәуірдің зерттеушілері Құманғазы ұлылығын  өз тұрғысынан түсіне, айшықтауға талпынған.

Кім қалай зерттесе де ортақ бір ғана мақсат болған. Ол Құрманғазы рухын жырлау, паш ету. Сондықтан да 1868 жылы газетте жарияланған Н.Савичевтің зерттеу мақаласынан бастау алатын Құрманғазы жайлы жазған авторлар, ғасырлар, жылдар бойы бірін-бірі толықтырған. Мұны уақыт көшінің  жетістігі деп білеміз.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келетін  болсақ кандай заман, қандай қоғам өтсе де Құрманғазы есімі жұлдыздай жарқырай бермек. Ол қазақ деген халықтың жұлдызы. Төл перзенті. Ол мәңгі бақи халқының сүйіктісі  болып қала береді.

Жарқын ШӘКӘРІМ

Алматы қаласы

 

 

1199 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz