Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 26.04.2024

Ұлы Даланың Ұлы дүбірі Біләл дүлдүлдің бал бармағынан күй болып төгілді.

 

СӘТТІ  МАҚАЛА

Қазақ музыка өнерінің мақтанышы Біләл Ысқақовтың 2014 жылы аталып өткен 60 жылдық мерейтойында, оның шығармашылығы  жайлы мақала жазып «Қазақ әдебиеті» газетінің  2014 жылғы 31 қазан күнгі санында жарияладым.

Мақалам газет бетінде жарияланар алдында Біләлге айтқаным:

Бәке кеш жарық!

Үй іш-бала шаға тегіс аманшылықта болар. Өзің жайлы мақала осылайша өрбіді. Консерватория қасиетті қара шаңырақ қой. Мұнда ұстаз болу әркімдердің қолынан келе бермейді. Консерватория 1944 жылы шаңырақ көтергенімен 1945 жылы алғашқы ректоры болған адам Ахмет Жұбанов дегенді естігенбіз. Сондықтан сол кісінің есімімен байланыстырып бастап, сол кісінің есімімен аяқтатуды жөн санадым. Сенің консерваториядағы жылдар бойғы еңбегің ұшан-теңіз. Ұстаздық еңбектеріңе сай мақалада өзіңді Ахмет Жұбановтармен байланыстыра отырып тіпті бұл күндерде сол жолды жалғастырушы ретінде, толағай-теңіз жетістіктеріңді айшықтау мақала жазудағы басты мақсатым болды. Анау бір жылдарда сен қатысқан  концерттердің бірінде Еркеғали Рахмадиевтың залда отырып сенің күй тартқаныңа сүйсінгенін өз көзіммен көріп, құлағыммен естігемін.  Негізінде, мақала желісін консерваториямен байланыстырғанды дұрыс деп санадым. Мақаланың осы формасы арқылы шығармашылығың аталынды. Қасиетті Алпан әке мен Айтбүбі анамыздың да есімдері аталады.

Өзің жайлы жазылған осы мақаланы «Қазақ Әдебиеті» газетіне ұсынамын, деп отырмын. Іске сәт, дейік!

Сәлеммен Жарқын аға. 19.10.14

Төменде, жарыққа шыққан сол мақаланы оқыңыздар

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Халқымыздың музыка мамандарын дайындауда 1944 жылы Алматыда шаңырақ көтерген Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның алатын орны ерекше. Арада бір жыл өтпей жатып  осы консерваторияның ректор болып Ахмет Жұбановтың тағайындалғаны, Құрманбек Жандарбеков, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиев, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Болат Сарыбаев, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастанов, Фатима Балғаева  тәрізді небір өнер саңлақтарының алғашқы ұстаздары болғаны музыка мәдениетіміздің тарихынан белгілі. Осы тұрғыдан алғанда консерваторияның бүгінгі ұстаздарынан кімдер бар екен, деген сауал туындалып қолымызға қалам алдыруға себепкер болды. Республикамызға өте-мөте танымал өнер қайраткері, әлденеше рет Халықаралық және Республикалық деңгейдегі дәстүрлі орындаушылар конкурсының лауреаты атанған Біләл Ысқақов консерваторияның профессоры еді ғой деген оймен әуелі осы Біләлдің шығармашылығы жайлы әңгімелеуді жөн санадық.  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Біләл Ысқақов бар өмірін музыкаға арнап көп жылдар бойы консерваторияда ұстаздық етуде. Ол халық  музыка аспаптары факультетіеің деканы және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ұстаз ретінде домбыра мамандығы бойынша жекелей шәкірттер тәрбиелейді. Біләлдің бойында студент шәкірттеріне ерекше білім дарыта алатын сегіз қырлы өнер қасиеті бар екен.  Сол өнерін жарқыратып көрсетіп жүрген жайы бар. Ол әуелі қолына домбыра ұстаған орындаушы, күйші одан соң музыкалық шығармалардың нотасын жаза алатын таптырмайтын маман. Жүзден астам шәкірттер тәрбиелеген ұстаз, зерттеушілік қыры тағы бар. Нақтылай айтқанда Біләлді музыка саласының шын мәніндегі қайраткері десе болады. Бұл ойымызды құптайтын дәлелдер жеткілікті.

Мәселен ол соноу 1978 жылы 50 домбырашы қатысқан Республикалық бірінші жас орындаушылар конкурсының бас жүлдесін жеңіп алып  бармағынан бал тамған жас орындаушы ретінде  танылды. Дәл осы жылы ол Чайковский атындағы Алматының музыкалық училищесін бітіріп консерваторияға оқуға түсті.

Консерватоиядағы кезекті концерттердің бірінде жас жігіттің домбыра тартқанына риза болған композитор Еркеғали Рахмадиев: «Домбырасы сөйлегендей, күйі күңіренгендей, жанға жайлы құлаққа жағымды орындайды екен», деп баға бергенін  мына көзіміз көріп, құлағымыз естіген.  Әйткенмен де Біләлдің домбырға талпынысына қаршадай бала кезінде одан  да бұрын бата да, баға да берген адамдар болған. Солардың алғашқысы Біләлдің нағашы атасы Қасқырбай қарт баланың домбыра ұстаған ыңғайын жақсылыққа балап: «адами қасиетің бес уақыт намазын  қаза қылмайтын әкең Алпанға тартыпты, ақылдылығың мен домбыраға әуестігің ән-жыр дарыған анаң Айтбүбіден аумай қалыпты, өнерге деген талабың нағашыларыңа тартқан екен», деп бата беріп баулыған екен. Одан соң дейді Біләл: домбыраға қатты қызыққанымды байқаған әкем  10 жасымда Ақсуаттағы туыстарымыз Бағаналы мен Мәткәрімдерге ертіп апарды. Сол сапарымда жорға күйшілерді алғаш көрдім. 1969 жылы әкем Аякөзде тұратын  Тәттімбеттің туған немересі Шайхы ақсақалға ертіп апарып, батасын алғызды. Ол кісіге    одан кейін де жастық талпыныспен әлденеше рет іздеп барып сыр бөліскемін. Ал аулымыздағы Сапаржан күйшінің мен үшін орны өте бөлек болды. Күйші болуыма сол кісі басты бағыт берді», дейді. Біләлдің туып өскен, кіндік кескен жері Үржар ауданының Таскескен ауылы. Ол Таскескендегі Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқй жүріп 1961 жылы Шыңжаң елінің Шағантоғай жерінен келіп Таскескенге қоныстанған Шағантоғайдың шаң жұқтырмас домбырашысы атанған әйгілі домбырашы Сапаржан Торсықбаевтың алдын көріп тәлім алған. Біләлдің: «- күйші болуыма сол кісі басты бағыт берді», дейтіні сондықтан. Біләл өнерге талпынған қалпы әуелі Алматының П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищесінде, одан соң қазақтың әйгілі дирижеры һәм композиторы Айтқали Жайымовтың домбыра класы бойынша Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға оқуға түсіп білімін жетілдірді. Сол шабытпен сол бағытпен өнерімен өрге жүзіп жылдар өте келе халқының алдында жарқырап көрінді. Бұл ойымыз оның шығармашылығына көз жүгірткенде айқындала түседі. Мәселен ол, 2004-жылы Сеул қаласында өткен Халықаралық орындаушылар конкурсына қатысып лауреат атанды. 2000 және 2005 жылдарда  Республикалық күй сайыстарына қатысып қатарынан екі рет Бас жүлдегер атанды. Оның үстіне Біләл радио мен теледидар эфирлеріне, сахнадағы концерттерге үзбей шығып жұртшылыққа танылды. Қай күйді орындаса  да қолының алымдылығымен, саусақтарының салымдығымен айырықшаланады. Ол күй орындаса, әсіресе шығарманың шырқау биігіндегі күльминациялық сәттерінде перне басудағы «выбирациялық» ерекшеліктер арқылы  күй ырғағын тербелтіп, тебірентіп жеткізеді, тыңдаушы құлағын шымырлатады.   Басында атап өткеніміздей Біләл Ысқақовтың ұстаздық еңбек жолындағы баспа жүзін көрген зертеушілік еңбектері, жарыққа шығарған кітаптары жеке зерттеуді қажет ететін, жеке мақала жазатын болашақтың еншісіндегі арнайы тақырып болмақ. Әйткенмен де осы орайда оның ел назарына іліккен еңбектерін атап өтуді жөн санадық.  Кезінде Құдайберген Жұбановтың «Күй кітапшасы», Ахмет Жұбановтың «Музыка әліппесі», Хабидолла Тастановтың «Алғашқы домбыра үйрену мектебі» Латиф Хамиди мен Бисенғали Ғизатовтың «Домбыра үйрену мектбі», Тмат Мерғалиевтың «Домбыра сазы» кітаптары жазылғанын білеміз. Алайда олар өткен заманның еншісінде қалды. Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанның музыкалық мұрасын дамытудың бағыты өзгерді. Мәдениетіміздің өркендеу жолы жаңаша бастау алып, жаңа қоғамның заманауи ағымына түсті. Жаңаша даму жолына түстік. Ендігі бағыт бүгінгі жастарды тәрбиелеуде жаңаша еңбектену, жаңаша  құндылық жолына түсу қажет болды. Бұл орайда Біләл Ысқақвотың ғылыми еңбектері, шығарған кітаптары жетерлік. Ол музыкалық білім орындарына арналған 20-дан астам кітаптардыың авторы. Оның – «Музыка мектептеріне арналған оқулық-бағдарлама» деген кітабы соноу 1986 жылы жарық көрген.

Содан бастап әр жылдрда  «Домбыра үйрену мектебі», «Домбыра ойнау мектебі», «Домбыра мамандығына арналған әдістемелік нұсқау», «Музыкалық училищелеріне арналған оқулық бағдарлама», «Оркестрге арналған партитуралар жинағы», «5-сынып оқулығы», «6-сынып оқулығы», «Музыка хрестоматиясы», «Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы», Төлеген Момбеков шығармашылығына арналған «Салтанат» күйлер жинағы, «Музыкалық оқулық», «Музыка оқыту әдістемесі», «Қазақтың дәстүрлі музыка өнері», «Сарыарқа саздары», «Домбыра мамандығына арналған әдістемелік нұсқау» кітаптары бүгінгі таңдағы музыкалық оқу орындарының студенттері үшін таптырмайтын оқу құралдарына айналды. Бұлардан басқа 1000-нан астам ән-күйлерді нотаға түсіріп, баспадан шығарды, көптеген күй жинақтарына алғы сөз жазды. Осылардың  сыртында Біләл Ысқақов сирек орындалып жүрген күйлердің нотасын қағазға түсіріп, баспа бетінде жариялап, халыққа жеткізуде де ерекше танылды.  Сол еңбектерінің бір де бірегейі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей ық­палымен құрамында Біләл Ыс­қа­қов, Айтқали Жайымов, Еділ Құ­сайынов сынды музыка ма­ман­дары, зерттеушілері мен ор­ындаушылары бар топ құрып, солардың еңбектенуімен Шыңжаң елінен атажұртқа жеткізген Долда Кенешұлы жинаған әндер мен күйлерден «Шыңжаң қазақтарының рухани мәдениет үлгілері» атты жеті томнан тұратын аса қомақты кітап жарық көргені белгілі. Біләл Ысқақов 7 томдық  «Қазақ музыкасы» антологиясы,  2 томдық «Алтай-Тарбағатай өңірінің халық әндері», 2 томдық «Алтай-Тарбағатай өңірінің домбыра күйлері» сондай-ақ «Алтай-Тарбағатай өңірінің сыбызғы күйлері» кітаптары авторларының бірі ретінде ерекше көзге түсті. Осы кітаптың домбыра күйлері бөліміне  Біләл өз қолымен 400 күйлердің  нотасын түсіріп кітапқа енгізгенін  ерекше атап айту парыз. 

      Осылармен қатар Біләл Ысқақов 2009 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің  тікелей басшылағымен - «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарыққа шыққын «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» анталогиясының редакциялық кеңесінің құрамында болды.  Біләлдің өзі де анталогияда сирек орындалатын 5 күй орындап берді.  Қазақ музыка мәдениетіндегі Біләл Ысқақовтың көзге көрініп тұрған келесі бір елеулі еңбегі – Қаратау өңірінен, Созақ елінен шыққан әйгілі  композитор Сүгірдің көзін көрген, сұңғыла сазды күйші Төлеген Момбековтың күйшілік мұрасын зерттеп, көлемді еңбек жазуы болды. Шындығын айтқанда Төлеген күйлерін толығымен жинап жекелей кітап етіп бұрын соңды жарыққа шығарған адам болған жоқ. Рас оның орындауындағы күйтабақтар шықты. Басқа авторлардың кітаптарына кейбір күйлері басылып жарық көрді. Ал «Өнер» баспасынан 1995 жылы жарық көрген Төлеген Момбековтың   32 күйін толықтай қамтитын Біләлдің «Салтанат» атты кітабы сөз жоқ қазақ музыка мәдениетіндегі дәстүрлі музыкамызды насихаттаудағы фундаменнтальдық әрі классикалық еңбектердің бірі болып табылады.  Бұл кітап бұл күндерде халқымыздың мәдени асыл қазынасына, музыкалық мұрасына айналғаны шындық Біләл Төлеген күйлерін нотаға түсіріп қана қоймай композитордың әр күйін жекелей талдап музыкалық ерекшеліетерін айшықтаған. Орындаушылық ерекшеліктеріне мән берген. «Төлеген күйлерінің негізгі қасиеті, дейді Біләл, - қағыс қағу тәсілдерінде. Бұл орайда, алдымен ауызға алар ерекшелік – сұқ саусақтың ішкі жағымен жоғары бағытта қос ішекті бірінен соң бірін тізбектей қағу әдісі. Автор күй көркемдігі үшін осы амалды барынша сарқа пайдаланып, сол арқылы құлаққа жағымды, әдемі үндестік беретін тың нақыш, жаңа иірімдер тудыра білген», деп композитор күйлерін ноталық негізбен де, теориялық үлгімен де айшықтаған.

    Біләл Ысқақов кезінде консерваторияда Уәли Бекенов бастаған шертпе күй класын одан әрі дамытуға да ерекше үлес қосты. Шертпе күйлердің толыққанды оқытылуы үшін, дейді Біләл «консерватория қабырғасынан 2000-жылы арнайы Тәттімбет атындағы шертпе күй класын аштық. Класс демеушісі әйгілі меценат – Амангелді Ермегияев аға болды. Онда осы күйлерді тартуға бейімі бар студенттерді жинап қосымша сабақ беріп келем. Ел ішіндегі күйшілерді де осында шақыртып отырамыз. Болашақта осы класты ғылыми-зерттеу орталығына бейімдесек деймін», деп өз ойын ортаға салды.  Одан әрі Біләл: Ұлттық құндылығымыздың бірегейі - күй өнеріне деген шынайы жанашырлық қызмет жоқтың қасы, осыны биліктегілер де ойлағаны жөн.  Күйшілер өнерінің қажетті деңгейде насихатталуына алдымен концерттік ұжымдарды жұмылдыру керек. Филармония, түрлі мәдениет мекемелерінде штаттық музыкатанушылар, лекторлар қызметі қажет. Кезінде академик Рахманқұл Бердібаев Алматы қалалық халық университетінде дәстүрлі өнерді насихаттауға көп үлес қосқаны белгілі. Болашақта ұлттық музыканы арнайы насихаттайтын продюсерлік орталықтар ұйымдастыру қпжет».   деп  жанайқайын да жеткізді.   Студенттерге тәрбие беруде Біләлдің өз әдістемелік үлгісі бар. Ол әуелі    алдына келген шәкіртінің өнерге деген құлшыныс талабының деңгейін білуден бастайды. Мінезін, шеберлік деңгейін, ынтасын байқап барып, бағдарлама ұсынады.. Сонымен қатар, сабақ сайын шәкірттерін қызықтырып алға жетелейтін ойлар айтып ынталандырады. Мысалы «мына бір күй сенің орындауыңда құлпырып кететін   сияқты» дейді,  немесе «өзіңді өзің жақсы тәрбиелейді екенсің» деген тәрізді ақыл кеңес айтса шәкіртінің көзі жайнай түсіп талпынысқа жетелейді. Ұстаздың басты міндеттерінің бірі –     шәкірттерінің рухани түсінігін байытып, шабыттандырып отыру ғой. Мұндайда педагогикалық тәжірибенің орны өте ерекше болуға тисті.  Осындай қажымай-талмай атқарған еңбегінің арқасында Біәлдің 300-ге тарта шәкірттері түлеп ұшып осы күндерде әр өңірде еңбек етуде. Солардың ішінде Асылбек Еңсепов, Бейбарыс Хамзин, Бекбол Құрақбаев, Ольга Желтухина, Георгий Югай, Жаңыл Бұхарбаева, Абылайхан Сқақов т.б. елімізге танылған шәкірттерін атап өтуге болады.

     Иә, «Еңбек ширатады, өмір үйретеді» демекші көптеген жылдар бойғы ұстаздық және орындаушылық еңбектерімен ел назарына ілінген Біләл Ысқақовтың шығармашылығына көз жүгіртсек оның өнер жолындағы бел –белестері, соқпақ жолдары осылайша сайрап жатқанын және сан қырлы, сан-салалы екенін байқаймыз. Ол тәрбйелеген шәкірттер, ол жазған сандаған кітаптар, оның көп жылдар бойғы  ұстаздық принципі, ол орындаған күйлер – міне осылардың бәрі де басында атап өткеніміздей академик Ахмет Жұбановтың соноу 1944 жылы негізін қалауға атсалысқан, шаңырақ көтерген консерваторияның жетпіс жыл толғандағы, бүгінгі таңдағы жетістіктеріне Біләл Ысқақовтың қосқан елеулі үлесі екендігінде дау жоқ. Бұл шығар күндей шындық. Және осыны Біләлдің бар асылы түгел жайнаған 60 деген құрметті жасқа толып отырған тал түстен ауған шағында анық көріп отырмыз. Біләлдің 60 жасқа толу мерейтойымен консервторияның 70 жылдық мерекесі тұспа-тұс қатарлас келуі жақсылықтың нышаны. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, дейді ғой халқымыз  1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырыған, немере сүйіп ел қадіріне бөленіп отырған,  беделі мен абыройы асқақтаған, еңбегі жарқыраған Қазақстан Республиксының мәдениет қайраткері, Халықаралық және Республикалық дәстүрлі орындаушылар конкурсының әлденеше дүркін лауреаты, консерваторияның ұстазы, профессор Біләл Алпанұлына алдағы уақыттарда да қажымай-талмай өнердегі асқаралы биіктерді игере бер деген тілек білдіреміз.

 «Қазақ әдебиеті» газеті, 31 қазан, 2014 жыл.   Жарқын ШӘКӘРІМ

Хостинг от uCoz