Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сенбі, 20.04.2024
Басты бет » 2016 » Шілде » 3 » ӘМІРЕНІҢ ТҰРҒЫЗЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ЕСКЕРТКІШІ
16:13
ӘМІРЕНІҢ ТҰРҒЫЗЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ЕСКЕРТКІШІ

Жарқын ШӘКӘРІМ

ӘМIРЕНIҢ  ТҰРҒЫЗЫЛМАЙ  ҚАЛҒАН  ЕСКЕРТКIШI

Аққумен ән қосқан Әмiре 1934 жылы қараша айының  5–нен  6-на қараған түнiнде 46 жасында дүниеден өттi. Оның мезгiлсiз қайтыс болуы  Бүкiлдүниежүзі десем артық болар, өз халқымыз үшiн ерекше ауыр қаза болды. Неге десеңiз  ол әлем жұртшылығын  әуездi әнiмен таңдандырғаны жұрттың есiнде едi. Әмiре қайтыс болған күннiң  ертеңiнде-ақ Республикалық мерзiмдi басылымдар дерлiк жоқтаулар жариялап қоштасты. Әсiресе «Казахстанская правда» газетiнiң 1934 жылдың 12 қараша күнгi санындағы Сәкен Сейфуллиннiң Әмiренi теңдессiз әншiге теңеген жоқтауы халқымызға ерекше әсер еттi.

Содан жылдар жылжи, уақыт сырғи дегендей Әмiренiң ресми аты жөнi  көзден тасаланған, көңiлден көмескiленген, жадыдан жырақтанған  күй кешiп, тек  аңыздағы  ғажайып  әншiдей   ауыздан-ауызға тараған екен.

Арада 40 жыл өткенде 1974 жылы Мәскеуден Әмiренiң орындауында фонограф таспасына жазылған жетi әнi табылды емес пе. Сонда жұртшылық Әмiренi еске алысып бiр серпiлдi.  Ендi марқұмның аруақ-рухына құран бағыштайық десек Алматыдағы Райымбек  (бұрынға Ташкент) көшесiндегi Орталық зиратта Әмiре жерленген жер табылсашы. Үлкенi Әлiкей Марғұлан мен Серке Қожамқұлов бастап Сапарғали Бегалин, Қанабек Байсейiтов, Сара Есова, Жүсiпбек Елебеков, Әшiмбек Бектасов, Әбiлмәжiн Сапақов бәрiмiз ал кеп iздейiк, зираттағы 1934 жылы Әмiре жерленген жердi.  Серке Қожамқұловтың  мынау  деп топшылағаны шөп басқан, тайпалған, қараусыз қалып бiр-бiрiмен iргелескен, ескi мүрделерге толы  жер екен.

Содан Әмiре денесiн қолымен ұстап, арулап қоюға қатысқан Әбiлмәжiн Сапақов деген қария тапты ақыры.  Абырой болғанда жерлеген күнi қалтасындағы бәкiсiмен  «Әмiре» деп жазған терек ағашы табылып, Әмiренiң мүрдесi осы ағаштың күнбатыс түбi екенiн дәлелдеп бердi. Оған Серағаңдар да еске түсiре қосылып, тап сол жерде бәрiмiз қуанысып  шүкiршiлiк етiп, Алла разылығы үшiн деп 40 жылдан соң алғаш рет Әмiре қабырының басында құран бағыштадық. Осы жайды  Қазақ ССР мәдениет министплiгiне хабарлаған едiк, Әмiре денесi жатқан жердi министрлiктен де келiп көрдi.

Әмiре атамыздың жерленген жерi табылған соң, көп кешiкпей  қабыр басының қырық жылдан берi қараусыз қалғанын жеткiзiп,  жоғарыда  аталған  ағаларымыздың қолымен   Әмiреге  ескерткiш орнату керектiгiн жазып  Дiнмұхамед Қонаев ағамыздың атына хат жолдамасымыз бар ма.  Көп кешiкпей бұл жұмыстар Қазақ ССР Министрлер кеңесiне тапсырылып, шешiмiмен Әмiре мүсiнiн тұрғызуға 5000 рубль бөлiндi. Осы шешiм негiзiнде 1974 жылдың 9 шiлдесi күнi Қазақ ССР Мәдениет министрлiгiнде Әмiреге орнатылатын ескерткiш мүсiннiң эскизi мен жобасын бекiттi. Ескерткiш мүсiннiң авторы болып мүсiншi Татьяна Викторовна Андрющенко  тағайындалды.

Т.В.Андрющенко өз шеберханасында жылдан аса уақыт бойы еңбек еттi. Нәтежесiнде   алты метрлiк Әмiре тұлғасы бой көрсетiп дайын болды. Ескерткiш 1978 жылы Әмiренiң туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйылып орнатылады  деп жоспарланған болатын.

Мүсiншi Т.В. Андрющенконың шеберханасында түсiрiлген Әмiре ескерткiшiнiң мына фотосуретi, үзеңгiлес досы Серағаңның – Серке Қожамқұловтың төсқалтасында жүрушi едi. Ол кісі көзiнің тiрiсiнде,  бiр қажетi болар деп, маған берген болатын. Ендi мiне, сол  Әмiре ескерткiшi қайда, Т.В. Андрющенко қайда?, деп iштей қапаланамыз.

Мәселе Т.В. Андрющенкода емес екен.  Неге десеңiз Әмiре ескерткiшiн орнату жөнiндегi  бұйрық, бұрын да шығыпты.   Әмiре қайтыс болып жерленген соң, топырағы суымай тұрып Қазақ АССР Халық Ағарту комиссариятының    1934 жылғы 19 қараша күнгi  № 540 бұйрығында  Қазақ ұлт театры шаңырақ көтергенде, театрдың бiрiншi бұйрығы бойынша қабылданған тұңғыш актерi ретiнде және  өмiрiнiң соңына дейiн осы театрда еңбек етуiне байланысты,  Ұлт театры  (Кәзiргi М.Әуезов атындағы  академиялық драма театры) ауласынан Әмiреге ескерткiш  орнату керектiгi жазылған. Амал не, бұл бiрiншi бұйрық та орындалмады.

Сонымен үкiмет тарапынан  арасына қырық жыл салып екi рет  әрекет етiлсе де, екеуiнде де Әмiреге ескерткiш орнатылмай қалды. Бұған негiзгi себеп Әмiре 1925 жылы Францияға барып ән айту сапарында алаш ардагерi Мұстафа Шоқайдың сағынышты достық құшағына орануы, екеуi фотосуретке түсуi, сырласуы болды деуге негiз бар. Осыдан бастап Әмiренiң алаңсыз әншiлiгi ендi жеке басының трагедиясына айналды десе де болады.

Осыдан бастап Әмiре ғұмырының қалған 9 жылы ой тұсауында, жанкештiлiк құрсауында өттi. Неге десеңiз ОГПУ делiнетiн мекеме тыңшылары Әмiренi Мұстафа  Шоқайдың Қазақстандағы байланысшысы ретiнде бағалап жөнсiз көп мазалай бастайды. Әмiреден сан рет қолхат алынды. Сан рет үйiн тiнiттi. Сан рет соққыға жықты. Сан рет қорқытып, үрейлендiрдi. (Бұл туралы   «Абай» жорналының 1998 жылдың  № 2 санында шет жағасын жазған болатынмын). Осыдан соң Әмiре екiншi рет шетелге аяқ баспайтындай болды.  «Советская степь» газетiнiң 1926 жылғы 19 мамыр күнгi санында  «Францияға, Англияға тағы да концерттiк турнемен шықырылған едi. Әмiре бұл сапардан бас тартты» –деп жазғанының астарында терең мән жатқанын түсiну қиын емес.

ОГПУ тiзiмiне мықтап iлiккен Әмiре есiмi ендiгi жерде фәниде ғана емес бақида да қорланатын болды.  Оның басты айғағы Әмiре жерленген жердi жасыру, жер етiп тегiстеу, 1934 жылы қайтыс болғандар есiмдерiн айғақтайтын   зират кеңсесiндегi жорналды жоғалту, сөйтiп Әмiре деген есiм болмағандай ету. Бұйрық шығара тұра Ұлт театры ауласынан ескерткiш мүсiн орнатқызбау тәрiздi пиғылдар iске асты. 1974 жылы Әмiре ескерткiшiн орнату жөнiнде шешiм шығарылса да орындалмай қалуы әрине көп нәрсенi аңғартқандай.

Сонымен тағы да үнсiздiкпен одан бері де жиырма жыл өттi. Әмiреге ескерткiш орнатамыз деп  жарғақ құлағы жерге тимей жүгiрген алдында атаған ағаларымыз бұл жарық дүниеден өттi. Содан 1994 жылы Әмiре  қайтыс болғанына 60 жылға аяқ басқанда, яғни 1992 жылдың 5 қарашасы күнi  Әмiре қабiрiнiң басына құлпытасты жеке қорынан 60 мың рубль шығарып әншi Кенжегүл Сыздыққызы мен зайыбы Дмитрий Гусенцов орнатты.  Орнатуын орнатты-ау. Алайда зираттың ашылу рәсiмiне санаулы күндер  қалғанда бәз-бiреулер тағы да қиратып кеттi.  Бұл жөнiнде  «Вечерняя Алма-Ата» газетiнiң 1992 жылдың 29 қазан күнгi санында  «Кощунство на кладбище» деген мақала жарияланды. Онда, «Ұлы әншi Әмiре жерленген  зираттағы қабiрiнiң құлпытасын  жермен-жексен, күл-талқан етiп талқандады» –деп Алматы халқын тағы бiр дүрлiктiрдi. Қазақтың  Кенжегүлдей қайсар қызы намыс-қайратына мiнiп қалалық әкiмшiлiкке барып жүрiп бiр апта iшiнде зиратты қайтадан қалпына келтiрдi. Сөйтiп, ұлы әншi жерленгеннен кейiн  60 жыл  дегенде Әмiре зиратына келiп құран бағыштаудың мүмкiндiгi туды.

Әрине, Әмiре  есiмiне байланысты ештеңе де атқарылмай қалды десек әбестiк болар едi. Өз кезiнде халқымыздың көрнектi қоғам қайраткерi, Қазақ ССР  мәдениет министрi Жексенбек Еркiмбеков Әмiре Қашаубаев атындағы Республикалық халық әндерiн  орындаушылардың конкурсын ұйымдастыруға ат салысып Әмiре мұрасын сақтауда өлшеусiз үлес қосты.  Ал бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз  Ұлы әншiнiң қайтыс болғанына 70 жыл толуына орай еске түсiрiп, тұрғызылмай қалған ескерткiшi жайлы ғана қысқаша айту едi.  Әмiреге ескерткiш орнату жөнiнде ендi, үшiншi рет қаулы шықса тұрғызылуы әбден мүмкiн деп санаймын.  Нарық… нарық.., деп шапқылап жүрiп  ол ескерткiштi орнатуға бiздiң ұрпақ үлгермесе, келесi ұрпақ ойланар. Неге десеңiз  Әмiренiң әншiлiк дәстүрi ұрпақтан, ұрпаққа жалғасар мәңгiлiк мұра. Әмiре Ромен Роллан, Анри Барбюс, Максим Горький, Анатолий Луначарский, Александр Затаевич, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан тәрiздi гуманист ойшыл жазушыларды қала бердi әлем жұртшылығын таңдандырған  ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы  адамзат баласының қайталанбас ұлы тенор әншiсi.  Оның әншiлiк құндылығы  Бiржан сал, Ақан серi, Мұхит, Жарылғапбердi, Мәди сынды замана тұлғаларының  әншiлiк дәстүрiн Кеңестiк кезеңге жалғастыруында болып саналады. Елубай Өмiрзақовтың Әмiренi «Самородный сары алтын деуi», Серке Қожамқұлов пен Жүсiпбек Елебеков, Манарбек Ержановтардың «Әмiре бәрiмiзге ұстаз болды», дейтiнi асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы екенiн дәлелдейдi. Орысшалағанда  Әмiре  ХIХ  ғасырдан  аман сау жеткен  шын мәнiндегi  «Последний могикан» едi. 

Мiне бүгiн қасиеттi рамазан айында, оразаның жұмасында, қайтыс болғанына 70 жыл  толған   күнiн   еске   алып, атамыздың аруақ рухына  Алла разылығы үшiн құран бағыштайық!

 

Жарқын ШӘКӘРІМ

"Қазақ әдебиеті" газеті, 5 қараша, 2004 жыл. Алматы

701 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz