Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сейсенбі, 11.12.2018

ТАЛАСБЕК  ЖАРҚЫН ЖАЙЛЫ:

Жарқын Шәкәрім  – 60 жылдардың аяғы мен 70 – жылдардың басында мәдениетке келген талантты толқынныің бел ортасында жүргендердің бірі. Тумысында музыкант болып жаратылған адам, жүрген жерінде қазақ өнеріне қатысты мәлімет жинап жүреді. Өмір бойы жинаған мол мәліметтерді қорытып, үлкен-үлкен зерттеу еңбектерін жазған. Жарқынның қазақ мәдениетіне қосқан салмақты үлесі – Мәскеуден Әміре Қашаубаевтың дауысын тапқандығы. Әміре – Париждегі қазақ өнерінің күндеріне барған. Мұстафа Шоқаймен жақын араласқан. Ақыры НКВД соңына түсіп, тергеп, қуғун-сүргінге ұшыраған. Көп уақытқа дейін Әміреге қара күйе жағылып келді. Ақталғаннан кейін оның жазбалары Парижден басқа еш жерде жоқ болып шықты.  Франция үкіметімен келіссөз жүргізілгенімен, осы елдің сұраған ақшасын тауып беру қиынға соққан. Жарқын іздей-іздей, Әміренің дауысын Мәскеуден тапты.  «Мелодия» фирмасы арқылы жазбаны өңдетіп, күйтабақ шығарғаны есімде. Бұл – қазақ мәдениетіндегі үлкен құбылыс болды.

Жарқын Шәкәрімнің қазіргі орындаушылық өнерге сіңірген еңбегі өте зор. Қазір Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов сияқты ұлы күйшілердің жазбаларын музыкалық дүкенндердің кез- келгенініен табуға болады.  Бірақ 60-шы жылдары олардың бірі де болмаған. Жарқын Мәскеудің мұрағаттарынан 30 - 40 жылдары қазақ күйшілері орындағын күйлер жазылған таспаларды радиоға әкелген, күйтабақ шығарған. Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Дина Нұрпейісова, Лұқпан Мұхитов сияқты қазақ күй өнері тарландарының қазаққа қайта келуі, күйтабақтарының шығуы, бүгінгі орындаушылық өнерге ықпал етуі – бәрі Жарқынның еңбегінің арқасы.

Жарқынның енді бір үлкен еңбегі – қазаққа үш ішекті домбыраны қайта әкелуінде. Бұл аспап Абайдың мұражайында тұрғанымен, репертуары жоқ, қолданыстан шығып қалған. Қытай мен Монғолиядан табылған күйлерде бурданды, яғни үш ішектің өте төмен дыбысы кездеседі екен. Жарқын сол күйлерге сүйене отырып, үш ішекті домбыраның репертуары мен техникасын қалпына келтірген. Қазір кей әншілер осы үш ішекті домбыраның сүйемелдеуімен ән айтатын болды. Мысалы, Бекболат Тілеуханов  «Жорғатай» деген әнді үш ішекті домбыраның сүйемелдеуімен айттады.

1980 жылы күзде Болат Сарыбаевтың ықпалымен Алматыда музыкалық аспап мұражайы ашылды. Жарқын мұражайдың қаз басып тұрып кетуіне үлкен ыықпал еткен. Ел ішін аралап жүріп аспаптар жинаған. Әлі есімде, Әбікен Хасеновтың бәйібшесі Шәкен апай Әбікеннің домбырасын өткізіп кетті. Сосын Манарбек Ержановтың балалары келді. Дәулет Мықтыбаевтың үйіндегі қобызын арнайы бпарып алдық. Өзбекәлі Жәнібеков екеуі барып Әшімбек Бектасов деген кісінің үйінде сақталан Біржан салдың домбырасын алды. Теледидарда қазақ музыкеасының даңқын шығарған «Күй кереун», «Күй дастан» сияқты хабарларды ашқан да Жарқын Шәкәрім.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ «Алматы ақшамы» газеті, 2007 жыл, 12 маусым

 

ЖАРҚЫН ТАЛАСБЕК ЖАЙЛЫ:

Екеуіміздің ағалы інілі достығымыз екі кезеңнен тұрады.

Біріншісі: 1969-1980 жылдар аралығы. Бұл кезеңде оқушы Таласбектің Шұбартаудағы үйіне барғаным және одан арғы жылдары екеуіміздің бірлескен жұмыстарымыз жайлы сөз болады.

Екіншісі:  1980-1990 жылдар аралығы. Таласбекті Алматыға шақырып алғаным және одан арғы жылдары бірлесіп  жұмыс атқарғанымыз жайлы баяндалады. Бұл кезең жөнінде алда "Таласбекті тану" деген арнайы мақаламда айтатын боламын.

Осы екі кезең жайлы төмендегідей түсіндіріп беруге болады.

Әуелгісі, Алланың қалауымен ХХ ғасырдың 1969 жылы, Шұбартау ауданына,Таласбектің үйіне барғанымнан басталады. Баруыма себеп болған әнші Жүсіпбек Елебеков болды. Олай дейтінім, ол кезде мен Жүсіпбек ағаның гастрольдік сапарларында жанында жүріп, алып-кел, шауып-кел дейтін баласы әрі сахнаға шығып күй орындаушысы болдым. Жүсекеңнің концерттік киімдері салынған қоржыны мен домбырасын күнделікті көтеріп жүремін.  Барған жердің көше-көшелеріне Жүсекеңнің афишасын желімдеймін, кешкілікте есікте тұрып билеттің шетін жыртушы контролер бола қаламын. Кей кездері Жүсекең мені еркелетіп "Шайтан судан аулақ жүретін, темекі дегенді білмейтін, артық ауыз сөзі жоқ, тап-таза мөлдір балам" дейтін. Ұлы адамның алдында маған ауыз ашу, сөз қату деген болмайды. Қайда жұмсаса да, не айтса да, айтты бітті "робот" тірізді үндеместен бұлжытпай жүгіре жөнелемін. "Ана жүгірмектің сахнаға шығатын уақыты боп қалды" деп белгі бергенде сахнаға да шығып күйлер орындап та үлгеремін.  Қонақ үйге орналасқан сәтте тамақ әзірлеймін, кешкілікте жон арқасының қыртыс-тыртысын жазып  уақлап беремін. Түн ішінде жүгіруге қажет болар деп, мені есік жақтағы еденде төселген киізге, тері тулаққа жатқызады. Қарт адам ғой, өзі жоғары жақтағы қалың әрі жұмсақ мамық құстөсекке жантаяды. Күні-түні қасындамын. Жанынан бір босатпайды. Жүсекең осылайша мені бес жыл бойы әрі күйшісі, әрі қолбаласы  етіп ұстады. Күндердің бір күнінде 1969 жылы Семей облысындағы Шұбартау ауданына концерт қоюға бардық. Сол сапарымызда Калинин деген совхозда Жүсекең мені Жүнісбай деген қарт күйшінің үйіне түнеп шығуға жіберді. Алланың қалауы ғой сол күні, сол үйде Жүнісбайдың, бауырыма басып алдым, деп таныстырған Таласбек деген мектепте оқып жүрген оқушы баласымен әңгімеміз жараса кетті. Оқушы бала Байжігіт күйлерін орындап берді. Мен болсам баланың болашақ өнер жолына бағыт-бағдар сілтеп, ақылымды айттым. Оқушы бала зерек екен, маған бірден бауыр басты. Менің аңғал-саңғал мінезімнен, қарапайым ауыл адамдарына тән түрімнен, бір жақындық тапқандай әлгі оқушы алдымнан айналсоқтап, кесе-көлденең сұрақ қойды, домбыра тартты. Арасында: «Жүнісбай атам, Алматыдан келген жылы жүзді біреуге қосып, беріп жіберемін. Содан үлкен жерге, үлкен қалаға барып оқисың, деген соң сізді сынап отырмын", деді, әлгі бала. Сол сәттегі мен айтқан ақыл-кеңесттерді бала Таласбек есіне сақтағаны соншалықты, 10 сынып бітіргеннен кейін Алматыға мені іздеп келді.   Сөйтсем Таласбегім бірге туған Бақыт деген апайының қолдауымен Алматыдағы медициналық институтқа түсіпті. Сол институттың студенті екен. «Дәрігер мамандығын оқып жатсам да домбырадан қашып қайда барамын», деп тұр Таласбегім, есіктен кіре бере. - Мединститутта оқығым келмейді, Жүнісбай атамның сізге бар деген, тапсырмасымен келдім, сізге келдім деді Таласбек, сөзін жалғап. «Бір жақсы адам болса, нұр жүзінде бір тамшы жамандықтың ізі жоқ, Жарқын ағаң болар, сол Жарқынды тауып ал да жағала», деген Жүнісбай атам. Сондықтан Сізді  іздеп келдім, деді Таласбек. Сүймеген мамандықты зорлап оқуға болмайды ғой, Таласбектің мединститутты неге тастап кеткенін 1976 жылдың 3 қаңтар күнгі Мурманскден жазған хатынан түсінгемін. Онда Институт рекоры Қарынбаев деген кісінің Таласбекке баға қоймай қойғанын, институтты тастап кеткенін айта келіп: «Біз өзі бес ағайындымыз. Екі үлкен ағам оқымай ауылда бықсып қалғаннан кейін, оқып адам болсын деп Бақыт апайым алып келіп түсіріп еді осы оқуға. Әйтпегенде Жүнісбайдың малын бағып қалатын едім ауылда. Мен өмірді енді түсіндім. Оқудың орайы келмесе бәрібір сол қалада қалам барғаннан кейін», деп жазған болатын Таласбек.

Содан 1969-1980 жылдар арасында Таласбек екеуіміз талай-талай игі жақсы жұмыстар атқардық. Сол жылдары Таласбек  ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға түсіп алды. Байжігіт күйлерін керемет орындағаны үшін Мұхтар Мағауын Таласбектің талантына ерекше мән беріп бағалады. Сол жүргенде Мұхтар Мағауин екеуіміз Байжігіттің күйлерін орындатып Таласбекті телевизияға шығардық. Мен ол кезде Мәскеудің «Мелодия» деген күйтабаққа жазу фирмасының Алматы бөлімшесінде қызмет атқаратынмын. Мәскеудегісі бар, Алматыдағысы бар Әбікен Хасеновтың күйлер топтамасын толығымен жинап, өзім жинақтап, күйтабаған шығардық. Әбікеннен кейін іле-шала Таласбектің Байжігіт күйлерін орындаған күйтабағын шығардым. Жарыққа шыққан  күйтабағын және  рубльмен есептелген гонорарын (ақшасын) Мурманскде әскерде жүрген Таласбекке жібердім. Ол ерекше қуанғанын білдіріп, хат жазды.

ТАЛАСБЕК:   - Жәке салған переводыңызды алдым. Көп рахмет, дейді Таласбек, жазған хатында.

Сіздің салған переводыңыздың сыртындағы «грамзапись» деген штампты көрегенде біздің частьтің командирі, бұл немене, деп сұрады. Мен пластинка деп едім,  жаман таң қалды. Содан Североморсктан домбыра алдырып берем, біздің частьта қал дейді. Оны әлі көреміз, деп жазды Таласбек.

Жалпы Таласбектің жазған хаттарында мені ерекше сыйлайтыны, аға тұтатыны анық байқалады. Жарқын ағасына деген бауырлық  жан сезімінің белгісі ретінде: «Сізді түсімде көрдім», десе, енді бір жазған хатында, «Бұл өмірде Сізден артық кімім бар», енді бір хатында  «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген тәрізді жан жылуын тербететін сөздермен айшықтап жеткізіп отырған.

Өмірде бірге тумаса да, бір туғандай болып кететін адамдар болады. 1969-1980 жылдар аралығында Таласбектің туысқаншық сезімдегі  түпкі ойында мен күнделікті жүрдім. Менің ойымда Таласбек күнделікті жүрді. Екеуіміздің екі бөлек шығармашылығымыздағы бастау да сол жылдардан нәр алды. Сол бір жылдардан басталды.

Міне, 1980 жыл да келді. Таласбек  институт бітірді. Адам болған соң тағдырдың қызғы мен қиыншылығы қатар жүреді ғой. Менің оған, оның маған тағы бір бауыр басып, қатарласып бірге жүрген кездеріміз 1980 жылдан бастап тағы да жалғасты. Бірге жүруімізге себеп болған жағдай менің 1980 жылы, жаңадан ашылған Республикалық халық музыка аспаптары музейіне директор болып тағайындалуым болды.

Ауылда жүрген Таласбекті Алматыға шақырып алдым.

ТАЛАСБЕК:  1980 жылы  мен ҚазПИ-дің филология факультетін тәмамдадым. Жаз бойы елде болдым. Бірақ, ауылдан жұмыстың реті келмеді. Аудандық оқу бөліміне барғанымда онда отырған қызметкер әйел бүкіл аудан көлеміндегі мектептермен хабарласып, бір мұғалімдік орын тауып бере алмаған. Міне, осылайша, не істерге білмей әрі-сәрі күйде жүргенімде Алматыдан Жарқын ағам телефон шалды.

– Алматыға тез жет, – деген ағам сөзге келмей. – Алдымызда үлкен жұмыс тұр.  Екі күннен кейін Алматыға жеттім, деп жазды Таласбек.  («Алматы ақшамы» газеті, 2013, қыркүйек)

Осылайша Таласбек бауырымды өзім басқарып отырған музейге қызметке алдым.

Сонымен Таласбектің өркениет әлеміндегі шексіз кеңістік қиянына қанат қаққан кезеңі енді басталды. Бойында адамшылықтың нұры қонған, ізгілігтің шамшырағы жанған адамдар болады. Сол адам тереңнен толғап, айналасына жарық түсіре, ақылдың, ғылымның сәулесін төгеді. Ондай адамдарды Алла қарапайымдылыққа тән жаратады екен. Таласбектің мінезі баладай еді, ой толғансы  данадай таңданарлық еді.

Жарқын ШӘКӘРІМ

 

ТАЛАСБЕКТІҢ МУРМАНСКДЕН ЖАРҚЫНҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ     (03.01.1976 жыл)

Амандық хат

Амансыздарма Жарқын аға, жеңгей, тағы басқалар?

Халдарыңыз жақсы, дендеріңіз сау ма?

Ал менен хал жай білмек болсаңыздар халым жақсы, денім сау, бірқалыпты жүріп жатырмын. Жазған хатыңызды алдым. Қуанып қалдым. Пластинкам туралы және телевизордағы хабар туралы жазыпсыз.

Рахмет Жәке! Осының бәрі Сіздің еңбегіңіз ғой Жәке. Сіз болмасаңыз мен кімге керекпін. Халықтың алдына да шығарған Сіз ғой Жәке!

«Ер мойнында қыл арқан шірімейді» - деген мақал бар ғой. Мен де кейін Сіздің бір керегіңізге жарармын!

Ал домбыраға келетін болсақ сіздікінде тұра берсін. Бұл арада домбыра тартатын уақыт жоқ. Бізде ешқандай «старик», «молодой» деген жоқ. Бір призывтың балалары. Жұмысшылар мен бізді күзететін охрана хозвзводты қосқанда 20 адамға толмайды. Айдаладамыз. Ел бетін көрмейміз. Бұдан артық жаза алмаймын. Хаттар әскери цензурадан өтеді. Бар айтарым жұмысымыз құпия. Ал, тіпті тартқым келіп шыдай алмасам кейін өзім хатқа жазып сұратып алармын.

Ал оқу жайына келетін болсақ оны барғаннан кейін шешерміз. Уақыт көп қой. Менің жанымда Сіздің аттасыңыз жатады. Оның да аты Жарқын. Бірақ фамилиясы Аубакиров. Алматының баласы. Екеуіміз доспыз.

Мұхтар ағамен, (Мұхтар Мағауйнді айтып отыр. Ж.Ш.), Гүлбаданмен, Бақытпен кездесіп тұрасыз ба?  

Жәке мен оқуды тастайын деп тастағаным жоқ. Жазғы сессияда және күзгі пересдачада Қарынбаев бар ғой біздің ректор, сол анатомияның дифзачетында қатарынан 3 рет құлатты. Содан жігерім құм болып оқуды тастап кеткенім рас еді. Бірақ Сіз режіп, ұрсады екен деп шындықты айтпай кетіп едім.

Апайым өте ренжіп еді. Біз өзі бес ағайындымыз. Екі үлкен ағам оқымай ауылда бықсып қалғаннан кейін, оқып адам болсын деп Бақыт апайым алып келіп түсіріп еді осы оқуға. Әйтпегенде Жүнісбайдың малын бағып қалатын едім ауылда. Мен өмірді енді түсіндім. Оқудың орайы келмесе бәрібір сол қалада қалам барғаннан кейін.

Ал, Жәке өзіңіз «Мелодияда» істеп жүрсіз бе? (Мен ол кезде Мәскеудің «Мелодия» фирмасының пластинка шығару бөлімшесінде жұмыс атқаратынмын. Талас соны айтып отыр. Ж.Ш.). Гүлбаданға, Бақытқа хат жазып едім олардан әзірге хат жоқ.   Айтпақшы Әбікен ақсақалдың пластинкасы шықты ма?

(Бұл жерде атақты күйші Әбікен Хасеновтың күйтабағы жайлы  айтып отыр. Ж.Ш.) Ал енді не жазам?  Айтпақшы күнде северное сияниені көреміз. Керемет қызық. Теңізден ылғи суық жел соғып тұрады. Бірақ бәріміз қазақпыз. Әңгіме айтып үй туралы ойламауға тырысамыз. Ал бұдан артық не жазам.

Хош сау болыңыз Жәке!

Жазған бауырңыз Талас.

(Әскерде жүріп  Мурманскден  жазған хаты. 1976 жыл. 03.01.76)

 

ТАЛАСБЕКТІҢ МУРМАНСКДЕН ЖАРҚЫНҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ  (09. ІV. 1976 жыл)

Сәлем хат!

Амансыздарма құрметті Жарқын аға, Бақыт жеңгей? Халдарыңыз жақсы дендеріңіз сау ма? Денсаулықтың арқасында бірқалыпты жүріп жатқан боларсыздар. Ал менен хал-жай білмек болсаңыздар халым жақсы, денім сау! Бірқалыпты жүріп жатырмын. Служба «нормально» өтіп жатыр. Менің командировкам әлі біткен жоқ. Осы частьта жұмыс істеп жүрміз.

Алматыда қар еріп, жер кепкен шығар. Ал бұл жақта төрт күн бұрын қатты боран болып жасылдың бәрі басылып қалды. Көктем деген аты ғана. Бірде суық, бірде жылы.

Жәке салған переводыңызды алдым. Көп рахмет.

Ал енді Алматыда қандай жаңалықтар бар. Гүлбаданмен, Бақытжанмен жолығып тұратын шығарсыз. (Гүлбадан мен Бақытжан Таласбектің апайлары. Ж.Ш.)  Халдары қалай?  Омар Хаймулдин ақсақалмен де жолығып тұратын шығарсыз. Қалы қалай? Менен сәлем айтыңыз.

Мұхтар аға командировкада жүр депсіз ғой. Хат келмеген себебі сол екен ғой. Командировкадан келсе менің адресімді беріңізші Жәке, жарайма?! Мүмкін менің хаттарым бармаған шығар.

Сіздің салған переводыңыздың сыртындағы «грамзапись» деген штампты көрегенде біздің частьтің командирі, бұл немене, деп сұрады. Мен пластинка деп едім,  жаман таң қалды. Содан Североморсктан домбыра алдырып берем, біздің частьта қал дейді. Оны әлі көреміз. Алматыда қандай фильмдер болып жатыр. Бұл жақта бізге көрсететіні 40 жылғы ескі фильмдер. Әнеу күні «Көксерек» болды. Орысша.

Әбікен  ағайдың пластинкасы шықты ма? (Таласбек бұл жерде әйгілі орындаушы Әбікен Хасеновтың күйтабағы жайлы айтып отыр. Ж.Ш.) Алматының мәдени өмірінде нендей жаңалық болып жатыр? Осының бәрін хатқа жазыңыз. Мен үшін мұның мәні зор. Менің жанымда Сіздің аттасыңыз бар деп жазып едім ғой. Жарқын Аубакиров. Өзі мен сияқты Алматының политехнический институтын тастап әскерге келген жайы бар. Сөйтіп екі «бывший» студент бір взводта служить етіп жатырмыз. Ақтөбенің бір баласы бар Ахметқали деген. Домбыраны керемет тартады. Жақсы домбырасы бар. Екеуіміз ылғи тартысамыз. Қазанғаптың күйлерін тартады.

Ал көп не жазам!

Хош сау болыңыз!

Көңіл жетер ағайынға менен дұғай сәлем!

Жазған бауырыңыз Таласбек!

9.ІV.1976

 

ТАЛАСБЕК ДҮНИЕДЕН ӨТКЕНДЕ

ЖАРҚЫН АҒАСЫНЫҢ ЖОҚТАҒАНЫ.

Есіңде ме, Таласбек!
Қаршадай бала күніңде,
Домбыраны қолға алып,
Байжігіттен күй ойнап,
Дағдыланған кездерің.
Есіңде ме, Таласбек!
Нағашы атаң Жүнісбай,
Бәйгеден озар тұлпардай,
Құлын - тайдай жаратып,           
Бата беріп, жөн сілтеп,
«Осыдан шығар бірдеңе,
Қатарға енді қосыл»,- деп,
Қанатыңды қатайтып,
Ұзағынан салдырып, 
Күйшілікке баулып ед.
Одан соң айтқан ақылы,
Алматыға бар енді,
Жарқын балам жақтырар,
Сол Жарқынға жет енді,
Деп өзіңді жөнелтті. 
Сен бозбала Таласбек
Ата жолын құп көріп,
Алматыға жетіп ең.
Алматыға жеткен соң,
Көп күттірмей кірісіп,
Байжігіттің күйлерін,
Күйтабаққа түсіріп,
Жарқыратып көрсетіп.
Еліңе тарту етіп ең.
Содан бері, Таласбек,
Елге тарап есімің,
Орындаған күйлерің,
Алты алашқа жетіп ед.
Есіңде, ме Таласбек!
«Бармағынан бал тамған,
Қазақтан шықты бір күйші»,-
Деп тамсана қуанып,
Мұхтар аға Мағауин,
Кекіліңнен бір сипап,
Ақ батасын берген ед.
Содан өтті талай жыл,
Жылы келді 80-ннің.
Аспаптар көне күмбірлеп,
Алматыда шалқыған,
Көне аспабы қазақтың,
Мұражайы ашылған.
Тарихта тұңғыш мұражай,
Болғаннан соң жауапты іс,
Кіріскенбіз бел буып.
Шаңырағын көтеріп,
Қалап едік іргесін.                        
Есіңде ме, Таласбек!
Мұражайды ашуға 
Топ  жинағам жастардан.
Алыс бір жатқан Шұбартау. 
Шұбартаудан шақыртып,
Алматыға алдырып,
Сені де қостым қатарға.
Оң қолым боп сонда сен,
Бірлесіп жүкті көтердің.
Алматының төрінде,
Саз аспаптар қазақтың
Ашылған-ды мұражай. 
Мұражайдың ішінде 
«Сазген» деген ансамбль,
Ұйымдасып біз сонда,
Жетекшілік жасағам.
Күмбір-күмбір күй төккен,
Күйден маржан тізілген, 
Көне сазы «Сазгеннің»
Шарықтады, шалқыды.
Сол ансамбль төрінде,
Жайнаған жүзің нұрланып, 
Байжігіттен күй ойнап,
Оң жағымнан табылдың,
Әй, Таласбек, Таласбек!
Өтті содан талай жыл,
Есейдің де ер жеттің,
Тулады жүрек тамырың,
Тыным таппай бір сәтке.
Тебіреніп толғанып, 
Жанар таудай жалының,
Қоймады сені толқытпай,
Бөлек те туған Таласым,
Дана болып көріндің.
Алтындайын қаламың,
Теңіздейін білімің,
Қазақтың рухын көтердің,
Ойларың мен толғауың,
Әр қазаққа жеткен-ді.
Жазушылық жолында,
Сөзің бір жауһар ғанибет,
Күйшілігің бір төбе,    
Тыңдағанды толқытып 
Сүйсіндірмей қоймайтын.
Абай атам айтқандай,
Дүние мына жалғанда,
Айтып, айтпай не керек,
Кірпіш болып қаландың.
Сөз қадірін білгенге,
Кеудең сенің сыр еді,
Інжу-маржан, ойларың,
Сәуле шашып тұр еді.
Қиналғанда бір қазақ,
Соған тіреу болушы ең.
Қиналғанда бір қазақ,
Соған бөліп көңілді,
Жүрегіне нәр беріп,
Себуші едің сәулеңді.
Беруші едің жылылық.
Дана, сөзді Таласым, 
Асыл сөзді Таласым,
Асыл сөзін қазақтың,
Талай айттың, Таласым!
Осындай оймен жүргенде,
Сал Біржан мен Құнанбай,
Жүрегіңнен орын ап,
Сценарийі киноның,
Қаламыңнан ұшқындап,
Оны да жазып үлгердің,
Сый етіп бір халқыңа.
Осы өнерді мансұқтап,
Біртуар ұлы қазақтың,
Досқанмен жүрдің жарқылдап.  
Еркін самғап қанатың,
Шырқап шексіз аспанға,
Шарықтап еркін жүр едің.
Талантың мен талабың
Сүйсіндіріп  жүргенде,
Аспандап ұшқан аққудай
Ағып өткен жұлдыздай,
Жарқырап бір жүргенде,
Суық хабар жетті де,
Құлазыды жанымыз.
Суық хабар жеткен соң,
Ажалдан хабар келген соң,
Не дейік енді, бауырым,
Жатқан жерің жайлы боп,
Пейіштен болсын орының,
Деп Алладан тілейміз.
Зира-келін, балалар,
Аман болсын енді деп, 
Ғұмырлы болсын ұзақ деп,
Алладан соны тілейміз.
Таласбек-ау, Таласбек!
Аңқылдаған бауырым,
Аспандап ұшқан аққудай,
Саңқылдаған бауырым.
Еркелеткен ел-жұртың,
Ерекше туған бауырым.
Қаз дауысты үніңді,
Енді қайдан естірміз?
Ойнаған қоңыр күйіңді,
Енді қайтіп естірміз?
Таласбек-ау, Таласбек!
Кетіп қайда барасың?
Ақылдың теңін арқалап 
Білімнің кенін сарқып ап,
Кеткенің бе о жаққа,
Шақырды ма Ақселеу?
Жәнібек әлде кім болды?
Жалғанды жалғап қоссын, деп
Тез жеткін енді деген соң,
Жалғадың ба сен енді,
Екі дүние арасын.
Таласбек ау, Таласбек!
Аңқылдаған бауырым,
Аспандап ұшқан аққудай,
Саңқылдаған бауырым,
Еркелеткен ел-жұртың,
Ерекше туған бауырым,
Артыңа бір қарамай,
Кетіп қайда барасың?
Халқыңнан мына қара үзіп,
Қайда кетіп барасың,
Қош, қош, енді, бауырым!

26.10. 2014.  Алматы.       

 

 

 

Хостинг от uCoz