Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 03.05.2024
Басты бет » 2016 » Қыркүйек » 22 » БОЛАТ САРЫБАЕВ: ШАМҒОН ҚАЖЫҒАЛИЕВКЕ АШЫҚ ХАТ
17:23
БОЛАТ САРЫБАЕВ: ШАМҒОН ҚАЖЫҒАЛИЕВКЕ АШЫҚ ХАТ

Сандаған ғасырлар бойы түрлі себептерге байланысты халық ішінен мүлдем жоғалып кеткен, пайдаланылудан қалған жетіген, шертер, үскірік, бұғышақ сазсырнай тәрізді көне музыкалық аспаптарды ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Болат Сарыбаев зерттеп, тауып, жаңғыртып халқымызға қайтарды. Әйгілі ғалым Рахманқұл Бердібаев пен көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев: «Жетіген мен шертерді қайта «тірілтіп» халқымызға қайтарғаны үшін ғана Сарыбаевқа ескерткіш орнату қажет», деп айтқаны да сол тұс болатын.  Қазақтың көне музыкалық аспаптарын оркестрлерге енгізу жөнінде алғаш рет жанайқаймен жазған адам да Болат Сарыбаев еді. Осы мақсатта Болат Сарыбаев Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрінің Бас дирижері Шамғон Қажығалиевке жолдаған ашық хаты ХХ ғасырдың 1979 жылы газет бетінде жарияланды. Бүгінгі таңдағы оркестрлерді де аспаптандыруда мазмұны мен маңызын жоймаған сол ашық хатты Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған жайымыз бар. Қолдарыңыз бос болса, уақыттарыңыр бар болса көңіл бөліп оқи отырарсыздар.

Болат Сарыбаев

Шамғон Қажығалиев

ОРКЕСТР ЖАЙЫН ОЙЛАСАҚ...

Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің

Бас дирижеры Шамғон Қажығалиевке

 

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Шамғон Сағадинұлы!

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең!

 - деп бір кезде Абай айтқандай, біздің халқымыз ежелден-ақ өлеңді, әнді, жалпы музыканы қатты қастерлеген ғой. Тіпті, жазу-сызуы болмаған сонау бағзы заманда өнер иелері шығарған ән-күй, жырлар ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа тарап, сол қалпында бізге жетіп отырғаны осының бір айғағы емес пе? Осындай әсем әндерді сүйемелдеген, немесе сөзбен айтып, тілмен жеткізіп болмайтын көңіл күйін өзінің алуан түрлі үнімен, ғажап сазымен ұқтырған музыкалық аспаптардың да сол ежелгі заманнан бері әнмен қатар өмір сүргені бұл күнде екінің біріне белгілі болып отыр.

Қазақ халқының аспапты музыкасында өзіне тән өзгеше музыкалық мәдениеті ертеде ақ қалыптасқан, ал ендігі міндет соны сақтай білу және со- ның негізінде қазіргі мәдениетімізді өркендте, тереңдете беру екенінде дау жоқ. Рас, соңғы жылдарда бұл салада өте көп іс тындырылды, әйткенмен барды қанағат етіп қарап отыруға болмайды. Өйткені, өмір ілгерілеп, алға басқан сайын жаңа проблемалар туары хақ деп білеміз.

Қадірлі Шамғон Сағадинұлы!

Қолымызға қалам алып, осы мақаланы жазудағы мақсат - Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің творчествосына байланысты бірқатар пікір алысу еді. Сұхбаттасу үшін газет бетін таңдау себебіміз - қазір бізде, өкінішке орай, пікір алысудың басқаша формасы болмай отыр. Соңғы жылдарда оркестрдің көрермендермен кездесуі өткізілмейді, талқылаулар ұйымдастырылмайды...

Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі халық музыкасын сақтау және насихаттау ісінде жемісті еңбек етіп келеді, оның бұдан былай да осы қарқыннан таймасына сенеміз. Ал енді оркестр болашақта қандай жолмен дамиды, орындаушылық өнерінде коллектив қандай жаңа дәстүрлерді игеретін болады, музыканттар қандай жаңа аспаптарды меңгермекші - міне, осындай және осы сияқты басқа да мәселелер қазіргі музыка мамандарын толғандырмай тұра алмайды.

Халық аспаптары оркестрінің қалай құрылғаны баршамызға белгілі. Оркестр дүниеге келген 1934 жылы халқымыз негізінен музыкалық аспаптардың төрт түрін қолданып жүрді. Олар - домбыра, қылқобыз, сыбызғы және дауылпаз. Оркестрдің жетекшісі Ахмет Жұбанов осы төртеуімен оркестр даусын түрлендірген болатын (контрабас, бас, тенор, альт, прима). Музыкалық ас- паптарды жетілдіру кезінде А. Жұбанов тембрдің және аспапта ойнаудың техникалық тәсілдері сақталуына ерекше назар аударды. Аспаптардың барлық негізгі түрлері: домбыра (тенор), қылқобыз (альт), сыбызғы және дауылпаз оркестрге сол тұста енгізілді. Ал бұл күнде музыкалық аспаптардың осы төрт түрінен тек домбыра-тенор мен домбыралар мен қо- быздардың оркестрлік түрлері сақталған. Қобыз тобында оның негізгі прототипі - қылқобыз және сыбызғы, дауылпаз атымен жоқ. Бұл - бір мәселе.

Елуінші жылдары осы оркестр симфониялық оркестрдің аспаптары -  литавра, бубень, флейта, кіші барабан, треугольник, ксилофондармен

толықтырылды, сондай-ақ бабян да енгізілді. Оркестр дәстүрлі күй репертуарын сақтап келеді. Ал бұл әртүрлі ондаған музыка аспаптары табылған қәзіргі жағдайда да өзгермей қалып отыр. Жаңадан табылған аспаптар бұл күнде жетілдіріліп, «Шертер», «Ғасырлар пернесі» сияқты қазіргі ансамбльдер мен оркестрлерде, сондай-ақ «Айгүл», «Дос- мұқасан», «Жетіген», т. б. вокальды-аспаптық ансамбльдерде ойдағыдай пайдаланылуда. Осы орайда, Шамғон Қажығалиев жолдас, өзіңіз басқарып отырған оркестрдің құрамы жөнінде ойлансақ қайтер еді. Құрманғазы атындағы оркестрге қазақтың музыкалық аспаптарын неғұрлым молырақ пайдалану ісін қолға алсаңыз қайтеді?— деп сауал қоймақпыз.

Оркестрдің негізгі дәстүрлі репертуары - домбыралық күйлер екені белгілі. Бұрауы «ре-соль» кіші октава домбыралардың жоғалмай сақталып келе жатқан орындаушылық ерекшеліктері мен өзіне тән үні осындай күйлерді тартуға мүмкіндік беріп отыр. Ал енді нақ осылайша қылқобыздың, шаңқобыздың, сыбызғының күйлерін орындау үшін ең әуелі оркестрде осы аспаптардың болуы шарт емес пе? Өйткені, бұл күйлерді прима, бас, кон- трабас сияқты домбыралармен қаншалықты шебер орындадым дегеніңізбен, бәрібір нәшіне келтіре алмайсыз. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.

Оркестрде қылқобыздың өзі жоқ болса да, бірнеше қылқобыздық күйдің орындалып жүргенін (мысалы, Ықыластың «Қоңыр», «Қазан», «Жезкиік» күйлері) қалай түсіндіруге болады? Бұл күйлер қылқобыздың өзімен орындалмағандықтан, өзіне тән тембрінен жұрдай болып, бұрмаланып келе- ді. Осы арада мынадай сұрақ тағы тілге оралады: арнайы домбыралар тобы болмаса, домбыралық күйлерді орындай алармысыз? Ал егер орындай алмайтын болсақ, онда оркестрдің құрамында қылқобыздар тобы жоқ бола тұра, қылқобыздық күйлерді орындап жүргеніміз қалай!

Қылқобызды сақтау, оны жетілдіру, әрі орындаушылық шеберлігін шыңдай түсу мақсатында 1968 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық асапаптары кафедрасы жанынан қылқобыз класы ашыған болатын. Оны бітіріп шыққан қылқобызшылардың бірі Қ. Әжімұратов оркестрге қызметке жіберілген еді. Ал сіз, бас дирижер ретінде, ешбір ойланбастан оның қолына домбыра-басты ұстатып қойдыңыз, яғни қылқобызшының мамандығын оп-оңай өзгерте салдыңыз. Халық аспаптары оркестрінде қылқобызды пайдаланғыңыз келмейтінін қалай түсіндіресіз? Сіз бұл аспаптың орнына төрт ішекті қобыз - альтті пайдаланып жүрсіз, ал онымен дәстүрлі репертуар - күйді орындау мүмкін емес. Өйткені, дұрыс жетілдірілмеуі себепті бұл аспап өзінің дыбыстау ерекшелігінен айрылған, тембрін жоғалтқан, сөйтіп күй орындауға қажетті қасиетінен жұрдай болған. Ал қыл- қобызда орындаушылық шеберлігін шыңдамайынша, бұл аспапты жетілдіруге әсте келмейтіні аян.

Музыка орындау формасын да бұл күйінше қалдырмай, түрлендіру қажет. Бұл тұрғыда Қ. Оразов атындағы қырғыздың халық аспаптары оркестрі жақсы өнеге көрсетіп отыр емес пе? Мысалы, осы оркестрдің жанынан өзгеше репертуары бар фольклорлық топ ұйымдастырылған. Оларда темір қомузшылар ансамблі, сондай-ақ комузшылар ансамблі жап-жақсы өнер көрсетуде. Нақ осылайша бізге де қазақтың халық аспаптары орқестрінде шаңқобызшылардан, саз-сырнайшылардан, сыбызғышылардан, қылқобызшылардан фольклорлық топ ұйымдастыруға болмас па екен? Бұған Сіз қалай қарайсыз?

Қазақтың музыкалық мәдениетінің бір ерекшелігінің өзі халқымыздың аса бай аспаптық жанр - күйді тудыруында. Ал күйді қазіргі заманғы эстрадада профессионал музыканттар неғұрлым толық игеруі, жете меңгеруі үшін арнайы оркестр ұйымдастыру қажет- ақ. Мұндай оркестрді, біздіңше, күй тартудың өзгеше дөстүрі - шертпе күй кең тараған аймақтан ұйымдастырған жөн. Ал бұл күй дәстүрі қазір Қазақстан жерінің көпшілік бөлігіне тарап отыр. Мұндай оркестрді күй орындаудың осы «шертпе» стилі айрықша дамыған Шымкентте, немесе Семейде ұйымдастыруға әбден болар еді. Ал осындай оркестірдің репертуарына: Тәттімбет, Байсерке, Ықылас, Байжігіт, Тоқа, Әбді, Раздық, Шерубай, Сүгір, Төлеген, Мағауия, Нұрғиса сияқты композиторлардың ондаған күйлерін енгізсе, қандай тамаша. Бұл оркестрдің аспаптык құрамы оның репертуарына сәйкес келуге тиіс, демек, оның Құрманғазы атындағы оркестрден едәуір айырмашылығы болуы қажет. Біз- діңше, жаңадан ұйымдастырылатын оркестрдің құрамына сол аймақта қолданылып келген аспаптар енгізілгені дұрыс, Мысалы, үш ішекті домбыра, шертер, жетіген, қылқобыз, сыбызғы, керней, үскірік, ұран ысқырауық, шаңқобыз, асатаяқ, тұяқтас, дабыл, шындауыл  және басқалары жоғарыда аталған облыстарда кездеседі.

Құрметті Шамғон Сағадинұлы!

Осындай оркестрдің репертуары мен құрамы жөнінде маман ретінде сіз не айтар едіңіз?

Біздің республикамызда музыка фабрикасы (Қарағанды облысының Осакаровка ауданында), музыка цехы («Алматы» мебель фирмасы жанында) шеберханалары бар. Оларда қазақтың музыкалық аспаптары жасалады. Алайда, олар жасап жүрген бұйым қазіргі өскелең мәдениетіміздің дәре- жесіне сай келмей отыр, жұртшылықтың және көркемөнерпаздар үйірмелерінің музыкалық аспапқа деген талап-тілегін тіпті қанағаттандыра алар емес. Қазақтың халық аспаптарының ондаған түрінен бар болғаны домбыра жасалады. Ал қылқобыз, сыбызғы, дауылпаз, шаңқобыз, шертер, асатаяқ, жетігендерді қайдан алмақшымыз? Сондай-ақ, ансамбльдің құрамы бойынша аспаптар комплекті, балаларға арналған музыка аспаптары да жасалмай отыр. Әрине, музыка аспаптарын көбейту мәселесін сіз бен біз шеше алмаймыэ. Дегенмен, халқымыздың музыка мәдениетінің бұдан былайғы дамуы, музыкалық аспаптарды көптеп шығарудың жай-күйімен тікелей байланысты болғандықтан, бұл мәселе біздің бәрімізді де толғандыруға тиісті.

Жоғарыда баяндалған мәселелердің дұрыс шешілуі басшы жолдастарға да, сондай ақ сіз бен біз секілді мамандардың бірлесіп күш жұмсауына да байланысты. Өзіміз көтеріп отырған проблема бойынша ресми түрде пікір алысу, үлкен міндеттерді шешуде мамандардың инициативасын арттыру қажет дер едік.

 

БОЛАТ САРЫБАЕВ

Өнертану ғылымының кандидаты

«Қазақ әдебиеті» газеті, 1979 жыл

999 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz