Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сенбі, 11.05.2024
Басты бет » 2016 » Наурыз » 28 » ӘКЕМНЕН ЖАСЫРҒАН ХАТ немесе ТАНЫМАЙТЫН ТАСТАНОВ ТАҒЛЫМЫ
16:07
ӘКЕМНЕН ЖАСЫРҒАН ХАТ немесе ТАНЫМАЙТЫН ТАСТАНОВ ТАҒЛЫМЫ

ӘКЕМНЕН  ЖАСЫРҒАН  ХАТ  немесе

ТАНЫМАЙТЫН ТАСТАНОВ ТАҒЛЫМЫ

 

Сурет салуға бала кезден бейіммін. Лениннің, Маркстың, Абай мен Ыбырай Алтынсаринның, Шоқан Уәлихановтың бейнелерін майлы бояумен салған суреттерім мектеп қабырғаларында ілінулі тұратын. Осылармен қоса қабырға газеттерінің де суреттерін мен саламын. Суретшілікпен қатар музыкаға да әуестігім бар еді. Қолыма домбыра алып мектеп клубының сахнасына шығып күй орындай алатын да мен болдым. Осындай өнеріммен мектебіміздің  маңдай алды үлгілі оқушысы, әрі суретші оқушысы, әрі домбырашы оқушысы атанғамын.  Қысқасы бүгінгі заман тілімен айтқанда мен Аягөз ауданына қарайтын (бүгіндері Үржар ауданына қарайды) Таскескен ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің сол кездегі «жұлдыз оқушысы» болдым.  Мектепті бітіретін 1964 жылы балалық арман жетегімен суретшіліктің немесе домбырашылықтың соңына түсуге бел буып,  оқуыға бармақ болып әкеммен ақылдастым.

- Балам, деді әкем. Мен болсам қартайдым, өзіңнен бес жас үлкен ағаң, институтта оқып жүр, апайларыңды бірінен соң бірін қияға қондырдым. Тұрмысқа шықты, ұзатылды. Шешең болса о дүниге аттанды. Енді маған не дерсің, Алланың жазуы осылай. Мен де, сен де енді жалғыз қалдық, жалғызбыз. Күн көруіміз керек қарағым. Ендігі жерде қолымыздағы азын-аулақ малымызға сенен басқа кім қарамақ. Соған ие бол қарағым. Ауылдан бір адым да аттатқызбаймын. Бармайсың. Ағаң оқуын бітіріп келмейінше, саған оқу деген жоқ, деп кесіп айтты.     

Мұндайда әкем екі рет сөйлемейтін. Сөйлей қалса тоқетерін кесіп айтатын тік мінезді адам еді. Айтты бітті орындалатын. Ал менікі арман жетегінде қанат қаққан балалық ынта ғой. Арман деген бой берместен жетелей  береді екен. Арман қуған толқыныспен әкемнен жасырып хат жаздым. Астанамыз Алматыға. Хат мазмұнында өнер жолына түсіп оқығым келетінін, әйткенімен тұрмыс жағдайына байланысты әкемнің жібермейтіндігін ашық айтып жазған болатынмын. Осындайда не істеуге болар еді, деп сұрақ та қойғанмын. Сөйтіп ауыл почтасы делінетін үйге барып Алматыдағы суретшілер училищесіне және консерваторияға екі бөлек хат жолдап жібердім. Ол кезде  алыстағы ауыл баласына әдіріс деген қайдан келсін. Хаттың «Куда» деген  жеріне, «Алматы. Суретшілер училищесі от ученика Шакаримова Жаркына», екінші хаттағы «Куда» деген жерге  «Алматы консерватория от ученика Шакаримова Жаркына» деп екі әдріске жолдадым да жібердім.

          Енді мына қызықты қараңыз. Ауылымызда бірде жаяу, бірде жирен атына мініп хат тасып жүретін Жұмагелді деген қария болушы еді, арада бір, екі апта өткенде сол кісі мені анадайдан балақайлап, тоқтатып, қолыма астанамыз Алматыдан менің атыма жолданған екі хатты ұстатты.

-Апырай, сен де жарап қалған екенсің ау, ә. Дәу де болса болашақ келін бала болып жүрмесін. Уақыт деген қандай өзі, тез өтеді, ә» деп, аузының әр жерінен көрінген бірді-екілі  мүжіліп, сарғайған тістерін  ақсита көрсете, жымыңдап күлегіштей сөйлеп хатты қолыма ұстатты. Қарияның ойы басқада, менің ойым басқада. Бойымды бірде қуаныш, бірде қорқыныш билеп екі хатты да қолымдағы қағаз, кітап, қаламсап, сиясауыт  салатын көнетоз сөмкеме сүңгіттім де жібердім.

Бұл әкемнен ұрланып жазған хатқа жауап қой, ұрланып жазсам да мынау өмір деген қызық дүниеге көз ашқалы бері, алғашқы талпынысым. Әкем көрмесе екен деймін. Балаша қуану  мен қорқу деген осы. Алматыдан келген хатты оқуға асығып келемін, үйге зытып келемін, қуанып келемін, ентігіп келемін. Аяғым да денеме көнбейді. Зытып келемін. Әкемнен қорқып келемін. Не хабар бар екен сөмкемде? Өз үйіме өзім зытып келемін. Не деп жазды екен олар? Тығып оқымақпын. Үйге жалтақтай кіріп оңашада хатты оқуға кірістім.

          Енді мына қызықты қараңыз.

Суретшілер училищесіндегілер менің жазған хатымды алғандығын және хатпен бірге жолдаған суреттерімді көріп жақсы баға беріп, училищеге келіп оқуға түсуіме болатындығымды айтып, тіпті шақыру қағазына дейін жіберіпті. «1964 жылдың 1 шілдесі күні болатын емтиханға шақырамыз» деп жазылған екен хатта. Бетім дызылдап, денем ду ете түсіті. Әкем көріп қоймасын деп, қоғамтану деген кітаптың арасына салып, өзімше тыққан болдым хатты. Қуаныш пен қызық, қорқыныш пен үрей билеген бойымды ұстап тұра алармын ба мұндайда. Ұрлық жасағандай дрілдеген қолыммен екінші хатты аштым. Консерваториядан келіпті. Ол хатқа жауапты Хабидулла Тастанов деген консерватория ұстазы жазыпты. Ол кісінің «Егер музыкалық училище бітіріп келсең консерватоияға түсіруге көмектесеміз» деген сөзі және әкем жайлы «Қайтесіз, ескінің ескерткіші ғой, ол кісі түсінер» деп жазған сөзі әсер еткені соншалықты мені жатпай-тұрмай арман қанатына одан сайын жетелеп әкетті.  Шыдамдылықтың да шегі бар емес пе, шындықты айтып жасырын екі хат жазғаным жөнінде және екі жерден де жауап келгені жөнінде әкеме оқып беруіме тура келген. Тастановтың жазған дұғай сәлемін дауыстап оқып бергем. Әкем аз кем ойланып отырда да, «Тастановтай ақылды адамның айтқанына көнбеуге болмас, қарағым бердім батамды. Тастанов айтқан жолмен жүре ғой енді», деп қолыма 30 рубль ақша ұстатып оқуға жіберді.

       Мені Таскескеннің ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналары және ауылдағы үлкенді-кішілі балалардың бәрі де  жақсы көретін. Неге десеңіз Таскескенде оқушылар күшімен ауыл театрын ашқамын. Режиссер де болғамын. Оның үстіне сол жылы Таскескен тауларындағы тарихи тас мүсіндер мен тастағы таңбалар жайлы жаңалық ашып, оқушылық көзбен зерттеп жазған де болатынмын. Ауылдың бала-шағалары мен кемпір-шалдары көшенің ортасына, тас жолға қара-құрым жиналып бәрі де, Жарқынымыз оқуға кетті десіп қол бұлғап шығарып салды. Қимастықпен жіберген қайран әкемнен алған 30 рубльді қалтаға салып алып алысқа оқуға кеттім. Бұйырғаны музыкалық жол болды. Қарағандының музыкалық училищесіне оқуға түстім. Арада екі-үш ай өтпей жатып әкем дүниеден өтті. Басқа түскен қиыншылықтан қиналды ау, қайран әкем, деп тебірендім әрине. Бірақ ол кісі мені ақ батасымен оқуға жіберді ғой. Адам бол деді емес пе!? Содан музыкалық училищені бітіріп Тастанов айтқан жолмен 1968 жылы консерваторияға келіп оқуға түстім. Сөйтіп бұрын танымайтын Тастановтың алдына келіп студент атандым.

Төменде, пенде баласына жақсылық ойлаған, ақылымен сәуле шашқан, қияндағы қайдағы бір танымайтын жеткіншектің адам болып кетуіне жөн сілтеген, жазған хатымен септігі тиген Хабидулла Тастановтың  осыдан 52 жыл бұрын жазған хатын ұсынып отырмын.

Суретте: Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Нағым Меңдіғалиев және шеткі көрінген Хабидулла Тастанов

8 май 1964 ж.

Қымбатты Жарқын!

Сіздің өтініш хатыңызды алдық. Әрине музыка сүйгеніңіз, күй шығарып талпынғаныңыз өте қуанышты. Күй деген, домбыра деген Қазақ халының талай ғасырдан достасып, мұңдасып келе жатқан рухани құралы ғой. Кәзіргі заманда да әйгілі күйші-домбырашыларымыз аз емес. Тіпті сонау Москваға, Берлинге, Парижге барып сый-құрметке ие болған домбырашы-қобызшыларымыз да аз емес. Демек Сіздің әуестенуіңіз дұрыс та ал әкеңіздің наразы болуы оғаштық, қайтесіз ескінің ескерткіші ғой ол кісі, түсінер. Егер ол кісі біздің консерваториядағы ондаған домбырашы қыз-жігіттерді көрсе, қуанар еді. Олар бақытты, сол домбырасы арқасында көрмеген елі, баспаған жері аз болар. Олар біздің заманымыздың білімді профессионал музыканттары. Олардан әрдайым үлгі алу керек.

Сіздің домбыраны сүйіп қоймай оркестр құруыңыз, ел құрметіне бөленуіңіз, күй шығаруыңыз біз үшін өте қуанышты. Талабыңызға нұр жаусын демекпіз. Ерінбеңіз, еңбек етіңіз!

     Ал оқу мәселесіне келсек біз халық музыка аспаптары факультетіне тек музыка училищесін бітірген, онжылдық білімі бар жастарды аламыз. Өйткені консерватория музыканың ең жоғарғы оқу орны, мұны Сіз білетін болуыңыз керек. Сондықтан бізге келіп оқуға түсуіңіз қиын болар. Жасыңыз нешеде екен біз біле алмадық. Егер шын оқығыңыз келсе музыка училищесіне түсу керек. Содан кейін ғана бізге келуіңізге болады, біз көмектесеміз. Қысқаша айтқанда жағдай осылай.

     Тағыда Сіздің сау-саламат болып, жұмысыңызға табысты болуыңызға, көңілді-жарқын ел азаматы болуыңызға шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

Сәлеммен ағаң Хабидулла ТАСТАНОВ

Қазақ ССР-ның Құрманғазы атындағы Мемлекеттік өнер институтының халық музыка аспаптары кафедрасының меңгерушісі

 

 

845 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz