Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сейсенбі, 14.05.2024
Басты бет » 2016 » Желтоқсан » 3 » ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ: «ЖАС ҚАЗАҚТЫҢ» ТУУЫ
01:44
ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ: «ЖАС ҚАЗАҚТЫҢ» ТУУЫ

"Жас қазақ" әнінің қалай шыққаны жайлы Жүсіпбек Елебеков газет бетіне өз қолымен мақала жазып қалдырған.

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ:

«ЖАС ҚАЗАҚТЫҢ» ТУУЫ

Бүл оқиға 1943 жылдың ерте көктемінде Калинин майданында болды. 1942 жылдың октябрінде Алматыдан майдандағы жауынгерлер алдында концерт беру үшін бір топ өнер және мәдениет қайраткерлері шықан едік. Басшымыз — белгілі жазушы Ғабиден Мустафин. Ортамызда бәрімізден жасы үлкен ағамыз, халық артисі. Елубай Өмірзақов бар. Алты айға жуық майданның алдыңғы шебінде болып, жүздеген рет ашық аспан асты мен қаракөленке  блиндаждарда, орман алаңқайларында концерттер бердік. Осы сапарда даңқты сегізінші панфиловшылар дивизиясында болып, сондағы ән би ансамблімен қосылып көптеген концерттерді бірге өткіздік. Рамазан Елебаев осы ән-би ансамбльдің музыкалық жағын басқарады екен. Екеуміз соғысқа дейін де театр мен филармонияда бірге істеген тату, жақын дос едік, шүрқырай көрістік. Сегізінші дивизияның полктары мен батальондарында, бөлімшелерінде көрсеткен ойын-сауықтарымызда бізбен бірге болды. Кейін біз майдан мен армияның басқа бөлімдерін аралап кеткенімізде ол өз дивизиясында қалып қойды. Содан 1943 жылы март айының басында елге кететін болып жиналдык. Бір күні Старое Руссо түбінде жауынгерлерге соңғы рет концерт беріп, олармен қоштасып, енді машинаға мінгелі жатыр едік, үстінде ақ халаты, мойнында автоматы, аяғында шаңғысы қара терге түскен Рамазан келіп түр. Келе мені құшактай алып: «Үлгердім-ау әйтеуір, көре алмай қалам ба деп қатты қорқып едім» деді. Сөйтті де «сенде шаруам бар, әдейі іздеп келдім» деп, мені жерден қазып жасаған жер үйге қарай жетелей жөнелді. Екеуміз төменге түскен соң әңгімесін айтты. Онысы «Жас қабір» деген өзі шығарған ән жөнінде екен. Ән Төлеген Тоқтаровтың ерлігі мен өліміне арналыпты. Сегізінші дивизияда болғанымызда Төлегеннің жүзден аса жаумен жалғыз өзі жағаласқан ғажап ерлігі туралы талай естігенбіз. Сол туралы Рамазан ән шығарыпты. Соны реті келсе елге қайтар қарсаңда маған үйретіп жібермек болыпты.

Содан сол жерде отырып Рамазанға әнді қайта-қайта айтқызып, үйреніп алдым. Өзім де бірнеше рет айтып көрдім. Сөзін де жазып алдым, бірақ өлеңі онша үнамады. Өйткені, Рамазан композитор болғанымен, ақын емес қой.

Сонымен, майдандағы жауынгерлермен қайыр-хош айтысып, елге қайттық. Жол үстінде әннің өлеңін қайта жазып бер деп Ғабиденге қолқа салдық. Ол «мен ақын емеспін ғой, елге жеткен соң ақындардың біріне жаздырып аларсың» деп қашқалақтады. Бірақ, Елағаң екеуміз қояр да коймай жүріп оған жаңа өлең жаздырдық та, атын «Жас қазақ» деп өзгерттік.

Сол 1943 жылдың алтыншы ноябрінде опера театрында мерекелік концерт болып жатты. Өз кезегімді күтіп сахна сыртында тұр едім, майдандағы сапарда бірге болған жас биші маған келіп: «Рамазан қайтыс болыпты» деп есіттіргені. Қолымдағы домбырам түсіп кете жаздады. Көз алдым түманданып, сахнаға жөней бердім. Бойымды белгісіз бір күш кернеп алып бара жатқандай, кек пе, өшпенділік пе, әлде еселенген қайрат па, білмеймін. Әйтеуір «Жас қазақты» тап сол күнгідей ешуақытта да әуелете, шырқата, селдете айтпаған шығармын.

Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВ

Қазақ ССР-нің Халық артисі

«Қазақ әдебиеті» газеті, 1975 жыл, 9 май

 

 

925 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
omForm">
avatar
Хостинг от uCoz