Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 26.04.2024
Басты бет » 2016 » Қаңтар » 10 » Сайт ашылғанда алғаш келген ой
19:25
Сайт ашылғанда алғаш келген ой

Сайт ашылғанда, алғаш келген ой

Міне, асқар бел, сайын даламызға ақ мамық ұлпа қар түсті. Ақ сақалды атаның батасы дарыған, ақ жаулықты ананың мейірі төгілген, қойнауы жасыл желек жамылған, көгілдір түспен көмкерілген, заңғар Алатау жиектерінен төгілген күн нұры алдағы жақсылық хабаршысын жеткізгендей. Осы қуаныш – адамды арманға жетелейді. Жаңа жыл қарсаңында менің есімімдегі сайт ашылып, бұл да бір жақсылықтың нышаны болса игі деген тебіреніспен ой жетегіне түстім. 

Көне грек ойшылы Платон адам бойының ізгілігін, қоғамның гүлденуін «Нұрланған жақсылық» деген екен. Тозғаның жаңарса, шаршағаның жадыраса, жоғалғаның табылса, мұң-шерің қуанышқа айналса – жақсылық дегенің сол. Ал қоғам халықтан, халық әрбір адамнан тұратынын ескерсек, әр адамның жан сарайы өзінше әр түрлі екені бесенеден белгілі. Өмірге деген  қөзқарас ең әуелі әр жеке адамның санасының жемісі ретінде айшықталады және  оның қоғамға әсері жөнінде бірнеше ой-тұжырымын айқындайды.

Біріншіден: адам өз бойын түзеу, өзіне мен кіммін, деп сұрақ қою. Әлемдік жан сарайын ашу қағидасын түйсіну. 

Екіншіден: айналаны, жүрген ортаны көре білу. Саяси, хұқық, философиялық, діни, әлеуметтік тәрізді рухани ғибратымен әсерлену. 

Нақтылай айтқанда, «Мен айналамды таныдым, айналам мені жаратар ма? деген түйсікті ояту. «Ойдың түбі – даналық» деген екен француз философы Б.Паскаль. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» деп дана халқымыз да бекер айтпаған ғой. Ойдан ой туғызатын құлықтылық таныту мәдениеттілік белгісі. Ой таразысы адамды дүниетануға жетелейді. Ішкі-сыртқы дүниетанымы мол адамның алға басуы нық. Қателіктерін түзеу арқылы адам адамшылыққа бет бұрады. Қоғам қызығына құлшынады. Жақсылыққа сүйіну, қателікке күйіну ол да ішкі ой тебіреністің әсері. Адам тебірену арқылы өзін қамшылайды. «Жақсы болды-ау немесе «әттеген-ай» дейтін ой жаныңды тербейді. Пәни дүниені түсіну үшін Фалес, Питтак, Биант, Солон, Колеобул, Мисон және Хилон деген грек ойшылдары өнер құдайы Аполлон күмбезіне жиналып, «кім не дер екен?» дегенде жеті дана бірігіп, бірауыздан «Өзіңді өзің таны» деп жазыпты.  

Алла Тағала бойға қуат, ойға сана берді.   Ал енді кең дүние тылсымын түсіну әр адамның өз еркі, борышы. Адам еңбегіне қарай жарқырайды, ісіне қарай көсіледі.

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым, –

деді емес пе Абай. Алла Тағала шексіздікке жұлдыздарды нұр етті.

Келмеске кеткен Кеңестік кезеңде, жетпіс жыл өмір сүрген пенде баласының психологиялық жүйесі, бір сәтте өзгере қоймағанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Алайда, Тәуелсіздіктің қайырылмас қасқа жолына қасқая түсіп алған соң желдіртсең де, шапсаң да, болдыртсаң да беттеген беткейің біреу. Ол – алдағы жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылу. Санамызға шексіз әсер ететін осы құндылықтар ұғымын ұмытпасақ екен.

Жарқын ШӘКӘРІМ

654 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz