Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 26.04.2024

ҮШ ІШЕКТІ - ҚОСБҰРАУ ДОМБЫРА

Мен үш ішекті-қосбұрау домбыраны қолыма ұстап күйлер орындап жүргенніме 50 жыл болды.

Өз жанымнан ондаған күйлер шығарып халқыма сыйладым.

Елімізде және шетелдерде де үш ішекті домбырада күйлер орындап концерттер бердім.

Радио және теледидар экрандарынан күйлер орындадым.

Жарқын ШӘКӘРІМ

 

Хакім Абай айналасындағы әнші-музыканттар: Үш ішекті домбыра ұстап отырған әнші Әлмағамбет, ақын Ақиық, скрипкашы Түсіпбек.

 

Үш ішекті домбырада әндерін сүйемелдеп, күйлер орындаған ақын, абыз атамыз Шәкір ӘБЕНОВ

 

ҮШ ІШЕКТІ ДОМБЫРА  НЕМЕСЕ  ҚОСБҰРАУ ДОМБЫРА

Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбырадан айырмашылығы –  мұнда оң бұрау мен теріс бұрау қатар тұр. Құлақ күйi қазақтың негізгі оң (кварта) және терiс (квинта) бұрауына қатар келтірілетіндіктен ел ішінде үш ішекті домбыраны  - қосбұрау домбыра деп те атайды.

Осы домбырада орындалатын күйлер үш үн үндестігінде естіледі. Қоңыр сазды әуендермен, күй сарындарымен және аккордты ырғақтармен айшықталады. Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбыраға қарағандағы айырмашылығы тыңдаушы құлағына бір дыбысы, бір үні артық естіледі. Үш ішекті домбырада ежелгі Сақ дәуірінен бастап Түрік қағанаты дәуіріне дейінгі, одан бергі Алтын-Орда замандарындағы сарындарды, Қазақтың хандық заманынан жеткен әуендер мен күйлердің сарындарын, саздарын орындауға мүкіншілік береді. Үш ішекті домбыраның үнінде құлақ шымырлатар, жан тебірентер әдемі дыбыстар үндестігі бар.

Үш ішекті домбыраны кайың, үйеңкi, қарағай тәрiздi ағаштардан жасайды. Құрылысы кең шанақты, жалпақ мойын  үлгiде жасалынады. Шығыс Қазақстан өңірінде үш бұрышты тұмар үлгісінде жасалған домбыралар және бітеу ағаштан жасалған домбыралар да бар. Үш ішекті домбыра туралы алғашқы деректер ХIХ ғасырда өмiр сүрген этнограф ғалымдар А.Алекторов,  Д.Исаев, П.Юдин, А. Харузин еңбектерiнде кездеседi. Жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт- азаттық күрес заманында өмір сүріп сол соғысқа қатысқан халық композиторы Байжiгiт, Құлыншақ домбыралары және Абай ұстаған үш ішекті домбыра бүгiндерi Ықылас атындағы саз аспаптары мұражайында сақтаулы тұр. Үш ішекті домбырада Абайдың баласы Ақылбай, немересi Исрайл, халық ақыны Шәкiр Әбенов, және Шыңғыстау өңірінде Т. Мамырбеков, М. Әзiмханов тәрiздi майталман орындаушылар болған.

Абай, Шәкерім және Шәкір Әбенов аталарымыз күй сарындары мен ән әуендерін үш ішекті домбырада орындап, оның дамуына айтарлықтай үлес қосты.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін қазақ елінде домбыра мен қобыз және сыбызғы аспаптарынан басқа музыкалық аспаптары аталынбай келді. Түрлі себептерге байланысты жоғалдыға саналған, атауы ұмытылып аталмай кеткендері де болды. Тіпті батырлар жырларында кездесетін керней, сырнай дауылпаздан басқа музыкалық аспаптар аталынбай, пайдаланылмады да. Алайда халық жадында сақталғандары жылдар өте келе қайтадан жаңғырды.     

Қазақ халқының өткен дәуірінде, көне музыкалық аспаптардың болғанын алғаш дәлелдеп, ғылыми түрде зерттеген, қайтадан халық игілігіне жаратқан профессор Болат Шамғалиұлы Сарыбаев болды. Ол 1978 жылы «Жалын» баспасынан орыс тілінде «Казахские музыкальные инструменты» деген зерттеу кітабын, 1981 жылы «Өнер» баспасынан  «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген көлемді зерттеу еңбегін шығарды. Болат Сарыбаев тарихи кезеңдерде заман өзгерістеріне сай ұмыт қалған қазақтың музыкалық аспаптарын қажымай-талмай зерттеп, оны іздеп тауып, қайтадан халқына қайтарып өшпес мұра қалдырды.

Өз басым Болат Сарыбаевтың шәкірті ретінде үш ішекті домбыраны қолыма алып, күйлер орындап, аға аманатын жалғастырып жүргеніме, міне, 40 жылдан асты. Орындаған күйлерім қазақ радиосының эфирінен беріліп тұрады. Үш ішекті домбыраны қайтадан жаңғыртып, дамытып жүргенім туралы Қазақстан ұлттық энциклопедиясының ІХ томының 472-бетінде жазылған.   

Бұл күндері үш ішекті домбыра ел ішінде қазақтың негізгі музыкалық аспаптарының бірі ретінде таралуда. Үш ішекті домбыраны қолына ұстап әндерін сүйемелдеген, күй сарындарын орындап, халық алдында түрлі думандарға, ойын сауықтарға, концерттерге қатысып жүрген орындаушы домбырашылар  баршылық. Солардың бір де бірегейі Нұргүл Амантайқызы Әкімқожа.

 

Қазақтың үш ішекті-қосбұрау домбырасында күйлер орындап, күйлердің ноталарын жинастырып, кітап шығарған қызы Нұргүл ӘКІМҚОЖА

Нұргүл Әкімқожаның үш ішекті - қосбұрау домбыраға арналған кітабы.

Хостинг от uCoz