Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 29.03.2024
Басты бет » 2016 » Қазан » 1 » РҮСТЕМ БЕТТЕГЕН БЕЛЕС
13:15
РҮСТЕМ БЕТТЕГЕН БЕЛЕС

Қазақ – Кеңес заманында Талиға Бекхожина, Қайролла Жүзбасов, Бағдәулет Аманов, Тмат Мерғалиев, Беисенғали Ғизатов, Уәли Бекенов тәрізді музыка зерттеушілерімен қатарлас жүріп қызмет атқардық. Бәрі де адам баласының ала жібін аттамаған қарапайым жаны жайсаң жандар еді. Бәрі де бұл дүниеден өтті. Осы заманда солар тәрізді музыка зерттеу саласында адамдар бар ма, деген сауал туындалады. Міне осы тұрғыдан алғанда жас музыка зерттеушісі Рүстем Нүркеновтың есімін атауға әбден болады деп санаймын.

Рүстем Нүркенов

Рүстем қазақтың үш ішекті қосбұрау домбырасының дамуын зертеп, керемет еңбектер жазды. Сайып келгенде мен 50 жыл бойы үш ішекті домбырада орындаушы, әрі насихатшы болсам, Нұргүл Әкімқожа үш ішекті домбырада педагогикалық жұмыстарды дамытушы болды. Ал, Рүстем Болат Сарыбаев бастаған үш ішекті домбыраны зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, ерекше ғылыми жетістіктерге жетті. Сонымен қатар Рүстем Нүркенов Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тұңғыш бата берген абыз, ақын Шәкір Әбеновтың күйшілік мұрасын зерттеді. Рүстемнің  қазақ грампластинкалары жайлы жазған еңбектері де өз алдына бір төбе. Жас ғалым Рүстем Нүркеновтың музыка зерттеу саласы бойынша беттеген белесі, міне осындай. Рүстемге сәт сапар, ақ жол тілей отырып Мәскеуге барған сапарымыздан алған әсері жайлы жазған «Мәскеуде сақталған қазақ дауыстары» мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмын. Уақыттарыңыз болса оқи отырарсыздар.

 

РҮСТЕМ НҮРКЕНОВ

МӘСКЕУДЕ САҚТАЛҒАН ҚАЗАҚ ДАУЫСТАРЫ

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығына дейін Ресейдің қол астында болып, сол биліктің айтуы мен нұсқауы бойынша отырып-тұрып жүргеніміз тарихтан белгілі. Осы отарлық жылдары ішінде қазақ мәдениетіне қатысты біршама құнды жәдігерлер Мәскеу, Петербор қалаларындағы мұрағаттарына жол тартып отырды. Осылардың ішінде қазақ әншілерінің дауыстары жазылған теңдессіз жазбалар да Мәскеудің арнайы дыбыс жазу мұрағатында сақтаулы.

Өткен жылдары сол кездегі Мемлекеттік хатшы  М. Тажиннің қолдауымен іске асырылған «қазаққа қатысты мәдени мұраны шет елден отанға қайтарып алу» жобасы бойынша мәдениет министрлігі күйші, зерттеуші Жарқын Шәкәрімді арнайы түрде Мәскеу, Петербор мұрағаттарына іссапармен жіберді. Жарқын ағамыздың қасында көмекші ретінде мен де болдым.

Мұрағат ескі ғимаратта (шамамен ХІХ ғасырдың архитектурасы болу керек) орналасқан. Жартысы әскери мұрағат болып табылатындықтан, кіріп-шығу арнайы құжатпен екен. Айналасы әскери күзет, керек десеңіз тәртіпті бұзышуларға арналған «неміс овчаркасы» атанған ит те кездеседі. Кіру құжатын алу үшін алдымен өткізу бекетінде өзіне керекті бөлімге телефон соғып, ескертіп аласын.

Мұрағаттың оқу залы кішкентай ғана, айналасы бес метрге алты метр болатын бөлме. Қабырға жағалай әліпби бойынша орналасқан іздеу картотекалары бар шкафтар тұр. Бір бұрышы ескі граммафондық таспаларды және ленталық жазбаларды тыңдау үшін арналған магнитофон тұр. Барлығы екі орыс әйелдің қарамағында. Меңгеруші мен көмекшісі.

Танысып, өзіміздің келу себебімізді айттық. Кейін мұрағат директорына арнайы сәлем беріп те кіріп шықтық. ХХІ ғасыр болса да әлі электронды каталок істелінбегендіктен, шаң басқан картотеканы өз қолымызбен ақтаруға кірістік.

Мыңдаған, тіпті миллиондаған жазбалардың ішінде посткеңестік барлық халықтарға қатысты дүниелер табуға болады. Арысы жиырмасышы ғасырдың дәл бас кезі, берісі сексенінші жылдардың аяғына дейінгі аралықтағы жазбалар.

Мәскеу архивіндегі грампластинкалар.

Грампластинкаларды ойнататын "фр. Pathéphone" деген құрал

Бірі грампластинкада жазылса, ендігі бірі ленталық таспаға көшіріліп қойылған. Ал кейбіреуі «фоногрофтық матрица» деп аталатын затта сақтаулы. Бұл бүгінгі тілмен қарапайым түрде айтсақ копьютердің микросхемасымен пара-пар дүние.

Сонымен іздеу жұмыстары басталып кетті. Ең алдымен Мәскеу төрінде Кремль мінберінде сөз сөйлеген Дінмұхамет Қонаевтың дауысы кездесті. Кейін Мұхтар Әуезовтың да дауысы жазылған әлденеше таспаға жолықтық. Сосын Ғазиза Жұбанова мен Күляш Байсеитованың өздері жайындағы, өмірлік және шығармашылық жолы туралы әңгімелері табылды. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі басшалардың еліміздің даму жолы жайында сөйлеген сөздері де бар екен.

 Негізгі мақсат қазақ өнерінде өшпестей із қалдырған өнерпаздардың дауыстары жазылған үнтаспалары болғандықтан арнайы мәдениет саласы бойынша жинақталған бөлімге көштік. Қор үлкен, уақыт аз, сондықтан бұл шешім дұрыс болды. Іздегеніміз де осында екен. Алғашқылардың бірі болып Жамбыл Жабаевтың өз дауысымен айтылған авторлық әні табылды. Білуімше Қазақстанда Жамбылдың тек кинопленкада ғана сақталу дауысы бар. Оның өзі кішкентай әрі сапасы нашар.

Жамбыл «Сталинге алғыс» («Спосибо Сталину» грампластинкада  орыс тілінде берілген) атты ән шырқапты. Аса қатты таңданудын қажеті жоқ. Сол кездің саясатын ескерсек, «көсемге» арнау айту үйреншікті құбылыс еді. Домбыраны тартып өзінің қоңыр, жуан даусымен әндете бастайды. Жасы ұлғайған кез әрі жазудың арнайы шарттары сақталмағандықтан болар дауысы анық естілмейді. Десе де сапасы жаман емес. Бұл шамамен отызыншы жылдардың орта шегі болса керек.

Жәкеңнен кейін де бірқатар әнші аталарымыздың дауыстары табылды. Қазақстанда аты мәшһүр болса да, үндері сақталмаған деген әншілер Қайып Айнабековтың, Қалқа Жапсарбаевтың, Маясар Жапақовтың жақсы сападағы пластинкалары бар екен. Айта кетерлік ерекшелігі, бір пластикада тек бір әннен ғана. Алғашқы үлгілерде тек бір ғана әннен жазылса керек. Және де жалғыз данамен екен. Оның өзі Қазақстанға жетпей Мәскеудің мұрағатында қалып қойды. Түсінгеніміз бұл таспа сынама түрі. Неге екені белгісіз кейін көп данамен шығарылмапты. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков пен Манарбек Ержановтың ертеректегі жазылған әндері де бар.

Әміре атамыздың әндерін тағы да көшіріп қайттық. Оқырмандардың есіне салып кетейік. Алғашқы рет Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған үнтаспаларды тапқан Жарқын Шәкәрім еді. Сонау 1974 жылы еді. Бұл жолғы  олжамыз да сол дүниелер. Сапасы нашар болса да дауысын естуге болады. 1925 жылы Мәскеуде жазылған деген ескертпе тұр. Әміре атамыздың әндерін жазған А. Затаевич. Сонымен қатар зерттеуші басқа да өнерпаздарды жазып алыпты. Зағипа Тінәлина, Рахима Байбекова, Ғарифа Мұрсалиева, Ғали Құзбеков, Шахмет Құсайынов сынды өнер қайраткерлерінің дауыстары елге қайтарылды.

Жалпы барлығы екі жүзге жуық ән мен күй табылды. 1925 жылдан бастап 1989 жылға дейінгі аралықта таспаларда сақталған қазақ дауыстары Астанаға келді. Қаншама жылдан кейін ата-апаларымыздың дауыстары елге қайтарылып, қайта қауышқанымызға құтты болсын деп айтқымыз келеді!

 

 РҮСТЕМ НҮРКЕНОВ

2014 жыл

Астана – Мәскеу –  Астана

 

 

661 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz