Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Бейсенбі, 02.05.2024
Басты бет » 2019 » Наурыз » 6 » Таласбекті тану
18:50
Таласбекті тану

Таласбек Әсемқұлов екеуміздің таныстығымыз әріден басталды. Ол әңгіме былайша өрбіген еді.

ХХ ғасыр. 1969 жыл. Құрманғазы атындағы консерваторияның екінші курс студентімін. Жаз айларында әнші Жүсіпбек Елебековпен бірге ел аралаймын. Жамбыл, Алматы, Қарағанды облыстарында өнер көрсетіп,  одан әрі Семей жеріне жетіп Аягөз, Шұбартау аудандары жұртшылығына концерттер қоя бастадық. Айғыз деген ауылда, қойған концертімізден соң  екі адам сахнаға көтеріліп, Жүсекеңе рахмет айтты да, өздерін ауылдың үлкендері Кәрім Баймұратов және күйші Жүнісбай Стамбаев деп таныстырды.

– «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жасар қария сәлем береді» деген, ауылымызға келіп өнер көрсеткендеріңізге рахмет айта келдік, – деп, Жүсекеңе ризашылық білдірген екеуі үйлеріне шақырды, – Қой союлы, ет асулы, дастарқан жаюлы, дәм тата кетіңіздер.

Ел аралағанда жол-жөнекей өнерпаз көрсе, оны тыңдап, өнерін тамашаламай кетпейтін Жүсекеңнің әдеті еді.

 – Сыйлап шақырғандарыңызға рахмет! Үйлеріңізге баруын барармыз-ау, әйткенімен де, біріңіздікіне – бүгін, екіншіңіздің үйіңізге ертең баратын жағдайымыз болмай тұр, бізде уақыт тапшы, таң ата жол жүреміз,  сондықтан, келесі күнге қалдырмай дәл қазір әнші Кәрім бауырымдыкіне мен барайын, айтқан әнін тыңдайын, дастарқанынан дәм татайын, ал мына, күй десе жаны қалмайтын Жарқын бала Жүнісбай ақсақалдыкіне барсын, – деп көңіл жықпай келісім берді.

Жүсекеңмен бірге бес жыл бойы ел аралаған жас кезім. Ауыл-ауылды аралағанда өнерпаз көрсем, соны қызықтап, өнерін бағалау деген әдет менде де болған. Жүсекеңнен жұққан әдет. Ертеректе ел ішінен Мәдидің суретін тапқаным бар («Орталық Қазақстан» газеті, 1968, 15 наурыз). Ақтоғай ауданының «Қаратал» совхозында Аққыз күйшімен кездесіп, ол туралы да газет бетіне жазған едім. («Орталық Қазақстан» газеті, 1967 жыл, 24 қыркүйек). 1968 жылы жастық жалынымен Қарағанды жақтағы Осакаровка деген жерге өз бетіммен барып, жалғыздан жалғыз жүріп, ондағы домбыра жасайтын фабрика  домбыралары сапасының төмендеп кеткені жайында қатты сынаған мақала жазып, ел назарын аударғаным тағы бар. («Лениншіл жас» газеті, 1968 жыл, 18 мамыр). Қысқасы, ел кезе жүріп, өнер адамы туралы жазуға студент шағымнан ысылғанмын. Міне, енді, осы сапарда да Жүсекеңнің ризашылығымен Жүнісбай күйшінің үйіне түсіп, өнерін тамашалайтыныма ерекше қуандым.

Сонымен, сол күні кешкілікте Жүнісбай қарияның үйіне бардым.

– 78 жастамын, – деп бастаған Жүнісбай ақсақал әңгіме басын. Қойын кітапшамды қолыма алып айтқандарын жаза бастадым.

– Кәртең тарттым. Осы ауылда Ғазиз Нұрпейісов деген  домбырашы бар және іргелес жатқан Балқаш өңірінде Қызыл мойын Қуандық деген бір күйші бар. Қолына домбыра ұстаған ескі көздерден қалғанымыз осылар. – Ал, мен орындайтын күйлер сендерде жоқ. Сондықтан, тыңдап ал, қарағым, – деп қоңыр домбырасын қолына алды. Ақсақалдың осы айтқандарын да қойын кітапшама жаздым.

Енді, міне, 45 жыл өткен соң сол жазғандарымды қайталап оқысам,  Жүнісбай қария орындаған «Жұмағұл», «Қос көмей Терісқақпай», «Қособа» күйлерге ерекше мән беріппін. Бұл күйлерді ол кісінің орындауында алғаш естуім еді. Жүнісбай ақсақал жас кезінде Шұбартау өңіріндегі керей ішіндегі Бодау деген домбырашының жанында жүріп, сол кісіден үйренгендігін айтты. Әңгімеміз дастарқанға үлкен ас әкелініп, сойылған қойдың басынан дәм татып, ақ тілеу, бата берілген соң одан әрі жалғасты.

– Құрманғазы қасиетті күйші ғой, соның атындағы консерваторияда оқуда екенсің. Оның үстіне көрші отырған сыбаннан шыққан Ақтамберлі жырау, Ақтайлақ би, Дулат Бабатайұлы, Еспенбет батыр, Әріп Тәңірбергенов тәрізді ақындық пен батырлық дарыған елдің баласы көрінесің, өзіңе солардан жұққан-ау, сірә. Ұзағынан сүйіндірсін, – деп,  бата берді де, сөзін ұштай түсті, – саған  тапсырар  аманат бар.

– Айтыңыз, ақсақал, қолымнан келсе көрейін, – дедім.

– Мына бала, – деді, Жүнісбай қария манадан бері құлақ түріп, бұғыңқырап отырған ұялшаң балаға қарап. – Есімі – Таласбек. Менің  жұрағатымнан туған бала. Кіндігі кесілгеннен қолыма алып, бауырыма бастым, мәпеледім. Жасы 14-те. Әзірге 7-сыныпта оқиды. Пенде баласы болған соң тегіне тартпай тұрмайды ғой, кей сәттерде, мені «нағашы ата» деп қалатыны бар. Осы баламды оқуға, Алматыға өзіңе жіберейін деп отырмын. Алды-артын әлі пайымдай қоймаған бала ғой, алысқа кетсе, кім біледі не боларын? Осы жағы қатты ойландырады, қарағым. Көз қырыңды сала жүргейсің.

Манадан бері әлгі баланың шеткерірек отырғаны, арлы-берлі жүргені көз қиығыма ілінгені болмаса, онша мән бере қоймаған едім. Бет-жүзінде жігер бар, бозбалаға тән еркелік, әлдебір көңілділік пен іздемпаздықтың белгісі бар қара домалақ оқушы екен. Бітімі батылдықты, талпынысты танытқандай. Қария сөзінің соңын ала әлгі бала маған турасынан бір қарады да, жымиып, ұялған кейіпте бұғыңқырап басын сипады. Оның осы жымиысында өмірге деген құштарлық ұшқыны тұрғандай еді. Дала мәдениеті жайында әңгімелерді, әсіресе, Жүнісбай ақсақал айтқандарды бір бойына жиып алып, сол білімдарлық тәрбиені санасына тоқытқан, ақылы тұнған бала көрінді көзіме. Көз қарашығынан от ұшқындаған бала бітіміне қызыға қарап, оған енді ғана көңіл аудара бастадым.

– Мектеп қалай, сабақ қалай, қол боста немен айналысасың, балақай?, – дегенмін.

– Е, мектеп қайда барар дейсіз, алатыным – 4 пен 5. Мен одан да сізге атамнан үйренген күйлерден тартып берейін деп, Жүнісбай қарияның қолындағы домбыраны алып, құлақ күйін келтірді де, Байжігіт күйлерінен орындай бастады.

Ол кезде консерватория студенттері Құрманғазы, Тәттімбет, Түркеш, Сайдалы сары Тоқа, Дайрабай, Сүгір тәрізді күйшілер шығармашылығына ден қоятын. Ал, ауыл баласы Таласбек орындаған Байжігіт күйлерінің сарыны тіпті бөлек естіледі, неткен ғажап еді. «Қалайша белгісіз келген?» деймін ішімнен. Енді, міне, Жүнісбай қария мен Таласбек бала қазыналы күйлерді елге таратқалы тұрғаны мынау. Орындалған күйлерге құлақ түре терең ойға шомып кетсем керек, ойымды бала бөлді.

– Тыңдадыңыз ғой, Жарқын аға, қалай мектеп бітірген соң Алматыға, консерваторияға баруыма бола ма? – деген.

– Оқуға түсуге болады, әрине, – дедім. Бала сөзінің ыңғайы көз алдыма Аққыз Ахметова, Әбікен Хасенов, Әпике Әбенова, Төлеген Момбеков, Мұхамеджан Тілеуханов, Файзолла Үрмізов тәрізді халқымызға танымал күй орындаушыларды елестетті. Олар консерваторияда оқымай-ақ орындаушы ретінде халқымызға танылды. Балаға осы жайында дұрыс бағыт сілтеп, жөн-жосығын қалай түсіндірсем екен деген ой келді.

– «Барма» деп айта алмаймын. Консерватория музыкалық жоғары оқу орны саналады. Музыкалық білім алу қажет. Әйткенмен де, осының екінші бір жағы бар. Айтайын дегенім, талантты орындау­шы консерваторияда оқып  жүріп, нота белгілеріне жылдар бойы, басыбайлы ден қойған сәтте,  бойыңдағы үйреншікті күй орындау ерекшелік дәстүрінен алшақтап қалатын жағдайлар болады. Осыны ескерткім келеді.

– Бұл қалай болғаны, – деді Таласбек, – орындалатын күйлер – алшақтап кететіндей зат емес қой. Қалайша? – деді таңдана. Шындығында да, менің бұл айтқаным балаға мүлдем түсініксіз еді. Қарапайым ұғыммен түсіндірмек болдым.

– Консерваторияда күй үйретуді әр курста, әр айда, әр студентке бекітілген программа бойынша міндеттейді. Оның үстіне домбыраны фортепиа­номен қосып орындау жүктеледі. Соларды нақтылы нотамен үйретіп дағдыландырады. Осылайша жеке домбырашы болуға, ұстаздыққа баулиды.  Жоғары музыкалық білім алу үшін ол өте қажет, әрине, алайда, сол бағытта күн демей, түн демей дайындаламын деп жүріп, қаршадайыңнан дағдыланған домбырадағы орындаушылығыңа деген көзқарас бірте-бірте өзгереді, өзіңнен ақырын, ақырын алыстай бермексің. Тіпті, күнделікті жаңа сабаққа әзірленемін деп жүріп, уақыттың тапшылығынан бұрынғы орындағандарың ұмытылып та кетуі мүмкін. Сүйтіп жүргенде, мына қолыңдағы тұманың көзіндей мөлдір дәстүрлі шығармаларды орындау ерекшелігіңнен айырылып қаласың. Мен білсем, балақай, талантыңды осы бетіңмен өзіңше ұштай бергенің дұрыс. Менің тілімді алсаң, Жүнісбай қариядан алған тәліміңнің өзі бір консерватория – халқымыздың дәстүрлі мұрасы. Осы жолды жекелей өзіңдік ерекшеліктеріңмен жалғастырғайсың, – деп асықпай түсіндірдім.

Баланың аты, – бала ғой, сол отырғанда, әр күйді бастан-аяқ толығымен орындап шыққанымен, қол қағысында, саусақ шертісінде, күйдің өзіндік музыкалық белгілерін жеткізуде жетіспейтін жерлері бар екенін айтып, әлі де дамыта түсу керектігін, жүрекке жеткізе, бойды шымырлата, тебіренте орындау қажеттігін ескертіп, өнер жолына сәт сапар тіледім.

– Бұл балаға аң аулаудың тәсілін үйреттім. Керек десең темірден түйін түйеді, ағаштан ою ояды, сурет салатын өнері тағы бар. Ауылымыздың атын шығарып жүрген бесаспап бала осы Таласбек. Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Біржан сал мен Ақан серілердің жолын қуып еліне өнер көрсетсе екен деп армандаймын, – деді манадан бері үнсіз отырған Жүнісбай қарт. Өтінішін тағы айтты: – Ол үшін оқу керек. Әрине, оқу керек. Сондықтан да, астанамыз Алматыға барғанда қамқор болғайсың.

– Қолдан келгенше аянып қалу деген менде болмайды деп, ауыл абызы атанған Жүнісбай қария мен  Таласбек балаға рахмет айтып қоштастым. Таң ата Жүсекең айтқан уақытта жолға шығып, келесі бағыт – Абай ауданына қарай бет түзедік.

Содан бері талай жылдар жылжып ақты. Уақыт зымырады.

Арада төрт жыл өткенде, 1973 жылы Жүнісбай ақсақал дүниеден өтті.      Қария мәпелеп өсірген сүйкімді ұлы Таласбек 2014 жылы 59 жасқа жетіп, көз жұмды. Осылайша, екеуі де о дүниеге аттанды. Олардың халқымызға жасаған жақсылықтары ел есінде қалды. Ендігі әңгіме олардың өмірін айшықтай отырып, ұрпағымызға жеткізу болар. «Жақсы адамның жақсылығы,  жамағаттан танылады» деген сөз бар. Таласбек бауырым пәни дүниеден өткенде оның сан қырлы таланты туралы газет беттерінде жарыса жазылды. Әрине, пәни дүниеде достарын, сырластарын тапты, қатарлас серіктерін, тілектес, пікірлестерін таныды. Сондықтан да ол жайында жазу – әрбір адамның өз қалауы. Ал мен ше? Қарияның аялы тәрбиесімен қанаттанған, өнерге құштар он төрт жастағы баланың кіршіксіз мөлдір көзін алғаш  көргенде, өнер жолына алғаш бағыттап, жол сілтеген де мен едім ғой. Ол адам болды. Халқының қадірлісі атанды.

1969 жылы Таласбектің ауылында болғанымның дәлелін Таласбектің өзі «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында:

«Өнерпаздың үйіне өнерпаз келеді ғой, бала кезде үйіміз қонақтан арылмаушы еді. 60-жылдардың аяғына қарай Жүсекеңнің (Жүсіпбек Елебеков) бригадасы біздің ауылға келіп концерт қойды. Арасында жап-жас студент Жарқын Шәкәрім де бар. Біздің ауылда Кәрім Баймұратов деген керемет әнші болды. Жүсекең сол кісінің әнін тыңдап, үлкен баға берген еді.

Сондай-ақ, біздің ауылда жақсы домбырашылар да көп еді. Көрші ауыл, аудандардан да өнерпаздарқонаққа келіп тұратын. Осындай қайнаған өнердің ортасында өстім деп атап өтті.

1973 жылдың тамызы. Консерваторияны бітіріп, Мәдениет министрлігінің ұсынысымен Мәскеудің Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасының күйші-композитор Сейілхан Құсайынов басқаратын Алматыдағы бөлімшесіне аға редактор болып жұмысқа орналас­тым. Жұмыс орныма Таласбек келді. Осы келісінде екеуміз екі жұмысты қолға алып, екеуін де сәтті орындап шықтық.

Біріншісі: Таласбекті Асқар Сүлейменов пен алғаш рет  жүзбе-жүз, бетпе-бет таныстырдым.

Екіншісі: Таласбек екеуміздің тындырған екінші бір еңбегіміз – оның орындауында Байжігіт күйлерінің күйтабағын шығаруды жоспарлауымыз. Алайда, қызыл империяның қаһарлы үстемдігінде Байжігіт күйлерін шығармақ түгілі, феодалдық заман адамы ретінде оның есімін атауға да болмайтын уақыт еді. Мәскеудегі орталықтан ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Байжігіт туралы мәлімет қажет екендігі айтылды. Бұл кісінің Кенесарыға қатысы жоқ па екен деген сөздер жетті. Алайда, сол сәтте жазушы Мұхтар Мағауин табандылық танытып, күйтабақ шығаруды білімдарлығымен жолға қоя білді. Сол қиыншылықтан аман-есен алып шықты. Мәскеудің «Мелодия» фирмасындағыларға Мұхтар Мағауин Байжігіттің және Таласбектің қандай адамдар екенін дәлелдеп берді. Көп кешікпей Таласбек орындаған күйтабақты жарыққа шығардық. Сондағы Мұхтар Махауиннің орыс тілінде жазып: Мәскеудегілерге 1975 жылғы 23 қарашада жіберген хаты жеке архивімде сақтаулы тұр.

   Күйтабағының жарыққа шыққыны жөнінде Таласбек: «Түсіндіре кетейін, Жарқын Шәкәрімов «Мелодия»  фирмасының редакторы болып тұрғанда мені күйтабаққа жазып, менің өнерімді, Байжігіт пен Тәттімбет күйлерін насихаттауға кеңінен атсалысқан, қазақ музыкасының жанашыры,  сондай бір жақсы ағам еді» деп жазды. («Алтын орда» газеті, 21 желтоқсан, 2001 жыл)

1975 жылдың 1 қараша күні менің жүргізуіммен Таласбектің орындауында Байжігіт күйлерін алғаш рет Қазақ теледидары экраны арқылы халқымызға жеткіздік. Бұл хабарға М.Мағауинның өзі де қатысып, Таласбек орындаған күйлердің ретін және аңызын айтып отырды. Сондағы Мұхтар Мағауиннің өз қолымен алдын ала жазған лебізінің жазбасы, менің жеке архивімде сақталған:

Жарқын бауырым!

Мен хабардың жалпы сұлбасын былай шамалап отырмын. Алдымен Талас «Тоғыз тотыны» тартса. Содан соң өзің Таласты қысқаша таныстырарсың, күйдің Байжігіттікі екенін айтасың. Одан кейін Талас «Ерке атанның» бірінші бөлімін тартса. Ары қарай сөз кезегі маған келсе.

Байжігіттің мына күйлерін бергенді жөн көрдім: «Қайың сауған», «Азаттық» екі бөлімді, «Алмажай», «Көкбалақ», «Жұмағұл» бірінші тарауы, «Қособа», «Арман». Қысылыпқымтырылғандағысы осы болды. Менің сөзім ұзақтау болып кетті. Бәжеңнің аты көп алдында алғаш аталып отырғандықтан, әртүрлі деректерді келтіре отыра кеңінен айтпаса тағы болмайды. Дегенмен, мына сөздің жартысына жуығын қысқартатын шығармын. Тек әзірге бара берсін. Тағы да ақылдасармыз.

Мұхтар

І.ХІ.1975»

Осыдан соң Таласбек екеуміз оның ғұмырлық шығармашылық жолының дамуына ерекше себепкер болған, үшінші бір үлкен жұмысымызды іске асырдық. Атап айтқанда, 1980 жылы күз айында Шұбартауда жұмыссыз жүрген Таласбекті Алматыға шақырып, жұмысқа орналасуына қол ұшымды бердім. Бұған менің жаңадан құрылған Республикалық халық музыка аспаптары мұражайының директоры болып орналасуым себеп болды. Осылайша Таласбектің шығармашылығының шыңдалуына, өнер мен әдебиет дүниесіне еркін араласуына жол ашылды. «Жүнісбай күйшінің аманатын орындағаным да осы болды-ау» деген ой ұялады.

Таласбек: 1980 жылы  мен ҚазПИ-дің филология факультетін тәмамдадым. Жаз бойы елде болдым. Бірақ, ауылдан жұмыстың реті келмеді. Аудандық оқу бөліміне барғанымда онда отырған қызметкер әйел бүкіл аудан көлеміндегі мектептермен хабарласып, бір мұғалімдік орын тауып бере алмаған. Міне, осылайша, не істерге білмей әрі-сәрі күйде жүргенімде Алматыдан Жарқын ағам телефон шалды.

– Алматыға тез жет, – деген ағам сөзге келмей. – Алдымызда үлкен жұмыс тұр.  Екі күннен кейін Алматыға жеттім. Жәкең мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді. Алматыда жаңадан ұлт аспаптар музейі ашылғалы жатқан көрінеді. Музейдің қызметкерлерін кілең музыканттардан алады екен. – Өзбекәлі ағаға сен жайында айттым, – деді Жәкең. – Сені жұмысқа алуға келісіп отыр.  («Алматы ақшамы» газеті, 2013, қыркүйек)

Сонымен, Қазақ КСР мәдениет министрі Ж.Еркімбековтің 1980 жылғы 4 қыркүйектегі №556 бұйрығымен мені Республикалық халық музыка аспаптары музейінің директор етіп тағайындады. Мен болсам өз бұйрығыммен Таласбекті музей қызметкері ретінде жұмысқа қабылдадым. Жұмысымыздың алғашқы кезеңі жөнінде Таласбек: «1980 жылы күзде Болат  Сарыбаевтың  ықпалымен Алматыда музыкалық аспап мұражайы ашылды. Жарқын мұражайдың қаз басып тұрып кетуіне үлкен ықпал етті» деп жазды  («Алматы ақшамы» газеті, 2007 жыл, 12 маусым).

«Музейдің директоры және «Сазген» ансамблінің алғашқы көркемдік жетекшісі  Жарқын Шәкәрімовтың еңбегінің арқасында көктемге қарай ансамбльдің репертуары шыңдалып, дайын болып шықты. Репертуар негізінен архаикалық күйлерден, ескі халық әндерінен қалыптасты» деп атап өтті Таласбек жазған тағы бір мақаласында («Алтын орда» газеті,  21 желтоқсан, 2001 жыл).

Таласбектің «музыка аспаптары мұражайы Болат Сарыбаевтың ықпалымен ашылды» деп жазуында үлкен мән бар. Неге десеңіз, музейдің ашылу идеясы – Болат Сарыбаевтыкі. Бұл туралы Ө.Жәнібеков нақтылай жазды (Өзбекәлі Жәнібеков, «Тағдыр тағылымы», Алматы, «Рауан» баспасы, 1996 жыл, 103 бет). 1980 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Қазақ КСР мәдениет министрінің орынбасары бола жүріп, Болат Сарыбаевтың музей ашу идеясын құптады әрі іске асырды. Оны ашу қарсаңында күн демей, түн демей музей қызметкерлерін жұмысқа жұмылдырды. Ол Болат Сарыбаев зерттеп жаңғыртқан жетіген, шертер, саз сырнай, үскірік, үш ішекті домбыра тәрізді музыкалық аспаптар үніне сүйіспеншілікпен қарап, Болат Сарыбаев 1968 жылы құрылған «Отырар саз» фольклорлық ансамблі тәрізді «Сазген» ансамблін ұйымдастыруды талап етті. Шындығын айтқанда, Б.Сарыбаев идеясымен Қазақ КСР мәдениет министрі Жексембек Еркімбековтің қолдауымен, министрдің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің маған жеке берген тапсырмасымен 1981 жылы музей жанынан, музей қызметкерлерінің күшімен «Сазген» ансамблі дүниеге келді.

«Сазген» ансамблінің алғашқы концерттерінің бірі жөнінде «Вечерняя Алма-Ата» газетінде: «Среди столичных концертно-театральных  рекламных афиш  появилась новая – ансамбль «Сазген». Она пригласила на днях в «Казахконцерт» всех любителей старинных казахских  мелодий, древних народных кюев, песен и танцев. Новый музыкальный коллектив представляет художественный руководитель ансамбля, директор Республиканского музея народных музыкальных инструментов Ж.Шакаримов деп жаза келе, а наш Таласбек Асемкулов, например, истинный талант – он знает и прекрасно исполняет более тридцати кюев» деп Таласбекті де атап өткен. (В.Марченко. Нежные струны «Сазгена». Газета  «Вечерняя Алма-Ата», 18 сентября 1981 года.)

Көп кешікпей музейге уазик деген машина бөлінді. Жұмысымыздың басын сол машинамен жүріп Алматыдағы И.Байзақов көшесіндегі Мәдениет министрлігінің жатақханасындағы бір бөлмеге Таласбектің жеке куәлігін (паспортын) тіркетуден бастадық. Одан соң Байжігіт күйлерін орындатып, Таласбекті алғаш рет Алматының концерт сахнасына шығарғаным да есімде қалыпты. Бұл жөнінде Таласбек «Алаш айнасы» газетіне берген «Қазіргі күйшілерде қала сарыны сезіледі» деген сұхбатында: «Мені сахнаға алғаш шығарған ағаларым – Рахманқұл Бердібаев пен Жарқын Шәкәрім еді. Әуезовмұражайында халық университеті жұмыс істеді. Екі апта сайын онда өнерпаздар бас қосатын. Небір мықтылар өнер жолын сол жерден бастады. Мен тұңғыш рет сахнаға сонда шықтым» деді.

1980 жылы музей қызметіне жұмысқа алынғаннан бастап Таласбектің айналасына көзқарасы, өмірге құштарлығы арта түсті. Пенде баласының жаратылысына, тағдырына қызығушылық танытып, өмірге аса бір сүйіспеншілікпен қарады. Музейдегі үш жүзден астам музыкалық аспаптардың әрқайсысының тарихи дамуына көз жүгірте отырып, соны жалпы қазақ музыка мәдениетінің дамуы­мен байланыстырды. Түркі дүниесінің, шетелдің музыкалық аспаптарын пәлсапалық тілмен саралады. Айналып келгенде, қазақтың кеңпейіл дүниесімен жан сарайы ашылды. Ол өркениетке өзіндік шолу жасады.

Бір ғана мысал: үстіміздегі ғасырдың басында төрткүл дүниені таң-тамаша еткен Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» төрт томдық еңбегін талқылау барысында Таласбектің айтқан сөздері, баяндамалары, жазған мақалалары жалпы қазақ баласын таңдандырды. (Т.Асемкулов, З.Наурызбаева. Мифологический образ змей/дракона: драма человеческой предыстории. Альманах «Рух-мирас», №2-3, 66 стр. 2006 г.) Серікболдың терең талдауларын жете түсіну үшін Таласбек тәрізді ойшыл азамат керек екен десті жұртшылық. Байқап отырсам, жүз жылда бір туатын адамның бірі – Таласбек. Зира келініміз: «Таласбек – жалғыз өмір сүріп, жалғыздықта қайғырып үйренген жан» деп дұрыс айтты. Оның балауса балғын кезінен оның айналасынан  Жүнісбай ақсақалдан, кейін Зира келіннен басқа жанашыр жанды көрмедік. Ол шынында да жалғыздыққа үйренген еді. Кей сәттерде жалғыз отырып ойланғанды ұнататын.

Жүнісбай ақсақалдың тәрбиесі оны арман қанатында аспандап асқақ ұшуына жетеледі. Сол үрдісте адалдықтың, ақылдылықтың, парасаттылықтың жолына түсті.

Таласбек бозбала кезінен бастап маған үйірсек болды.

14 жасында айтқан бір ауыз сөзімді жерге тастамай өмірлік азығы етіп алғаны  әрқашан қуаныш сезімін ұялататын. «И все-таки соблазн был велик. Я посоветовался со своим старшим братом Жаркыном Шакаримом, который сам закончил консерваторию. Он сказал мне: «Не ходи, Талас… Ты потеряешь свое искусство, потеряешь самого себя. Тебя превратят в  музыкального робота». Позднее, работая в консерватории, я много раз наблюдал, как это делали с уже вполне сформировавшимися студентами-домбристами, особенно с Мангышлака. Многих сломали, некоторые бросили учебу» деп жазды Таласбек (Жанибек Сулеев, Таласбек Асемкулов. «Мәңгілік сарын» – «Музыка вечности». Беседа. Альманах «Рух-мирас», №2-3, 171 стр. 2006 г.) Бұл, әрине, қасиетті консерваторияны сынау деген сөз емес, керісінше, дәстүрлі орындаушының сол дәстүрді сақтаудағы  жауапкершілігіне айтылған сын. Неге десеңіз, Таласбектің әдеби жетістігін былай қойғанда, күйшілігі мен орындаушылығының өзі жеке-дара мектеп екендігін, сол арқылы Байжігіт пен Тәттімбет күйлерін кіршіксіз таза қалпында халыққа жеткізгенін көріп отырмыз. Ол ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен, тұнған өнерімен Байжігіт күйлерінің орындаушылық мектебін қалыптастырды.

Соңғы бір жолыққанымызда Таласбек:

 – Жарқын аға, менің бағыма қарай, 14 жасымда Сіз маған келдіңіз, ақыл айттыңыз, кеңес бердіңіз. Жүнісбай атаммен сырластыңыз. 17 жасымда мен Сізді іздеп бардым.  Асқар Сүлейменовпен таныстырдыңыз. Бұл өмірде көп жақсылықтарды бірге қызықтадық. Бір-бірімізді сыйлау, құрметтеу деген нәрсе, осындай  ізгілікті бастауларымыздан нәр алған болар. Әрдайым ойымда жүретін  ағатайым – Сізсіз, – дегені бар.

Қайда жүрсем де, осы сөзі әрдайым алдымнан шығады. Иә, мен Таласбектің ағасы едім.

Ал біздер – Таласбектің көзін көргендер, жанына ергендер, серіктес болғандар, жол-жөнекей әр белесте кезіккендер қол бұлғасып, одан көз жазып қалдық. Иә, Таласбек өмірінің алғашқы белесі Жарқын ағасымен бірге өтті. Келесі белестерінде, соңғы белестерінде кімдермен болды? Олар не дер екен? Ол туралы жазу – әркімнің өз қалауы. Ол туралы жазу дегеніміз –Таласбекті тану соқпағы. Адамның кім екені өткен өмір жолы арқылы танылады. Өмір дегеніміз – жылдардан, кезектескен белестерден тұратын өткінші дүние.  Таласбек өзіне бұйырған өмір белестерінен  аман-есен өтті де,  Алла берген мерзімінде, о дүниеге аттанды…

Жарқын ШӘКӘРІМ

 

Дереккөз: http://www.astana-akshamy.kz/talasbekti-tanu/

270 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz