Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Дүйсенбі, 29.04.2024
Басты бет » 2016 » Қыркүйек » 8 » ӘУЛИЕТАС НЕГЕ ҚИРАДЫ?
19:24
ӘУЛИЕТАС НЕГЕ ҚИРАДЫ?

 

Сенесіздер ме сенбейсіздер ме, менің туған ауылымда 40 жылдан бері құрылысы бітпей жатқан бір су қоймасы бар. Әлі күнге бітпей жатыр. Су қоймасын салу, елдің әл ауқатын жақсарту үшін жақсы ғой әрине. Әйткенімен өткен ғасырдың 1975-76 жылдары, Кеңестік кезеңде осы су қоймасының құрылысын бастаймыз деген желеумен, белгіленген жерлерді минамен қопарып жарғанда,  осы жерді мекендеген ежелгі, көне адамдардың қолымен жасалынған, бүгінгі ұрпаққа жеткен тарихи,мәдени, көне мұраларымыздан айырылып қалған жайымыз бар. Одан бері 40 жыл өтсе де адам қолымен жасалған қиянат дүниені ұмыта алмаспын.  Осыдан 40 жыл бұрынғы көргендерімді жоқтап, бұрынырақта жазған «Әулиетас неге қирады?» деген "Қазақ әдебиеті" газетіне жазған бір мақалам бар еді. Маңызын жоймаған мақала болғандықтан қолдарыңыз бос болса оқи отырарсыздар. 

Жарқын ШӘКӘРІМ

ӘУЛИЕТАС НЕГЕ ҚИРАДЫ?

   Поляк саяхатшысы А.Янушкевич 1848 жылдың 15 маусым күнгі күнделігінде Тарбағатай мен Алатау ортасындағы Қарақол өзеніне жетіп, тыныққанын жазады. Қарақол өзенінің суы Тарбағатайдыкі. Сіңетін жері Жетісу. Жер-Ананың осынысында да бір заңдылық бар. Осыны Ресей ғалымдары түсінген. Империяның 1895 жылғы шекаралық картасында (БСЭ, 1955, т.38, стр.483) Қарақол өзенінің бастауынан аяққы сағасына дейінгі ағысы түгелімен дерлік Жетісудың ішінде, Жетісудың жері ретінде енгізілген. Өзен бойындағы Таскескен тәрізді мекен жай тұрғындарын жетісулықтар деп санаған. Ол, әрине Ресейліктердің көзқарасы.

Осы Таскескенде жартылай құрып біткен, ендігісіне жойылу хаупі төнген жанайқайға салатын аса құнды тарих-мәдениет мұралары бар.

Мұра болғанда академик Әлкей Марғұлан зерттеген Ақсу-Аюлы, Бегазы, Дәндібай ауылдарынан табылған қола дәуірінің көне архитектура құрылыстары тәрізді Таскескендегінің де ғылымға қосар үлесі бар өзіндік кешен екені анықталған.

Таскескен тастарындағы петроглифтік таңбалар неолит дәуірінде қалыптасқан, ал «Мықтың үйлері» делінетін үйілген обалар қатарын сақ тайпаларының қолынан шыққан деуге негіз бар. Осы ойларымызды өрбіту мақсатында Таскескендегі көне дүние мұраларының үш үлгісіне ғана тоқтауды жөн көрдік.

Әуелгісі аумағы 15 шақырымдық айналада тасқа қашалған жүздеген петроглифтік және пикторграфиялық таңбалы суреттер тобы. Ол, әсіресе, Таскескеннің Жақсы жартас, Жаман жартас, сондай ақ Үшбұлақ бағытындағы Орта көң, Ауыз көң, Қараңғы сай шатқалдарында кездеседі. Суреттерде адам мен таутеке, қой, сиыр, түйе тәрізді мал, жануарлардың таңбалары молынан ұшырасады. Мына сайда мал бағуға болады, мына тұста аңдар кездеседі, мына тұста өзеннің құлама сарқырамасы бар дегендей адам қолын меңзеткен сілтеме көрсеткен пиктографиялық таңбалар да аз емес. Тасты таңбалаушылар адамның басын, мойнын, қол-аяқ буындарын дәлме дәл бедерлеп, сол заманның көрінісін бейнелеген. Тасқа қашаған таңбаларымыз мыңдаған жылдардан кейінгі адамзат ұрпағына жетеді деп түсінген. Бұл таңбалар біздің заманымыздан  ІV-ІІІ мың жыл бұрынғы неолит делінетін дәуірге жетелейді. Таскескен жерінде мекендеген көне заман адамдарының бізге жеткен таңбалары үлгісі міне осындай.

Ортакөң шатқалындағы таңбалы тас.

Жарқын Шәкәрім. Таскескен альбомынан. Қарындашпен салған суреті.

1969 жылдың 27 маусым күні "Лениншіл жас" газетінде жарияланған 

Ортакөң шатқалындағы таңбалы тас.

Жарқын Шәкәрім. Таскескен альбомынан. Қарындашпен салған суреті.

1969 жылдың 27 маусым күні "Лениншіл жас" газетінде жарияланған. 

Бұл өңірдің  қатал қысы, ыстық жазы, өңменнен өтер күз желі, табиғат заңдылығына сай таңбалы тастардың құрып кетуіне себеп болуда. Тастар күнге тотыққан, желге мүжілген, жауынға шайылған, қына жапқан таңбалар күңгірттенген, көбі көрінбеуге айналған. Осыдан екі жүз шақырымдағы Семей полигонының сандаған жылдар бойғы жер асты ядролық сынақтарының алпауыт дүмпуі күшінен алып құз-жартастар солқылдаған, тастар шатынаған, сынғандары ылдиға домалаған, солармен бірге таңбалы тастардың көбі қираған. Жоғалу қаупі төнген.

Таскескендегі тарих-мәдениет мұраларының екінші бір мол қоры «Мықтың үйлері» мен балбал тас-мүсіндер. Киіз үйдің көрінісін беретін мықтың үйлері делінетін тас обалар төрт қатардан тұрады. Әр қатарда арасы 10-15 метрден жүзге тарта үйілген тас обалар көз тартушы еді. Сақ даласын көрген грек саяхатшысы Страбонның «Таудың тұрғын халықтары өздерінің тұруына арнап киіз үйлері сияқты дөңгелек формалы тас үйлер де тұрғызады», деп жазғаны Таскескендегі дөңгелек формалы тас үйінділерін де еске түсіреді. Жергілкті тұрғындар мұны көне түрік тілінде «мық» деген атаумен байланыстырып «Мықтың үйлері» дейді. Алдында айтқанымыздай әр төрт қатардың бір сызықпен сызылғандай күнбатыс шетінде төрт балбал тас тұратын. Олар әр қатардың өз қолбасшысындай, кең даланың сақшысындай еді. Балбал тасқа бедерленген адамның қолында қанжар, енді бірінде тостаған тәрізді белгі болатын.

Таскескендегі бұл көне архитектуралық мұралар кешенін Қыпшақ дәуірі мен Түрік қағанатынан да әрі Сақ тайпаларынан қалған тарихи мұра деуге келеді. Жетпісінші жылдарда осы маңдағы жарқабақтан эксковатор қауғасына ілінген екі метрлік адам сүйегі және ішінде қарайған дәндер, тері қоқымдары салынған қыш құмыралардың табылуы бұл жердің адам қонысы болғанын аңғартады.  Екіншіден, арасы 700 шақырым жерде қатарлас жатқан Есіктегі Сақ қорғанымен тарихи байланыстыру ойымызды және болашақ теориялық зерттеу қажеттілігін жоққа шығармаймыз.

Мықтың үйлері мен балбал тастардың елуінші-алпысыншы жылдардағы келбеті міне осындай еді. Ал енді бұл мұралар кәзіргі таңда не күйде дейсіздер ғой. Бұл күнде бұлардың бір де біреуі орнында жоқ. Елуінші жылдарда, Кеңес заманында  «Импорттың малын айдау» деген бір мал көші болды. Монғолдың, Қытайдың, Кеңестің ет комбинатына айдаған ары өткен, бері өткен қырыуар малы дәл осы өтуге қолайлы жерлермен айдалып, бұл ескерткіштер мал тұяғының астында қалды. Кейбір шөп шабушылар мүсін тастарды трактормен сүйретіп әкеткендері де болды. Кейбір жергілікті тұрғындардың мүсін тастарды үй іргетасын қалауға пайдаланғанын да естідік.

 Әрине тарих-мәдениет ескерткіштеріне байланысты осындай бір немқұрайлылықтың болатынын алдын ала сезіп, алдын ала олардың орнын, жерін қағаз бетіне түсіріп, сызып үлгергенбіз.

 Ал балбал тас мүсіндер тағдыры тіпті, қынжыларлық. Таскескендегі бес балбал тастың біреуі ғана сақталып қалған, төртеуі ұшты-күйлі жоғалған.

Бұл көрініс осы маңдағы 90 шақырымдық жерде орналасқан Қозы -Көрпеш- Баян сұлу кешені жанындағы төрт тас мүсіннің жоғалғанын еске түсіреді.

Олардың екеуі өткен ғасырда Алманияға әкетілгені анықталды. Ал көз алдымызда жоғалған Таскескен балбал мүсін тасын орнынан қозғап, тонаған қай бейбақ десеңізші! Әрине түн жамылғысында трактормен, темір троспен сүйреген. Қытай асырды ма, Ресейде ме, әлде бір үйдің іргетасы болып қаланда ма?

Мәдени мұрамызға деген жауапсыздық деген міне осы.

Осы орайда Таскескендегі көне тарих-мәдениет мұраларының өткен ғасырда адам қолымен құртылғандығы жөніндегі бір фактыны айтпай кетуге болмайды.     Енді осы жөнінде қысқаша да болса баяндай кетейін.

Бұл 1976 жыл еді. Геология, археология ғылымында аэрокарта деген болады. Таскескеннің дәл үстінен құс ұшар биіктен фотосуретке түсіріп көріңізші. Ауыл түбіндегі Қаракезең делінетін сайды бойлай Қарақол өзені ағысына қарсы жоғарылай 7-8 шақырымдай аумақта адам қолынан жапа шегіп жұлмаланған өзен жиегін, бейне бір жарылғаш бомба түскендей азан-қазақ шұңқырларды, опыр-топыр үйінділерді көріп түңілер едіңіз. Жасыл желек жамылған, тал-шілігі майысқан, жабайы алмасы, долана, бүлдіргені, гүл бәйшешегі мол, шөбі шүйгін құт еді бұл жер. Бәрін айт та бірін айт, асқар шыңына бүркіт ұялайтын биік тау жарқабағының Қарақол өзеніне жиектейтін жамбасында Әулиетас деген үңгір болғанын мына көз көрген.   Үңгірдің ішкі қабырғасында таутеке суреттері, түпкі іргеде көне дүние адамының тынығатын тас төсек таянышы, от жағатын орны болушы еді.

Таскескен ауылы. Қаракезең сайындағы "Әулиетас" үңгірі. Жарқын Шәкәрімнің қарындашпен салған суреті. 1969 жыл.

Әулиетасқа келгендер үңгір аузындағы долана ағашына шүберек байлайтын, ішіндегі қол жетер жағалай сызылған кертікке тиын қалдыратын. Жаратқан иеге табынып түнейтін. Мөлдір тұмалы су көзі де ішінде еді. Келгендер шипалы деп, сусындап, ауру, қайғысынан айығатын.

Әулиетас үңгірінің ішкі көрінісі алғашқы қауым адамдары қонысы болғанын аңғартатын. Бұл қола дәуірден де ары, біздің заманымызға дейінгі, басында айтқанымыздай неолит деген дәуірге сай келеді. Содан біргі әр дәуір адамдарына қоныс-пана болған бұл үңгір қасиетті орынға, айналған.

Енді, міне, аэрофотосуреттен қараңыз, Әулиетас үңгірінің орны да шұңқыр апанына, өлік дүниеге айналғанын көрер едіңіз. Осы орайда «Бұл өзі қалай болды екен?» деп сұрақ қоярсыз. Енді осы әңгімеге көшейін.

ХХ ғасыр. 1975 жылдың маусым айында «Вечерняя Алма-ата» газетінде «Таскескенское море» деген шағын мақала жарияланды. Онда Алматы жанындағы Қапшағай су қоймасы тәрізді Таскескенннен 10-15 шақырым өрлей Қарақол өзені байланып, Таскескен су қоймасы салынатыны, осы «игі» жұмыстарды Қазақ ССР су шаруашылығы министрлігі қолға алғаны жөнінде жар салған жаңалық айтылған. Мен болсам, осыған орай құрылыс басталмай тұрып болашақ Таскескен су қоймасының түбінде қалатын Әулиетасты құтқару керектігін жанайқаймен («Вечерняя Алма-Ата, 1976, 24 маусым) жаздым.

Амал не, оған құлақ асқан ешкім болмады. Сол жылдың күзінде Таскескеннен суыт хабар жетті. Су қоймасының жұмысы басталып, Әулиетас үңгірін және сол өңірдегі Қарақол өзенінің жиегіндегі көне дүниеден жеткен таңбалы тастарды динамитпен, мина қопарғыштарымен  күл-талқан етіп  талқандап тастапты. Апандар мен шұңқырлар солардан қалған із.

Сонымен табиғаттың таңғажайып көрінісі, ежелгі адамзат мәдениетінің көне дүние өркениетіндегі дамуының бір көрінісі Әулиетас үңгірі қиратылды.

Су қоймасының жұмыстары аяқсыз қалды. Қыруар ақша желге ұшты. Сол тұста орталығы Таскескен болып жаңа Таскескен ауданы бой көтереген еді. Ол да ұзаққа бармады. Аудан тарқап кетті. Сол жылдарда Таскескен жұртының тұрмысы ауырлады. Көптеген отбасы қалаға көшті. Қаракезең сайы енді шын мәнінде сұрықсыз қара кезеңге айналды. Сол бір жылдарда Таскескенде 125 шамалы үй өртке оранды. Әр үйдің үйілген шөбі, қамысы, ағашы лап етіп маздап жанып әп сәтте күлге айналалғаны да шындық.  

Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңның 38-бабында «Қозғалмайтын тарих және мәдени ескерткіштерін бұзуға, орнынан ауыстыруға, өзгертуге тиым салынады» -деп тайға таңба басқандай жазылған.  Осы заң Таскескенге жете ме, жетпес пе?

Әулиетасым, таңбалым, Таскескенім, балбалым – көнеден жеткен күмбезім ең, атадан жеткен асылым ең. Кең дүниеге сыймадың.

Гуілдерсің, күйінерсің, зарланарсың, күрсінерсің, бір сәт тыныстарсың. Орнында бары оңалар еді, орнында жоғы не болар енді. Орны толмас өкініш. Кеше гөр! Кеше гөр! Айбаттым – Ұлы Далам!  

Жарқын ШӘКӘРІМ

"Қазақ әдебиеті" газеті, 2000 жыл, №13

 

921 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz