Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сенбі, 20.04.2024
Басты бет » 2016 » Қыркүйек » 1 » МӘСКЕУ АРХИВІНДЕГІ ӘНШІ ӘМІРЕ ІЗДЕРІ НЕМЕСЕ САПАР БАЙЖАНОВТЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ
17:11
МӘСКЕУ АРХИВІНДЕГІ ӘНШІ ӘМІРЕ ІЗДЕРІ НЕМЕСЕ САПАР БАЙЖАНОВТЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Әміре мен зайыбы Оразке. 1926 жыл.

Сапар Байжанов

Мәскеуге сапар шегіп, Әміре әндері жазылған фонограф таспасын тауып, халқыма, туған еліме қалай жеткізсем екен деп, не істерімді білмей жүргенімде, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің Бас редакторы, қоғам қайраткері, Сапар Байжанов ойыма келе қалмасы бар ма. Ол кісі өнерпаз жастардың талантын көре білетін, керек болған жағдайда  ақыл кеңес беретін, үлкен өнер жанашыры еді.  Мәскеуден телефон соғып мән жайды хабарладым. Өз құлағымен естіген соң Сапар Байжанов: «Бауырым, керемет жаңалық екен, құтты болсын!  Халқымыз, біздің газет арқылы естісін», деп айтқандарымды телефон арқылы қағазға жазып алды да, «Әміре Қашаубаевтың дауысы» деген тақырыппен газеттің сол күнгі санына кезек күттірместен түнделетіп, ұсынып жариялатып жіберді. Осылайша Әміре әндерінің табылғандығы жайлы жаңалық Сапар Байжановтың қамқорлығымен «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы  халқымызға жетті. Осыдан 42 жыл бұрын жарыққа шыққан сол мақаланы бүгінгі жас буын жеткіншектер біле жүрсін деген мақсатпен, назарларыңызға  ұсынуды жөн санадым.

 

Жарқын ШӘКӘРІМОВ

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВТЫҢ ДАУЫСЫ

«Социалистік Қазпақстан» газеті, 1974 жыл, 12 март

Москваға жүрер алдында Әміре жайында деректер жинап жүргенімді Серке Қожамқұловқа айтқанымда ол кісі:

Әміре творчествосын зерттеу, оның өмірі жайлы мәлімет жинау, асыл мұрасын қадірлеп, кейінгіге жеткізу – үлкен де игі іс. Оны мына өздеріңдей жастар, бүгінгі ұрпақ, қолға алып жатса, оған қалай риза болмаймыз, - деген еді.

Москваға Әміре өмірі туралы мысқалдай  болса  да тың дерек табамыз ба деген үмітпен барып, осы уақытқа дейін белгісіз боп келген асыл қазынаның үстінен шығып, қуанышқа кенелдік. Халқымыздың аса дарындаы әншісі, Москва, Париж, Майндағы Франкфуртте қазақтың қоңыр сазды әнімен әлемді таңдандырған Әміренің дауысы жазылған валик сақталыпты!

Осынау үлкен олжаға қырғыз туысқандармен бірге «Қырғыз музыкасының антологиясын» шығару үшін материалдар жинау кезінде жолықтық. Москвадағы  «Жазылған дыбыстардың Мемлекеттік архивінің» қырғыз бөлімін зерттеп, тексере отырып, фонографқа жазылған әнші-күйшілердің тізімін көрсететін қоңыр кітапты қолға алдық. Алғашқы беттерінен орыстың ұлы әншісі Ф.И. Шаляпиннің есімі кезікті. Жиырма екінші бетіндегі «Қырғыз Әміре Қашаубаев» деген жазу көзге оттай басылды. Әміренің домбыраға қосылып айтқан әндері көрсетілген.  Олар: «Үш дос», «Балқадиша», «Жалғыз арша», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқарагер» әндері және домбырада ойнаған бір күйі. Сақталған мұраның жалпы саны сегіз екен.

Әміренің дауысы дегенде тағат қала ма, дереу архив фонотекасына рұқсат алдық. «Тамағында дауыс сақтайтын қалтасы бар еді» деп әйгілі актер Қалыбек Қуанышбаевтың айтқаны, Әмірені тыңдап отырып, «Шығыста әншіні бұлбұлға  неге теңейтінін енді түсіндім» деп Ромен Роллан сүйсінгені, «Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім» деп Анри Барбюс қайран қалғаны көкейімде сайрап тұрды. Үстіміздегі жылдың жиырма бірінші февралы күні осылайша тұңғыш рет Әміре дауысы жазылған валикті қолға алдық.

Қоңыр кітаптағы барлық есімдер 1933 жылы ноябрь айында  тіркелген.  Ал, дәл бір жыл өткен соң, 1934 жылдың ноябрь айында халқымыз Әміремен қоштасқанын білеміз...

Фонографқа жазылған басқа да қазақ фамилияларын ұшыраттық. Олар: Шахмет Құсайынов, Ғали Күзбеков, Зағифа Тіналина, Рахима Байбекова, Ғарифа Мұрсалимова.  Осылармен қатар пластинка табағына тұңғыш жазылған Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев,, Қайып Айнабеков, Маясар Жапақов, Сара Есова дауыстары да архив қазынасында сақтаулы. Фонограф және пластинка беттеріне жазылған бұл дауыстарды реставрация арқылы қайта жарыққа шығару, эфирден беру кезек күттірмейтін іс деп білеміз.

Жарқын ШӘКӘРІМОВ

Бүкіл одақтық «Мелодия» фирмасының Алматы бөлімшесінің музыкалық аға редакторы. Мәскеу қаласы.

  

Ерекше жаңалық ретінде бүкіл ел жұртшылығын таң-тамаша еткен осы мақаладан соң арада бір ай өткенде, 1974 жылдың  12 сәуірі күні Сапар Байжанов «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясына, қабылдау бөлмесіне мені шақырып алып «Тағы да олжа» деген тақырыппен сұхбат жариялады. Мақала атауын «Тағы да олжа» деп атаған себебі, бұл жолы Мәскеуден де асып, одан әрі Санкт-Петербургке барып ондағы архивтерді барынша түбегейлі зерттеп келгенім жөнінде, қазақтың Мәскеу мен Санкт-Петербург архивтерінде сақталған күй таспалары жайлы жаңа деректер  тапқаным әңгімеленді.  Сұхбат газет бетінде төмендегідей өрбіді.

 

ТАҒЫ ДА ОЛЖА

Жарқын Шәкәріммен сұхбат

«Социалистік Қазақстан» газеті, 1974 жыл, 12 сәуір

Журналис:

Пластинкаға жазылған Жамбыл, Кенен және басқалары жайында не айтасыз?

Жарқын Шәкәрімов: 

Оларды да қайта өңдеп, жарыққа шығару – таяу болашақтың ісі. Сонымен бірге осы сапарда күтпеген тың олжаларға да жолықтық. Өткен жолы Әміренің дауысын тапқанда қуаныштан көзіме еріксіз жас келсе, бұл жолы да халқымызға аса қажет, қымбат қазыналардың  үстінен шығып, өзімді ақжолтай сезіндім.
Ол қандай қазыналар?

Жарқын Шәкәрімов:

Москваға барған соң қарап жата алмай, архивтерді зерттедім. Осындағы дыбыс жазу үйінің қорында халқымыздың мақтан етер күйшісі Дина Нұрпейісованың өзі тартқан 21 күй бар екен. Олар: «Шалқыма», «Жігер», «Қара қасқа», «Көгентүп», «Майдандағы балама», «Сауыншы», «Шынар» және басқалары. Сондай ақ онда Әбікен Хасеновтың орындауындағы Тәттімбеттің «Қосбасарының» үш түрі, Сылқылдақ, «Көкейкесті», «Балбырауын» сияқты күйлер, Талиға Бекхожина орындаған әндер де бар.  Қызықты әрі қуанышты жәй – осы архивте ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың Т.Г Шевченконың өмірі мен творчествосы туралы сөйлеген сөзімен қоса  Қазақ ССР-не 40 жыл толғандағы ыстық лебізі де сақталыпты...

Москвада біраз күн болған соң мен Ленинградқа (Санкт-Петербургқа) да барып қайттым. 23 март күні СССР Ғылым академиясының Ленинградтағы орыс әдебиеті институтының (Пушкин үйі) фонограф валиктері сақталған архивінен қазақ-қырғыз  музыка тарихына байланысты бұрын зерттеушілер назарына түспеген, аса бағалы олжаға жолықтым. Солардың ішінде 1905 жылы сентябрь айында доктор Каруцтың Түркістан өлкесі, Қазалы қаласынан жазып алған «Махаббат әуендері» деген атпен төрт валикке түгелдей түсірген әндер бар. Біз осыған дейін қазақ жеріндегі ән, күйлердің дыбысқа жазу тарихын 1910-1915 жылдардан басталды деп келген едік. Мына жаңалық оған түзету енгізетін болды. Сондай ақ осы архивте 1912 жылы қырғыз халқының әйгілі манасшысы Кенжеқараның аузынан жазып алған «Семетей жыры» сақталуы екен.

27 жасар Ахмет Жұбановтың латын әрпімен қазақ тілінде жазып кеткен автографы көзіме оттай басылды. Онда фонографқа жазылып, архивке табыс етілген «Ақсақ құлан-Жошы хан», «Ақ желең», «Өтті дүние», «Тепеңкөк», «Ноғайлы», «Қара төс», «Қара бас», «Кеңес», «Штат» күйлерінің тізімі келтіріліпті. Сонымен бірге Ахмет Жұбанов 1931 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданының 20-шы, 21-ші ауылдарының әнші-күйшілерін де фонографқа жазған екен. Бұлар да сақтаулы.

«Социалистік Қазақстан» газеті, 1974 жыл, 12 сәуір

Осылайша Мәскеу мен Санкт-Петербург архивтеріндегі фонограф пен күйтабақ мұраларын алғаш зерттегендерім жайлы Республикамыздың  кітап, газет, журнал беттерінде ХХ ғасырдың 1974 жылы алғаш рет жария еттім. Осы дүниелерді менен бұрын, яғни менен  бұрынғы жылдары газет бетіне жариялаған адамдар болса, табылған, танылған жағдайда оған да ризамын.

Жарқын ШӘКӘРІМ

1015 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz