Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Бейсенбі, 25.04.2024
Басты бет » 2016 » Тамыз » 8 » ТАЛҒАМ ЖӘНЕ ОСАКАРОВКАЛЫҚ ДОМБЫРАЛАР
20:53
ТАЛҒАМ ЖӘНЕ ОСАКАРОВКАЛЫҚ ДОМБЫРАЛАР

Осыдан 48 жыл бұрын, яғни 1968 жылы домбыра жасаудың проблемасын көтеріп Республикалық «Лениншіл жас» газетіне «Талғам және Осакаровкалық  домбыралар» деген мақала жаздым. Көп кешікпей осы газетте ғұлама ғалым, Қазақ көне музыкалық аспаптарын зерттеу ғылымының атасы Болат Сарыбаевтың  менің мақалама жауабы жарияланды. Мен жазған мақаланы және Б.Сарыбаевтың үн қосқан жауап мақаласын бүгінгі жас буын өкілдері біле жүрсін, бір пайдаға жаратар деген мақсатпен ұсынып отырмын. Осы мақаланы жазған жылғы Қарағандының музыкалық училищесінде оқып жүргендегі 21 жаста түскен фотосуретімді де ұсынып отырмын.

Жарқын ШӘКӘРІМОВ 

1968 жыл. Қарағанды

 

Жазылған жайға қайта ораламыз

Құрметті редакция!

Мен Қарағанды музыкалық училищесінің 4 курсында оқимын. 1962 жылдан комсомол мүшесімін. Домбырашы болуды соноу мектеп қабырғасында жүргенде армандаушы едім. Өнер жолына бастаған да сол асыл арманым.

Мені көптен бері қалың қауым жұртшылық секілді домбыра және қобыз туралы ой толғандырп жүр. Осакаровка фабрикасы жасаған аспаптар талғамнан тіпті де шықпайды. Қарағанды педагогикалық институты көркемөнерпаздар үйірмесіне арнап, сол фабрикадан 52 домбыра алдырған. Өкінішке орай бұлардың қай-қайсысын да қайтадан жөндеп шығуға тура келді. Ішекті де, тиекті де өзгерттік. Бәрі қырылдап-сырылдай берді. Неге?  Мені осынау сұрау бірнеше жылдан бері ойландырып жүр. Тіпті, газет бетінде де оқта-текте сыналып қалып жүрсе де нақты қортынды шыққан емес. Саусақ тиер-тиместен күмбірлеп тұратын қазақтың бұрынғы домбыралары қайда?

 

ТАЛҒАМ  ЖӘНЕ ОСАКАРОВКАЛЫҚ ДОМБЫРАЛАР

Асфальт жолмен Қарағанды облысына қарасты Осакаровка ауданы орталығынан күн шығысқа қарай 28 шақырым жердегі Центральное селосына бет алдық. Анадайдан село да көрінді. Мақсатмыз – Осакаровка ағаш бұйым фабрикасының осы селода орналасқан музыкалық цехының жай-жапсарымен танысып, дайындау сапасы жөнінде  ұлан-ғайыр сөз болып жүрген домбыра, қобыз мәселесі туралы пікір алысу, кеңінен әңгімелесу еді.

Бізді орта бойлы, орта жастағы адам қарсы алып;

-Цех бастығы Петр Захарович Сподарев боламын, -деп өзін таныстырды да, мән жайымызды сұрады. Біз Осакаровка фабрика-комбинат басқармасының бас инженері Петр Штокманға жолыққанымызды және ол кісінің осында жібергенін айттық. Петр Захарович бізге фабриканың жалпы тарихымен және музыкалық аспаптар жасайтын цехтың өткендегісі мен қазіргі көтерілген деңгейіне дейінгі оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндап таныстыра бастады.

Ағаш-бұйым жасау фабрикасы 1932 жылы осы Осакаровкада құрылып, жұсмыс істей бастады.

Кейін ағаш өңдеу фабрикасына және бірнеше цехтар қосылып, бұрынғыдан анағұрлым кеңейе түсті. Оның бірі – Центральное селосындағы музыкалық аспаптар жасау цехы. Өнірістік негізгі бұйым – домбыра және қобыз. Сол бір жылдары Қазақ ССР-на еңбегі сіңген қолөнер ебері Қамар Қасымов Центральное селосына келіп, алғаш рет домбыра, қобыз жасауға ат салысты, негізгі ұйымдастырушы болды. Ол өзінің болашақ шебер-шәкірттеріне қазақ халық аспаптарының схема - үлгісін сызып берді. Сол бекіткен үлгілер арқылы тенор, альт және Қазақстанның шығыс облыстарындағы домбыра түрлері шығарыла бастады. Сөз жоқ, Қамар Қасымов бұл ретте көп жұмыстар тындырды. Ол аспаптың үніне, оның сапалық ерекшелігіне ерекше көңіл бөлді.

Музыкалық аспап жасау үшін екі түрлі ағаш керек: бук және шырша. Мәселен, домбыраның мойны мен бетіне шырша, ал сыртқы кеудесін ұстап тұрушы ағаштар буктен жасалады. Дәлденіп кесілген соң ағаштар мөлшерлі температурада кептіріледі. Одан механикалық дайындау бөлмесінде араланып, сүргіленіп, әрбір детальдарын кесінділеп жинақ бөліміне жібереді. Бұл жерде кесілген ағаштар өңделеді де, оны бірімен-бірін қиылыстыру жұмыстары басталады. Осы жинақ бөлімінде әрбір бөлшектерді дәлдеп, оны желім арқылы бекітуге әзірлейді және аспаптың тербеліс үнін айыру оның қақпағы айырықша қадағаланады. Аспап формасына еніп болғаннан соң түрі өңделіп, өрнектеліп бірнеше рет қайталанып жүргізілетін лактау жұмысы басталады. Кептіріліп шыққан соң дыбысқа келтіретін орында перне байланып ішек тағылады. Ендігі жерде аспапты қажет жеріне жібере беруге болады.

Республикамыздағы қазіргі қолда жүрген мыңдаған домбыралардың бәрі де осы адамдардың қолынан шықты десек ешбір қателеспейміз.

 Өзінің аспап шығару көлемін бұрынғы жылдардағыдан анағұрлым кеңейткен цех жоспар бойынша жылына 26000 домбыра жасап шығаруға міндетті. Түрлі себептерге байланысты өткен жылы көрсеткіш межеден көрінбеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында оның есесін алған секілді. Үш айда міндеттелген 6300 домбыраның орнына 6459 домбыра жасалыпты.

Міне, Осакаровка фабрикасының музыкалық аспаптар жасайтын цехына, оның қыры мен сырына қысқаша ғана тоқталып өттік. Ендігі сөз әбір тұтынушы жұртшылықтың осы фабрика жасап шығарған домбыра мен қобыз туралы талғамы, айтып жүрген пікірі хақында болмақ.

Өнерге құштар жұртымыз домбыраны түріне қарап емес, үніне қарай бағалайды. Өкінішке орай, Осакаровкада жасалынған домбыра күні бүгінге дейін көптің көкейінен шығып көрген жоқ.

Халық айтса қалып айтпайды, домбыра және қобыз туралы бірнеше жылдар қатарынан сөз болып келсе де, қазіргі өзгергені тек жылтыраған бет тақтайы ғана. Ал негізі бәз баяғы қалпынан асқан жоқ.

«Кедгудт» деп аталатын медициналық жіп пернеге байланып, ішекке тағылады. Ол қырық бұрап өретін қой ішегіндей қайдан мқты болсын. Қолға тиген соң үш күннен соң-ақ берекесі кетіп, тарқатыла бастайды.

Цех бастығы халықтың домбыраны көп қажетсінетінін айтып, домбыраға заказ беруші мекемелер мен жеке адамдардан келген 200-ден аса өтініш хаттарды көрсетті. Өз республикамызды іреке тұрғанда, Өзбек, Қырғыз, Түркімен ССР-ынан және Қарақалпақ АССР-ынан келген хаттар да баршылық екен.

- Ал мен мұндай жеке адамадрға домбыра жіберіп көрген емеспін. Өйткені, бәрі де жоспарлы жұмыс қой, - деп Петр Захарович алақанын жайды. Біз цехтағы қызу жүріп жатқан жұмыстардың егжей-тегжейімен түгел таныстық. Міне, ең ақырғы бөлмеге келіп кірдік. Жер-жерге жөнелтілетін мыңдаған домбыралар жылтырап көз тартады. Перне байлаушы жұмыс үстінде екен. Қолы-қолына жұқпай әп сәтте ішек және перне байлаған домбыраларды тізіп жатыр. Петр Захарович маған:- Домбыра ойнай білесің бе? – деді. Мен қолыма бір домбыраны алдым да, "Полонезді" бастап кеттім. Он тактіге жетпей жатып-ақ қолым жүрмей қалды. Өзіме таныс қырылдақ үн, қосалқы дауыс шыға бастады. Бірақ мен сыр білдірмеуге тырыстым.

     Осы тұста маған ФАБРИКАДАН ДАЙЫНДАЛҒАН ДОМБЫРАЛАРДЫ СЫНАҚТАН ӨТКІЗУ БӨЛІМІ АШЫЛСА,  ДЕГЕН ОЙ КЕЛДІ.

Амал не. бұл фабрикада мұндай бөлімді қойып, домбыраны тыңқ еткізіп шерте білетін адам таба алмайсыз.

Біз аттанып кеттік. Артта домбыра жасайтын Осакаровка фабрикасы қалып барады. Ондағы адамдар бізбен жылы жүзбен қоштасты. Әсіресе, Петр Захаровичтің көңілі тоқ. Өйткені, жоспар орындалуда. Тұтынушыларға мыңдаған домбыралар жөнелтіліп жатыр. Ал тұтынушылардың талғамымен санасу әлі күнге дейін қалтарыста қалып келеді. Егер жоғарыда айтқан пікірлеріміз орынсыз болса, онда Осакаровка фабрикасы жасап шығарған домбырасы бар жұртшылықтың өзі айтсын әділ сөзін.

Жарқын ШӘКӘРІМОВ

Қарағанды музыкалық училищесінің 4 курс студенті.

«Лениншіл жас» газеті, 18 май, 1968 жыл

 

БОЛАТ САРЫБАЕВТЫҢ МЕНІҢ МАҚАЛАМА ҮН ҚОСҚАН МАҚАЛАСЫ

 

Жазылған жайға қайта ораламыз

 Газетіміздің 18 май күнгі санында қарағандылық Жарқын Шәкәрімовтың «Талғам және осакаровкалық домбыралар» деген мақаласы жарияланған еді. Онда қазіргі домбыралардың сапасыздығы сөз болған. Осы мақалаға сәйкес көптеген хаттар келіп түсуде. Төменде Құрманғазы атындағы өнер институтының оқытушысы Болат Сарыбаевтың пікір-толғамын ұсынып отырмыз.

Болат САРЫБАЕВ 

1968 жыл. Алматы

МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТЫ МУЗЕЙДЕН ҒАНА КӨРМЕЙІК

Бұл толғағы жеткен мәселе. Музыка мәдениетінің жан-жақты дамуы, талантты әншілер мен күйшілердің көбейуі, көптеген ансамбльдер мен оркестрлердің жаңадан ұйымдастырылуы аспаптардың түрлері мен жасалу сапасын үздіксіз жетілдіріп отыруды талап етеді.

Халық аспаптарын жасау дұрыс жолға қойылмау себебінен көптеген музыкалық училищелерде, мектептерда домбыра мен қобыз кластары ұйымдастырылмай келеді. Тіпті, Құрманғазы атындағы өнер институтының халық аспаптар факультеті студенттеріне керекті домбыра таба алмағандықтан осы пән көптен ақсап жүр.

Осы тақырыпты түптей «Лениншіл жас» газеті көтерген мәселе әбден орынды дер едім. Соңғы бір мақалада Қарағанды училищесінің 4 курс студенті Жарқын Шәкәрімов: «Саусақ тиер-тиместен күмбірлеп тұратын қазақтың бұрынғы домбырасы қайда?» -деп сұрақ қоюы қатты ойландырды.

Ел арасында тәжірибесі көп, домбыра жасаушы шеберлер әлі де жетерлік. Олардың жасаған домбыраларын көптеп кездеструге болады. Айталық, Тамды ауданында жергілікті тұрғындарға белгілі домбыра шебері Бекжасар Есімбаевты, Мерке ауданындағы белгілі шебер Әбіқұл Ақкөзевты  жұртшылық жақсы таниды. Ал, Қош-Ағаш, Таулы автономиялық облысы тұрғындарының арасында көп кездесетін домбыралар түгілімен ағаштан түйін түйген шебер Шөкінов Бурабайдың қолынан шыққан. Гурьев облысына әйгілі шеберлер – Бисенғали Мырзағалиев пен Қалмұхан Оңалбаевтың жасаған домбыралары да қызығарлық. Осындай халық шеберлері жасаған аспаптардың құрылысын, дыбыс бояуын, өрнектерін және басқа да ерекшеліктеріне ден қойып зерттеп, толығынан игеру әрі пайдалану мұратты іс болар еді.

Осакаровка фабрикасынан шығатын домбыралардың жалпы құрылысында көптеген кемшіліктер бар. Жасап шығарған аспаптың формасы сан құбылып жүр. Бұдан жиырма жыл бұрын шығарылған домбыралардың бетінде Жамбыл мен Абайдың суреттері болған. Жамбылдың суреті шанағы дөңгелек болып келген домбыраның бетінде салынып, «Жамбылдың домбырасы» аталды да, шанағы сопақ келген домбыраның  бет тақтайшысында Абайдың суреті болғандықтан «Абай домбырасы» аталып ел арасына тарап кеткені мәлім. Домбыраны осы екі түрімен ғана шектеу дұрыс емес. Қазақстанның әр жерінде кездесетін, өте әдемі өрнектелген әрі жұмсақ, қоңыр үнді домбыралардың көптеген түрлері әлі күнге дейін еске алынбай отыр.

Тағы тоқталатын бір мәселе, осы негізднгі домбыралардың біреуін күйге лайықтап, жіңішке, ұзын мойын жасап, екіншісін әнге лайықтап аз пернелі, жуан, қысқа мойын жасап бөлудің өзі тағы да дұрыс емес секілді. Менімше, қай формада домбыра жасалмасын оны күйне дн, әнге де бірдей лайықталынуы керек.  Жасалған аспап ән сүйемелдеуге де, оркестрге де, жарап кетсе домбыра талғап әуіре болмас едік.

 Халық шеберлері аспап шанағын орналастырғанда домбыраның дыбысы күмбірлеп зор шығуына үлкен мән беріп келген. Олардың айтуынша шанақтың мойынға астасатын тұсын кеңірек жасау керек. Бұл пікір шынында да қай жақтың домбырасы болмасын бәріне бірдей тән болған жай. Осакаровка фабрикасында жасалатын домбыралар шанағының мойын жақ жартысы өте тар болып келеді. Сағадағы дыбыстың шықпауы көбінесе осыған байланысты.

 Осы кездің өзінде халық арасындағы домбыра шеберлері, аспапты көбінесе әдемі ойып өрнектеп, не болмаса сүйектен жасайды. Міне, осы ғасырлар бойы дәстүрлі түрде атадан балаға жалғасып келе жатқан халқымыздың бірегей өнерін дамыта түссек нұр үстіне нұр емес пе. Өкінішке сай фабрикада домбыралар өрнексіз жасалады. Ал сол домбыралардың сыртқы қорабын жасап шығару жайында мәселе күні бүгінге дейін нақты шешімін тапқан жоқ.

Қазақ музыкаса аспаптарының түрлері, басқа елдермен салыстырғанда өте аз болуы – олардың көбі ертеде-ақ жойылып кеткен. Көне аспаптары сақталып қалған елдерді алып қарасақ, олардың саны 20 – 30 дың шамасында. Ал, БІЗДЕ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРДА ТАБЫЛҒАН ЖАҢА АСПАПТАРДЫ ҚАЙТАДАН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІП ШЫҒАРУ ІСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕЙ ЖҮР.

Құрманғазы атындағы өнер институтының жанындағы музыка-экспериментальдік шеберхана жаңадан табылған аспаптардан үш жылда шығарғаны жетіған мен шертер ғана. Қазақтың уақыт тұяғында қалған көне аспаптарын қайтадан жасап, ел арасына кеңінен таратуымыз және ансамбль мен оркестрлерге енгізуіміз алдағы тұрған күрделі міндеттердің бірі болып табылады. ТЕК ЖАЛҒЫЗ ДОМБЫРАМЕН ШЕКТЕЛМЕЙ, ЕЛ АРАСЫНДА САҚТАЛЫП ҚАЛҒАН АСПАПТАРДЫ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЙТКЕНДЕ ДЕ ӨЗІНЕ ҚАЙТАРУ, СОНЫМЕН ҚАТАР ҚЫЛҚОБЫЗДЫ, СЫБЫЗҒЫНЫ, ТӨРТ ІШЕКТІ ЖАҢА ҚОБЫЗ БЕН ҮШ ІШЕКТІ ДОМБЫРАЛАРДЫ ЖАҢА ФОРМАДА МОЛДАП ЖАСАП ШЫҒАРУ ЖАҒЫН ОЙЛАСТЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ.

Соңғы кезде табылған этнографтардың еңбектеріне, халық аузындағы аңыз - әңгімелерге, эпосқа сүйенсек, ертеде шертер, шаңқобыз, қамыс сырнай;  халық оркестрлерінде, ансамбльдерде кеңінен пайдалануға болатын көптеген аспаптардан: дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, даңғыра, асатаяқ сияқты аспаптарды атауымызға әбден болады.

Осы кездегі өнерпаздар үйірмелеріндегі халық аспаптар оркестрін алы қарасақ, өткен ғасырлардан бері халқымыздың арасында домбырамен қатар кеңінен тарап келген сырнай мен мандолинаны көреміз.  Осы аспаптарды Ленинград, Тула, Саратов және қалаларындағы музыка аспаптары фабрикасы жасап, біздің де республикамызға жібереді. Сол аспаптар халық арасына кең тарап кеткендіктен және қазақтың ән-күйімен тығыз байланысты болғандықтан, мандолин мен гармоньды қазақ аспаптарының формасына жақындатып шығаруды ойластырған жөн.

Осы кезде музыкалық аспаптарды жасау жағы осындай төмен халде болуы, бір жағынан шебер кадрлардың тапшылығына саяды.

Мәселен, фабриканың өзі алыс (Қарағанды облысы, Осакаровка ауданында) бір кішкентай поселкеде орналасуы былай тұрсын, тіпті оның ішінде домбыраны білетін бірде-бір кісі жоқ, сол себептен жан-жақтан талап ұсынысты білдірген хаттар оқылмай елеусіз қала береді. Ал, Құрманғазы атындағы өнер инститктының жанындағы музыка-экспериментальдік шеберханасының алғаш ұйымдасқан – 1956 жылдан бері бірде-бір тұрақты ғылми жетекшісі болған жоқ. Осындай жағдайлармен байланысты шеберхана өзінің жұмысында ғылыми негізде бірде-бір өнімді қортындыға келмеді.

Шеберхананың ғылыми жетекшісіз жұмыс істеп келе жатқанына сегіз айдан асып барады. Демек, келешекте кадрларды дұрыс іріктеп, жастарды зергерлікке баули түскен абзал.

Бүгінгі күнге дейін аспаптар жайында көп айтылып келсе де шынайы нәтижесін таппауы кімді болса да ойлантары сөзсіз. Олай болса, халықтың өтініші ескерусіз қалмағаны ләзім.

 Болат САРЫБАЕВ

Құрманғазы атындағы өнер институтының доцент міндетін атқарушы.

«Лениншіл жас» газеті, 19 июль, 1968 жыл 

655 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz